spot_img
22 C
Алматы
Басты бетӘлемдеҚАРИЯЛАР БЕЛСЕНДI ӨМIР САЛТЫН ҚОЛДАЙДЫ

ҚАРИЯЛАР БЕЛСЕНДI ӨМIР САЛТЫН ҚОЛДАЙДЫ

Есік қаласында белсенді ұзақ өмір орталығы жұмыс істейді. Ашылғанына бар-жоғы жарты жылдың төңірегінде ғана болған орталық бүгінде зейнеткерлердің сүйікті ордасына айналған. Таяуда осы жерде «Егде жас демографиясының өсіміне əлеуметтік психологиялық əсер ету жолдары» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Бірден айтайық, бұл белсенді ұзақ өмір орталығы Үкіметтің 2020–2025 жылдарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспары аясында ашылған. Алматы облысы əкімдігінің қолдауымен ашылған орталықтың негізгі атқаратын функциясы–қариялардың уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды белсенді мəдени, шығармашылық, спорттық жəне іскерлік өмірге əлеуметтендіру, физикалық денсаулығының ұзақтығын арттыру, бір сөзбен айтсақ, белсенді өмір сүру салтын насихаттау. Қазір орталықта 332-ге тарта адам белсенді ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын үйреніп жүр. Орталықта штаттық кесте ойынша 49 адам істейді. Орталықта сабақтар мен белсенділіктердің 17 бағыты жұмыс істейді. Дөңгелек үстелдің алға қойған мақсаты-статистикалық деректерді көрсете отырып, бес жылға белсенді ұзақ өмір орталығының даму перспективаларын ашып көрсету. Осы басқосу жұмысына облыстық жəне қалалық əкімдіктердің, əділет департаментінің өкілдері, ардагерлер кеңесі ұйымдарының төрағалары, Алматы облысы мен Есік қаласындағы «Жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімі» мемлекеттік мекемелерінің, Алматы облысы аналар кеңесінің жəне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді ашқан «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айгүл Матанқызы Ахметова республиканың басқа өңірлері секілді облысымыздың көлемінде тұңғыш рет осы орталықтың Еңбекшіқазақ ауданында жыл басында ашылғанын, аз уақыт өтсе де, зейнеткерлердің сүйікті ордасына айналғанын тілге тиек етіп, келешекте оның жұмыс ауқымын басқа жерлерге кеңейту басты назада тұрғанын айтып өтті. Одан кейін сөз кезегін алған «Белсенді ұзақ өмір орталығының» директоры Жания Сақташева осы орталықтың тезистік жоспарымен таныстырса, орталықтың əдіскер-статисті Набира Шектібаева орталықтың статистикалық бақылау процесімен таныстырды. Егде жас адамдардың эмоционалды жағдайы мен стреске төзімділігін арттыру барысындағы атқарылған жұмыстар жөнінде герантопсихолог, Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары қауымдастығының кеңес мүшесі, «Психолог шеберлік мектебінің» негізін қалаушы Күлмаш Елшібаева хабарлама жасады. Осы басқосуда еленген дүниелердің бірі герантопсихология практикумы кітабы дүниеге келген екен. Профессор К.Елшібаеваның осы кітабының тұсаукесер рəсімін «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айгүл Ахметова жасап, лентасын қиды. Басқосуға келгендер орталық туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып жатты. Алматы облысы аналар кеңесінің төрайымы Гүлнəр Сағатқызы Жошыбаева, Есік қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сыпатаев, осы кеңес төрағасының орынбасары Шаяхмет Құсайынұлы, облыстық «Алатау ардагері» газетінің тілшісі Алтынбай Сиқымбек орталықтың бүгінгі атқарып жатқан тыныс-тірлігіне, оның келешегіне өз бағаларын беріп, абыройлы жолына табыс тіледі. Осы орталықтағы секцияларға қатысып, олардың қызметін алып жүрген Зүбайда Асанова, Людмила Багракова, Хадиша Ережепова секілді егде жандардың өкілдері ортаға шығып, оның тиімділігін, өздеріне беріп жатқан дүниелердің адам денсаулығына қажет екендіктерін алға тартты. Басқосудың кезекті көрінісі «Менің ойым» деген атпен көрсетілген шеберлік класына берілді. -Өмір бойына бала бағып, уақыттарын балаға арнаған біздің қарияларымыз қазір уақытты тек өздеріне арнап жүр. Олар таңда осы орталыққа келуге асығады. Орталықта мейірбике жəне жаттықтырушылар жұмыс істейді. Мейірбикенің жұмысы таңда орталыққа келген қариялардың қан қысымын өлшеуден басталады. Күнде таңертең қариялардың қан қысымы өлшеніп, арнайы журналға тіркеліп отырады. Араға уақыт салып үлкен кісілердің қан қысымының реттелгені байқалады, – дейді орталықтың директоры Жания Көпжүрсінқызы сөз арасында. Мұны қызмет алушылардың өздері де растап отыр. –Біздің оларға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.-дейді олар. Ұлттық жоспарда көрсетілген жоспарды орындау мақсатында ашылған орталықтың жұмысы қазір өте белсенді жүріп жатқанын көзбен көріп, құлақпен естіген біз олардың келер күніне зор сенімді арқалап қайттық.

Алтынбай СИҚЫМБЕК, «Алатау ардагерінің» тілшісі. Есік қаласы.

Соңғы мақалалар

Оқуға