Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микробизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді талқылауды ұсынды. Мемлекет басшысы мұндай бастаманы Қазақстан халқына Жолдауында көтерді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесе отырып, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере келе, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын», — деді Президент.
Тоқаев шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40 пайызға жеткенін, ал негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жуықтағанын атап өтті. Бұл ретте шағын бизнес кәсіпкерлерінің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді.
Президент аталған секторды әртараптандыруға шақырып, кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғыртуды қарастыратын орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

