spot_img
8 C
Алматы
Басты бетӘлемдеҰлттық құндылықтарымызды бағалай білейік

Ұлттық құндылықтарымызды бағалай білейік

Еліміз-көп ұлтты мемлекет. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дəріптеуден бастау алады. Ал ұлттық құндылықтарымыздың өзі-ұлтымыздың мəңгілік қорғаушы шамшырағы. Ұлттың қорғаны-біздің ұлттық болмысымызды көрсететін тіліміз, дəстүріміз жəне рухани мұрамыз. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тəрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген.

Халқымызда ұлттық құндылықтар өте көп. Соларға баға бере кетейін. Бірінші құндылық-тəуелсіздік жəне тарихи таным деп атаған жөн. Тəуелсіздіктің арқасында қазақ елін əлем таныды жəне мойындады. Тəуелсіздік символы-мемлекеттік Туымыз, Əнұранымыз жəне Елтаңбамыз. Ту елдің бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Екінші құндылық ел мен жер деп білемін. Қазақта «Егесіз ел азар, иесіз жер тозар» деген мақал бар. Ұланғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады. Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғады. Қазақтың жері қасиетті. Ол бүгінгі жахандық тайталас кезіндегі ұлттық бірегейліктің символы болып қала береді. Үшінші құндылық-тіл, əдебиет жəне руханият. Тіл жəне əдебиет-ұлттың жаны мен жады, оның бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, тілдің ұлт үшін қандай маңызы бар екенін бір ғана ауыз сөзге сыйдырған болатын. Тілді қорғау-ұлтты қорғау. Ана тіліұлт жүрегі, ұлт тілегі. Тілдің болашағы-ұлттың болашағы. Тілде халықтың бүкіл болмысы, рухы, ішкі жан дүниесі жататыны анық. Төртінші құндылық-ұлттық дəстүр жəне отбасы. Ұлттық болмыс, оны дəріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы-тəрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салтдəстүрімізді сақтауға бала жастан тəрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дəріптейміз. Расында, ұлттық дəстүр жəне отбасылық тəрбие патриотизмнің бастауы екенін ұмытпайық. Баланы бесіктен тəрбиелеу- ұлттық ұғым кепілі. Бесінші құндылық-білім мен біліктілік. Білімді ел озады, ғылымсыз ел тозады. Елімізде білім мен ғылымға үлкен қамқорлық жасалуда. Ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті, кəсіби мамандар. Əл-фараби бабамыз «Дүниеде тəрбиесіз берген білімнен қауіпті нəрсе жоқ» деген екен. Сондықтан білім мен тəрбиені бір процестің екі жағы деп қарастыру қажет. Президентіміз халыққа жолдауында «Ешкім сырттан келіп Қазақстанды көркейтіп бермейді. Ол үшін əрбір азамат заман талабына сай болуы тиіс. Еліміздің жетістіктерге жетуі үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең басты керегі-қоғамдық сана. Азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Жастар жақсы қасиеттерді бойларына сіңіруі керек» деген болатын. Əркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тəртіпті, адал, үнемшіл, əрі жаңашыл болса алынбайтын асу жоқ. Өмірде өз орнын табатындай ары таза, ұлттық құндылықтарды бағалай білетін, ұлтының салтдəстүрін белсенді түрде жалғастыра алатын азаматтар тəрбиелеуіміз керек. Ел үміті-бүгінгі жастар. Кез келген ел өз болашағын өзінің ұрпағымен байланыстырады. Əр ұрпақтың өз кезеңі, өз заманы, ағыны бар. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы-жастардың қолында. Мəңгілік қазақ елі жастарға зор сенім артады.

Болат ТАУБАЛДИЕВ, Жылысай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Кеген ауданы.

Соңғы мақалалар

Оқуға