spot_img
11 C
Алматы
Басты бетӘлемдеАрдақты азаматқа құрмет

Ардақты азаматқа құрмет

Жақында Райымбек ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері, республиканың білім беру саласының үздігі Бекболат Ыбырайымұлы Бірбаевтің 70 жылдық мерейлі жасқа толуына байланысты 2008-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Алматы облысының турнирі болып өтті.

Райымбек ауданының əкімі Берік Фатықұлы Дүйсенбаев турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, саналы ғұмырын елі мен жерінің көгеріп, көктеуіне арнап, сол жолда тамшылата тер төгетін, алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін қажыр қайратын сарп ететін асыл азаматтардың арамызда жүргенін, солардың бірі қасиетті Тəңіртаудың төл перзенті, бүгінгі күні 70-ке толып отырған Бекболат Ыбырайымұлы екендігін айта келіп, ол кісінің өмір жолынан мағлұматтар берді. – Сонау Кеңестер Одағы кезеңінде бүкілодақтық бəсекелерге талай мəрте қатысып, чемпиондық тұғырға көтеріліп, халықаралық дəрежедегі спорт шебері атанды. Тағдырын аудандық спорт мектебімен байланыстырып, жас жеткіншектерді палуандық өнерге тəрбиеледі. Қастерлі өнердің қыр-сырын жетілдірді. Бекболат ағаның тəрбиесін алған шəкірттерінің алды халықаралық бəсекеде жүзден жүйрік шықса, Азияның, Қазақстанның чемпионы атанғандарының өзі-бір төбе. ТМД көлемінде өткен жарыстарда отанымыздың туын желбіреткендердің де көпшілігі Бекболат ағамыздай бірегей ұстаздан тəлім алғанын зор мақтанышпен айтуға болады. Ауданымыз көрші ауданға қосылған аумалы-төкпелі кезеңде аудан спортының туын жықпай желбірете көтерген де Бекболат ағамыз болғаны баршаңызға белгілі.-деді одан əрі өз сөзін жалғастырған аудан əкімі. -Бұрынғы «Көккемер» кинотеатрын бұзылудан аман сақтап, қазіргі «Райымбек спорт кешенінің» ашылуына сіңірген еңбегі де елдің есінде. Тоқсаныншы жылдары мемлекетіміз Тəуелсіздігін жаңа алған кезеңде экономикалық хал-ахуал төмендеп, халықтың күнкөрісіне айтарлықтай кері əсер еткенін ұмыта қойғамыз жоқ. Спортқа да қиындығын тудырған сол шақта Бекболат ағамыз өзі жаттықтырған шəкірттерін республика, облыс көлемінде өткен дүбірлі жарыстарға қатыстыру үшін еңбекақысын балалардың жолына еш ойланбастан жұмсағаны есімізде. Ағамыздың қолдауымен жарысқа қатысқан сол балалар жеңіс тұғырынан көрініп, ауданның абыройын асырғанын да ұмытқан жоқпыз. Бекболат Ыбырайымұлының ауданның өз алдына қайта шаңырақ көтеруіне де тигізген ықпалы ерекше екендігін де айтып өту қажет. Шекаралы ауданның қайта мəртебе алуына, шекара шебі елсіз қалмауына қатысты деректерге толы өтініштер мен елдің талап-тілегін облыстық мəслихат депутаты ретінде лауазымды орындарға дəлелді жеткізе білді. Халық қалаулысының сайлаушылар аманатына қиянат жасамаудан туған мақсат-мүддесі ақыр түбінде оңды шешімін тапты. Қадірменді бүгінгі боз кілем үстінде баптары мен бақтарын сынауға келген палуандар, сіздерге айтулы бəсекеде зор жетістік, үлкен абырой тілеймін. Бекболат аға тəрбиелеген шəкірттерінің бəрі деесімі елге танымал, халықаралық, республикалық, облыстық дəрежеде жеңіс туын желбірете білген, елінің, Отанының, туған жерінің абыройын асқақтатып жүрген азаматтар. Сіздердің де сондай биіктен көрініп, өз орталарыңызға, отбастарыңызға қасиетті Хантəңірі биіктігіндей абырой арқалап қайтуларыңызға тілектеспін.-деп сөзін аяқтаған аудан əкімі ауыл ағасын өмірінің жетінші белесіне ентікпей жеткенімен құттықтап, жақсылықтар тіледі. Тілеп қана қойған жоқ, Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген Отанымыздың жоғары наградасы «Құрмет» орденімен марапаттап, мерей той иесінің омырауына тақты. Кеген ауданының əкімі, Бейжің олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт қайраткері, Алматы облысы жəне Райымбек ауданының Құрметті азаматы Бекболат Бірбаевті 70 жылдық мерейтойымен жəне еркін күрестен облыстық ашық турниріне қатысушы жасөспірімдерді жарысының ашылу салтанатымен құттықтады. Ол өзінің сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бірбаев Бекболат ағамыздың шағын ғана Нарынқол ауылынан тəрбиеленіп, спорттың үлкен додасына түскен шəкіртерінің жеңіс жолындағы елеулі еңбектерінің нəтижесін атап өтті. Бекболат ағамыздың Нарынқол ауылындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің материалдық-техникалық базасын дамыту мен жетілдірудегі еңбегіне тоқталды. – Шекараның түбінде тұрған ауылдан осыншама спорт саңлақтарының шығуы, олардың туған ауылына деген патриоттық сезімін оятып, тəрбие берген Бекболат ағамыздың еңбегі екендігінде талас жоқ. Ардагердің қуанышы сонымен бірге – Кеген, Райымбек аудандарының да ортақ қуанышы. Жаңа салынған спорт кешеніне Алматы облысының барлық аудандарынан жас спортшылар келіп, кілем үстінде бақтарын сынамақ. Сондай-ақ төрешілер қауымы мен əділ қазылар алқасы да жас палуандарға əділетті бағасын береді деген сенімдемін. Нұрбақыт Молдахметұлы бастап келген Кеген ауданының қонақтары мерейтой иесі Бекболат Ыбырайымұлының иығына шапан жауып, қошемет көрсетті. Мұнан кейін сөз алған облыстық спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы бар саналы ғұмырын спортқа арнаған Бекболат ағамызға облыс əкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хатын тапсырды. Бекболат тəрбиелеген шəкірттері, аудандық «Хантəңірі қырандары», меценат Тілек Баудинов, «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорлары мен аудан тұрғындары мерейтой иесі Бекболат Ыбырайымұлына жеңіл автокөлік сыйлап, ат мінгізді. Мерейтойға келген қонақтар қол күрестен халықаралық спорт шебері, күш экстримі бойынша бірнеше дүркін рекорд иесі Тимур Спатаев, Қазақстанның бас биі Ермек Албан, грек-рим күресінен Қазақстанның бес дүркін чемпионы Руслан Жұмабеков, кикбоксингтен халықаралық дəрежедегі спорт шебері Елмұрат Қайыпжанов мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, естелік сыйлықтар тапсырды. Салтанат барысында ауданның көркемөнерпаздар үйірмесінің əртістері əсем əн айтты, күмбірлете күй шертті. Жалпы облыстан жасөспірімдер арасындағы жарысқа 220-ға жуық спортшылар қатысты. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, облыс көлеміндегі боз кілемде талай өнер көрсеткен спортшылар бұл жолы да аянып қалмады. Қарсыласының қателігін қалт жібермей, қас қағым сəтті шебер пайдаланған жеңімпаздар да анықталды. Жалпы командалық есепте Шаңырақ спорт интернатының спортшылары жеңіс тұғырына көтеріліп, бірінші орынды иемденді. Ал екінші орынға Алматы қаласынан келген команда көтерілді. Жүлделі үшінші орын Талғар ауданынан келген командаға бұйырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер арнайы медаль, грамота, кубок жəне қаржылай сый-сияпаттармен марапатталды. Сөйтіп, аудан халқы туған жерге туын тігіп, ұзақ жыл жемісті еңбек үлгісін көрсеткен Ыбырайымұлы Бекболат Бірбаевтің 70 жылдық мерейлі салтанатын ұйымшылдықпен атап өтті.

ШыңғысТҰРСЫНОВ. Райымбек ауданы

Соңғы мақалалар

Оқуға