Алматы облысында тегін дәрілік заттардың тапшылығы байқалмайды. Бұл туралы өңірдің Денсаулық сақтау басқармасы мен «СК-Фармация» өңірлік өкілдігі хабарлады. Вирусқа қарсы, қызу түсіретін және басқа да негізгі препараттар стационарларға қалыпты режимде жеткізіліп отыр.
Ведомствоның мәліметінше, ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрілік қамтамасыз ету жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Біріңғай дистрибьютор арқылы өңірдегі 55 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
«СК-Фармация» өңірлік өкілдігінің деректері бойынша, медициналық ұйымдар жалпы 1 487 атаудағы дәрілік заттар мен медөнімдерге өтінім берген. Жыл ішінде қосымша 953 атауға қажеттілік туындаған.
Өкілдік басшысы Манат Альмаханованың айтуынша, 2025 жылы стационарлық деңгейде 47 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, 1 266 атаудағы дәрілер мен медөнімдер 14,5 млрд теңгеге сатып алынған.
Амбулаторлық деңгейде 467 атау бойынша өтінімдер қалыптастырылып, олардың 93,3%-ы медициналық ұйымдарға жеткізілді.
Стационарларға 12,4 млрд теңгенің дәрісі жөнелтілген, бұл жылдық көлемнің 85,5%-ын құрайды.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов жағдайдың толық бақылауда екенін атап өтті:
«Біз өңірдегі дәрі-дәрмек қорын және медициналық ұйымдардың қажеттілігін күн сайын бақылап отырамыз. Қажет болған жағдайда біріңғай дистрибьютор препараттарды басқа өңірлерден жедел түрде қайта бөледі. Басты мақсат — тұрғындарды үздіксіз және сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету», — деді ол.
Қазіргі уақытта препараттардың жеткізілуі жоспарға сай жүргізілуде. Барлық өтінімдер Денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында.

