spot_img
20 C
Алматы
Басты бетӘлемдеӨЗIМIЗДIҢ ƏБЕН

ӨЗIМIЗДIҢ ƏБЕН

СӨЗ БАСЫ: КЕЛТЕ ӨМIРДЕ КЕМШIЛIКТЕР АЗ БОЛСЫН ДЕП…

Мына жарық дүниеге келген əр пенде алдына əр түрлі мақсат қояды. Жасыратын не бар, арамызда мына жарық дүниеге не үшін келгенін санасынан өткізбей, осы жалғанда мəңгілік тұрақтап қалатындай сезінетіндер жоқ емес. Ақылды адамдар болса сол келте өмірде өкініштер аз болсын деп тіршілігінде айрықша қайрат қылады. Бай болсам, жалған дүниенің жарығы мен жарқылына тоям деп емес, əрине. Санасы сəулеге, жүрегі мейірімге толы жақсы адамдар өмірден өз орнын таба отырып, еліме пайдамды тигізе түссем, маңымдағы жандарға жақсылығымды, қайыр-шапағатымды төге берсем, артымдағы ұрпағыма елім-жұртым рахметін айтып жүрердей рахымшылығымды молынан жасай берсем деп құлшынады. Бүгінгі əңгіме өзегіне айналғалы отырған балқаштық Əбдіжаппар Қыстаубаевты осындай жан десек, артық айтпағандығымыз.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУ ТIГIП…

Қарға баласын əппағым дейді. Əке-шеше өз балаларын бөлмейді ғой. Алайда, бір үйде бір бала болса да, он бала болса да əр баланың өз орны болатыны анық. Баласының бойынан өзгешелікті байқады ма, жастайынан ерке болса да, есті болып өскен Əбдіжаппарды əке-шешесі ерекше еркелетіп, Əбен дейтін. Сөйтіп Əбдіжаппардың аты ауыл балаларының арасында да Əбен аталып кеткені бар. Болатын елдің баласы бала күнінен-ақ белгілі болады. «Əке көрген оқ жонар» демекші, əке тəрбиесінен тағлым алған сол Əбен бала күнінен шаруаға бейім болып өсті. Мектеп бітірген құрдастары асау жүректеріне арман деген дүниені байлап, Алматыға оқуға түсуге кетіп жатты. Əбен болса азамат атанған жасқа жеткен соң оқуды қоя тұрып, еңбекке араласып, əке-шешесіне перзенттік міндетін атқарғаны бар. Əскер қатарына алынған сəтте кеңес заманында «совхоз» деп атап кеткен «Көктал» шаруашылығының сан түрлі жұмыстарынан ысылған, оңды-солын ажырататын жасқа жеткен еді. Əскерден келген соң Талғар ауылшаруашылық техникумына келіп түскен ол диқан кəсібінің қыр-сырын ғылыми-теориялық жағынан меңгеріп, ауылға агроном болып оралғаны да есінде. Əрине, орта кəсіптік мамандықтың аздық ететін белгілі. Осыны ескерген Əбен Қазақ мемлекеттік Аграрлық университетін де тамамдағаны бар. Алған мамандығы бойынша еңбек жолы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы күріш шаруашылығында гидротехник, есепші, бөлімше меңгерушісі қызметтерінен басталды. Осы қызметтердің əрқайсысы айтар ауызға оңай болғанымен Əбен үшін үлкен тəжірибе ортасы, өмір мектебі болатын. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, еңбектес аға ұрпақ өкілдерінен өз ісіне шеберлік тəжірибені ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынасты, адамгершілікке құрылған адами қасиеттерді де бойына сіңіре жүрді. Ал бұл қасиеттер кейін Əбеннің азаматтығының қалыптасуына оң ықпалдарын тигізгені анық. Ерінбеген адам алар қамалын алмай тынбасы анық. Жастайынан тиянақтылығымен өзіне тапсырылған міндеттің жауапкершілігін сезіне жүріп еңбектің көзін тапқан сəттер оны жаңа биіктерге жетелеген еді. Кешегі «Үкімет өлтірмейді» деген принцип социалистік қоғаммен келмеске кеткен тұста өмірге нарықтың заңдылығына бағындыратын жаңа экономикалық қатынас келіп, жағдай кəсіпкер болуға үйретті. Баяғыдай «Тамақ байдан, ажал Құдайдан» дейтін заман кеткен соң əркім өз тірлігін, өлмес күнін өзі көре бастады. Еті тірілері осы заңдылыққа бейімделіп, жоқтан бар жасап, жұмыстарын ілгерілетіп жатса, өз орындарын таппағандар бар арман, мақсат-мүдделерін бір стақан арақтың түбіне батырып, «Бардың бəрі жоғалды, ішуден басқа не қалды?!» деген дəрменсіз принципке тəуелді болып, тірінің есебінде жүргені де-кешегі күннің ащы шындығы. Осы тұста өз тағдыры өз қолында қалған ауыл жұртының жағдайы ескексіз қайықтай болған соң, ауылдың бетке ұстар азаматтары ұжымдасып тірлік жасау ғана жұмыссыздық жайлаған ауыр жағдайдан құтқаратынына көздері жетіп, «Бірлік» Акционерлі Қоғамын құрған болатын. Бұл 1999 жыл еді. Осы Қоғамның тізгінін ұстау мəртебесі жас болса да, өз ісімен, тəжірибесімен көзге түскен Əбенге, азамат Əбдіжаппар Қыстаубаевқа жүктелді. «Қоғам құрылған бетте-ақ бəрі жақсы болып кетті» десек, жалған болар. Жоқтан бар жасау айтар ауызға ғана оңай болатын. Алғашқы бір-екі жылдың жүзінде кешегі совхоз деп аталған шаруашылықтан қалған ескі-құсқы техникалармен жағдайдан шығудың реті келді. Алайда, осы қалыппен дамымай жүре берсе, алысқа бара алмасын сезінген Əбен басқарған Қоғам мүшелері келер күндерге жоспар жасады. Алынған өнімнен түскен қаражат еңбекақыдан бөлек, Қоғамның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды. Содан бері талай көктем келіп, талай рет туған жер төсі ақ көрпеге оранып жатты. Бұл күндері бұрынғы Қоғам заман талабына қарай «Бірлік агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік атанып, іргесін кеңейткен шаруашылыққа айналды. Осы ұжымда бұл күндері 330-дай адам еңбек етеді. Бұлосыншама шаңырақ өз күн көрісін көруге осы мекеме арқылы қол жеткізіп отыр деген сөз. Ұжым есебінде 192 бас жылқы, 1053 бас ірі қара, 3249 бас қой-ешкі болса, олардан алынған төлдің өзі отарлар мен табындардағы мал басын молайтып жатқаны анық. Өткен жылы ғана осы серіктестік мүшелері өндірген ауылшаруашылық өнімдері 51885,0 теңгеге сатылыпты. Ұжымдағы шаруаны ілгерілетуге кейде серіктестіктің өз мүмкіндігі жетпей жататын жағдайлар да болып тұрады. Жағдайдан шығу үшін үкіметтен субсидия алмаса тағы болмайды. Бұл іс те Əбен Өгізбайұлының назарында болып, мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен 19 928,0 теңге субсидия алуға қол жетіпті. Мұны да ел ертеңін қалыптастыру жолындағы игі істердің бірі деп қабылдадық.

АУЫЛ БАЛАСЫ АУЫЛЫНА АЛАҢДАЙДЫ

Қала емес, ауылдық жерде жұмыс тауып, бала-шаға асырау оңай іс емес. Осы тұрғыдан келгенде жоқтан бар жасап, кешегі Кеңес заманынан қалған дүниенің басын құрап, ауыл адамдарын бірлесіп еңбек етуге жұмылдырғанына ауыл жұртшылығы дəн риза. Ел тағдыры өз қолында тұрғанын сезінген ауыл баласын не толғандырады дейсіз ғой?! Елінің ертеңі. Ауылының жағдайы. Содан кейін болса керек, өзінің қол астында еңбек ететін жұмысшыларға жұмыс орнын тауып бергені өз алдына, бірінші кезекте олардың жағдайын жасауға ұмтылады. Ауыл жұртының жақсылығы мен басына түскен қиыншылығы да осы серіктестіктің көмегімен атқарылып жатқанын ел біледі. Жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, олардың қораларындағы малдарына тегін жем-шөп жеткізіп беру, отбасы жағдайы төмен отбасыларға көмек, ауыл, аудан жəне облыс көлемінде өтетін түрлі спорттық жəне мəдени шараларға да көңіл бөліп, қаражаттан көмектесіп тұру-серіктестік басшысы Əбен Өгізбайұлының назарында тұрған міндеттердің бірі. Сөзіміз дəлелді болу үшін аздаған цифрларға көз тігейік. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, зейнеткерлерге, жағдайы төмен отбасыларына көмек ретінде 650 рулон шөп, 1550 килə күріш, оралман қандастарымызға 1200 килə күріш пен 8 қап ұн, 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек беруі, жағдайы төмен отбасылардың оқушы балаларының демалуы мен «Мектепке жол» акциясына 600 000 теңге бөлуі азаматтың азаматтығын айғақтап тұрса керек. Оның сыртында ауыл жолдарын асфальттауға бөлінген 2 137 600 теңгені, медресеге қайырымдылық көмек ретінде бөлінген екі тонна күрішті қосыңыз. Жоғарыда айтқан ауыл, аудан жəне облыс көлемінде өтетін түрлі спорттық жарыстар мен мəдени шараларға кеткен 3 194 000 теңге тағы бар. Серіктестікте істейтін еңбек адамдарының айлық еңбекақылары сыртында ауылға, ауыл жұртына 18 242 038 теңгеге жасалған меценаттық қайырымдылығы көп жайдан хабар берсе керек. «Азаматы бар ел азбайды» деген бар. Осындай жүрегі елім деп елжірейтін азаматы бар ауыл көпшіліктің келешекке бағыт алған жолынан таймай, ел қатарлы күн көріп жатқан жағдайы бар. ЕЊБЕГI ЕЛЕНГЕН ЕР Атқарылып жатқан еңбек, төгілген маңдай тер, алдағы мақсатқа жету жолында ұйқысыз өткен түндер мен күндер елеусіз қалмайтыны анық. Еңбектің көзін тапқан азамат пайданың өзін табатыны-өмірде көз жеткен дүние. Бір адамға жетерлік сүріп келе жатқан ғұмырында Əбен Өгізбайұлы марапаттан кенде қалмапты. Қазақстан Республикасының түрлі деңгейдегі Дипломдары мен Құрмет грамоталарымен марапатталуы, «Астана», «Қазақстан Республикасы тəуелсіздігіне-10 жыл», «Астанаға-10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Құрмет» орденінің иегері атануы-азаматтың адал еңбегіне берілген баға. 2008 жылы шыққан «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына кіруі деазамат үшін жеткен үлкен жетістік. Азаматтың ерен еңбегі халықаралық «Лавры славы» наградасымен де еленген көрінеді. Оксфорд саммитінен «Жыл менеджері» атты марапатпен қайтқан. 2003-2016 жылдар аралығында облыстық мəслихаттың депутаты болған. Облыстық мəслихаттың Құрметті депутаты. Алматы облысы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы. Қазақ Ұлтық Аграрлық университеттің құрметті профессоры. Осындай атақтар жалғасып кете береді. Мұның бəрі-жасалған еңбектің зейнетін көру бақыты осы азаматтың маңдайына жазылғаны.

СӨЗ СОҢЫ: АРТЫНДА IЗI БАРДЫҢ ӨЗI БАР

Сөзіміздің басында ақылды адамдар шама келсе артына өшпес із тастау жолына бар ғұмырын арнайды деген едік. Соны қайталап айтқымыз келіп отыр. Мына қысқа ғұмырда адамның жасаған ғұмырының бар мəні- оның артында қалған өшпес ізі. «Туған жеріңе туыңды тік» деген принциппен өмір сүріп келе жатқан өзіміздің Əбеннің, азамат Əбдіжаппар Өгізбайұлы Қыстаубаевтың артында құйрықты жұлдыздай адами жарық жолы бар деуге толық негіз бар. Адамның бар адами бақытының мəні осында жатса керек. Олай болса Əбенді бақытты жан деп айтуға болатын секілді.

Алтынбай СИҚЫМБЕК. Балқаш ауданы

Соңғы мақалалар

Оқуға