spot_img
14 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарДОСТЫҚ БАР ЖЕРДЕ БIРЛIК БАР

ДОСТЫҚ БАР ЖЕРДЕ БIРЛIК БАР

Президент Қасым -Жомарт Тоқаевтың жолдауында достық, ұлтаралық татулық туралы кеңінен тоқталды. Біздің елімізде «Достық» деген орден бар. Оны бізбен достықта болған елдердің басшыларына ел президенті табыс етеді. Елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тату-тəтті ғұмыр кешуде. Мен өзім көп достықтың шынайы болғанын өмірден көріп, оқып, тоқып жүрмін.

Шоқан мен Достаевскийдің, Зия Сəмəди мен Бұқара Тышқанбаевтың достығын мысал ретінде айтуыма болады. Бұқара Тышқанбаев, ақын атамыз-менің қайынатам. Енем марқұм Зия Cəмəди мен Бұқара атаның шынайы достығын жыр қып айтып отыратын. Өзім тұратын Шонжыда бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Менің көршілерім ұйғыр ағайындар. Алиям, Диля, Гуля, Бибинур, Хасиəт, Ася сияқты ұйғыр қыздарымен отымыз бен күліміз бір, қайғыда да, қуанышымызда да біргеміз. Жақсы араласатын аудандық əжелер кеңесінде бірге жүретін Злəхəм Жалилова, Адалят Иминова, Захирəм Мусаева-сыйлас, сырлас достарым. Ұйғыр, қазаққа бірге қарайтын, жақсылығын ешкімнен аямайтын Нұрхан Жалалова достыққа берік екенін бүкіл жұрт біледі. Қазақпен де, ұйғырмен де бірге жүреді, достыққа берік. Қанша жылдар өтіп, қай қиырда жүрсең де басыңнан талай-талай қызығы мен қиыны аралас, қойы қоралас төсекте басы, төскейде малы қосылған қаршадай балаң шақта егіздің сыңарындай бірге өскен достарды елжірей еске түсіріп, жүрегің лүп -лүп соқпай ма?! Ұлттық құндылықты сақтау, ұлтын мақтан ету-өмір заңы. Бұл туралы қазақтың бір туар батыры Бауыржан атамыз «ұлтшыл болма, ұлтжанды бол» деген сөзі толықтыра түседі. Əр ұлт өз құндылықтарын болашақ ұрпаққа үйретуі керек. Өз ұлтын көтеремін деп өзге ұлтты төмендетуге мүлдем болмайды. Кейде қарап отырсам, достық, татулық деген нəрсеге таңқалам. Бүгін достасып, ертең қоштасып, бүгін табысып, ертең шабысып жатқан жайларға куə боламын. Қазіргі кезде ел ішіндегі татулық пен достықты сақтауымыз керек. Ұлтаралық татулық болмай жақсылық болмайды. Ата-бабаларымыз ежелден көршілес елдермен, аралас-құралас болған басқа жұрттың адамдарымен тату-тəтті, достық қатынаста болуды мақсат еткен. Одан ұтпаса, ұтылған емес. Абай атамыз: «Адам баласына адам баласының бəрі дос» деген. Өзің жақсы болсаң, бəрі-саған дос, бауыр. Осы даналық сөзді, Абай атаның сөзін басшылыққа ала отырып бүгінгі ұрпақты достыққа, татулыққа тəрбиелеу-бүгінгі өміріміздің көкейкесті талабы. Сондықтан жастарымызға ұлт тық рухта тəрбие бере отырып, олардың ұлтжандылықты ұлтшылдыққа, өз халқын сүюді өзге халықты, ұлтты жек көруге айналдырып алмауына ерекше сақ болуымыз қажет. Тəрбие отбасынан басталады. Отбасы, ошақ қасында бүгінгі ұрпаққа, болашаққа мəнді де мағыналы тəрбие беру, ақыл айту-бүгінгі аға буын өкілдерінің міндеті. Дос туралы Мұса Жəлел «Шын досың үшін қалай да, Тік қатерге басыңды. Айыра біл алайда, Досың менен қасыңды» деген екен. Олай болса, дос пен дұшпанды ажырата білейік. Достығымыз ажырамасын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Рая САРТОЛОВА, Ұйғыр ауданы ардагер əжелер кеңесінің төрайымы.

Алдыңғы мақала
Келесі мақала

Соңғы мақалалар

Оқуға