spot_img
20 C
Алматы
Басты бетӘлемдеАТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

Бұл күнде өзінің өнегелі өмірімен, ғибратты ғұмырымен, жүріп өткен еңбек жолымен , қызықты тағдырымен аты аңызға айналған тұлғалар аз емес. Соны бірі əрі бірегейі – заманының дүлділ əншісі, халық ақыны, сазгер, жырау Кенен Əзірбаевтың қызы, асылдың сынығы, тектінің тұяғы Төрткен Кененқызы. Төрткен апамыз – тек Кенен Əзірбаевтың қызы ғана емес, əкесінің əнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған заңды мұрагері. Төр – апамыздың арқасында Кенен атамыздың жарыққа шықпаған қаншама шығармалары көпке жария болды. Бірнеше əн жинағы құрастырылып, шығарылды. Бар саналы ғұмырын халық ағарту саласына арнаған Төр-апамыз педагогикамен қатар əкесінің шығармаларын насихаттаудан бір сəтке де жалыққан емес. Алтынды қолда барда қадірлеу керек емес пе?! Əке аманатын ғұмыр бойы арқалап, оның мол мұрасын өшірмей келе жатқан ТӨРТКЕН КЕНЕНҚЫЗЫ туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

АҚЖОЛТАЙ

Əңгімесін бастамас бұрын ол бір сəт терең ойға шомды. Өзінің дүниеге келгендігі жайлы əкесінің əлденеше айтқан əңгімесі құлағында қайта жаңғырды… Сол отыз алтыншы жылдың қысы қытымыр болды. Аштықтың зобалаңынан енді-енді есін жиып келе жатқан елдің еңсесі сəл болса да көтеріле бастаған еді. Ақпанның ызғарлы желі бет қаратпай ызыңдай соғып тұр. Санаулы ғана түтіннен тұратын шағын ауылдың шамы əлдеқашан сөндірлген. Тек екі ауызды қоржын тамның терезесінен бұл үйдегілердің əлі ұйқыға жата қоймағандығы байқалады. Қайдағы ұйқы. Түс ауа басталған толғақ ел жата ананы бебеу қақтырды. Үміттен гөрі күдік басым болғандықтан ба, əкенің де көңілі алай-дүлей. Алысқа ұзап кетсе тағы бір сұмдық болатындай, екі қолын артына ұстап, үйді айналып жүрді де қойды. Бір үміт. Бір күдік. Мұндайда əншейінде көзді ашып-жұмғанша өте шығатын зымыран уақыт та алға жылжымай қойды. Елуді еңсерген жігіт ағасы өзінің жайшылықтағы сабырлы мінезінен айырылып, тықыршып тұр. Бір кезде əйтеуір жас нəрестенің іңгəлаған үні естілді-ау. Бұл қуанышым ұзаққа созылар ма екен? Бағанадан бері есі шығып тұрған əке көзінен аққан тарам-тарам жасты сүртуге де шамасы келмей, тізерлеп отыра кетті. «О, жаратқан! Бар болсаң осы баламның өмірін ұзақ ете гөр. Бұдан басқаны сенен сұрамаймын. Ақсарбас, ақсарбас». Көпті көрген көнекөз қариялардың ақылы бойынша ертесінде-ақ жаңа туған қызылшақа нəресте төрт кемпір, бір шалдың астынан өткізіліп алынды. Бұған дейін сегіз баласын тумай жатып жер қойнына берген ерлі-зайыптылардың нəресте өмірін ұзартуға байланысты ырымның бəрін қалтықсыз орындаудан басқа шарасы да қалмап еді: Сөйтіп, бұл сəбиге азан шақырылып Төрткемпірбіршал деген есім берілген. Кейіннен Төрткемпірдің «төрт»-іне Кененнің есімінің «Кен»-ін қосып, əкесінің өзі қызының есімін Төрткен қойыпты.. Көпшіліктің бұл отбасына деген шын пейілі, ізгі ниетінен бе, жоқ əлде, шынымен Алланың рақымы түсті ме Төрткен Нəсиха үшін ақжолтай бала болды. Əсіресе Кенекеңнің ықыласы оған ерекше ауды. Бесіктегі күнінен бастап Төрткенді домбыраның сазды үнімен тербетіп, қоңыр даусымен əлдилейтін-ді. Аяғын апыл-тапыл басып жүрген қызын кей күндері ауыл сыртына ертіп шығар еді. Мидай жазық жусанды даладағы құлаққа естілер небір əуенді домбыра пернесіне түсіріп, оны баласына ұғындыратын. Тіршіліктегі бар жақсылық атаулыны сəби бойына дер кезінде еге білді. Ақжолтай қызына арнап «Айтостаған», «Торғай, торғай, торғайсың» атты бесік жырын шығарды.

АЛТЫН ПЫШАҚ ҚЫНДА ЖАТПАС

«Əкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»,- деп жатамыз. Бірақ, неге екені белгісіз, Төрткен титтей кезінен шешесінен гөрі əкесіне жақын болды. Оның шуақты мейрімі мен ыстық ықыласына бөлене жүріп, өзінің жүрісі-тұрысымен де, сөйлеген сөзімен де əкесіне ұқсап баққысы келді. Əкесі жиырмасыншы ғасырдың дүлдүл ақыны, жыршы-сазгері атқаты Кенен Əзірбаев «Төрткенімді бермеймін тоғыз ұлға, қырсығымды кескен төл басым», – деп еркелетіп өсірген қызына жастайынан өнерден, əдебиеттен дəріс беріп, қазақтың өткен ғасырлардағы тарихын құлағына сіңіре білді. Бұл аз болғандай, өзі суырып салма ақын, жыршы, сал-сері Кенен Əзірбаевтың үйіне еліміздің игі жақсылары жиі жиналып, таңды-таңға ұрып қазақ тарихынан ұзақ-сонар əңгіме айтып, сыр шертетін. Мұның бəрін бір айтқанды қағып алатын Төрткен санасына сіңіріп, зердесіне тоқып алатын. Одан бергіде жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевты көзімен көрді. Қазақтың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен, əдебиет майталмандары Мұхтар Əуезовпен, Сəбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Тайыр Жароковпен, Ғани Ормановпен дастархандас болды. Əсіресе Сəбит Мұқанов, атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев, профессор Мырзатай Жолдасбеков осы шаңырақтың бел баласындай еді. Осындай ірі тұлғалардан үлгі-өнеге алды. Солар арқылы еліміздің төл тарихына, əдебиетіне, мəдениетіне, өнеріне еркін бойлай білді. Игі жақсы асылдарымызбен араласу арқылы, солардың да өмір тарихына, жүріп өткен жолдарына теріңінен қанық болды. Сөйтіп, «Базарым-ай», «Назарым-ай» деп, көңілдері шерменде болып жүрген Кенен ата мен Насиха апаның зарлы қайғыларының бұлтын сейілткен,жүректеріне үміт отын жаққан кішкент ай ғана қара қыз жастайынан қағылез, зерек болып өсті. Өсе келе Кенекеңнің қолдан жасап алған домбырасы ақжолтай қызының қолынан түспейтін болды. Жарытып күй тарта білмесе де, домбыраға тыным бермейтін. Қызының өнерге деген талпынысын алғаш болып байқаған əкесі: «-Қызым, «Алтын пышақ қында жатпас»,- деген бар, күй білмесең де домбыраңды тарта бер, тарта бер. Егер бойыңда шынымен бірдеңе болса, əйтеуір бір сыртқа шығады», – деуші еді. Кім білсін, əлдекімдер құсап, сол кезде «пернені бұзасың» деп кішкентай қыздың қолынан домбыраны жұлып алса көңілі құлазыр ма еді. Болашақты алыстан көздейтін əке баланың бетін ешқашан қаққан емес. Сөйтіп жүріп, 10-12 жасқа келгенде ақжолтай қыз əкесі шығарған əн-жырды домбыраға еркін түсіре алатын халге жетті. Бұдан былайғы жерде көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысатын болды. Бірте-бірте əке мен баланың арасындағы шексіз махаббат шығармашылық байланысқа айнала бастады. Заманның дүл-дүл ақыны, көмейінен əн төгілген композиторы, əншісі Кенен Əзірбаевтың көрші-қолаң, ел-жұрт «Ақжолтай қыз» деп атап кеткен қызы Төрткен мейлі мектепте оқысын, мейлі институтта білім алсын, мейлі еңбек етсін, жұрт арасына əкенің əнін насихаттаудан, оны таратудан жалыққан емес. Бұл еңбегі де кезінде ескерусіз қалмады. 1957 жылы Қазақстан жастарының тұңғыш фестивалінің дипломанты болса, 1985 жылы Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының лауреаты, 1995 жылы «Тұлпар» сыйлығының лауреаты атанды. «Сен неге артист болмадың?» деп Төрткен Кененоваға сұрақ қойғандар аз болған жоқ. «Əншінің баласы міндетті түрде əнші болуы керек пе? Бүкіл бала атаулы əкенің жолымен жүріп, оның дегенін істесе тіршілік өзгеріссіз қалған болар еді», – дейтін ондайда Төрткен апай.

ӨМІРДЕГІ ӨЗ ОРНЫ

Иə, ол артист деген ресми атақ алмаса да, ауыл-аймағы, ел-жұрты, қызметтес жолдастары оны «Бұл Кенекеңнің сүйікті қызы əнші Төрткен»,- дейді. Оған бұдан асқан атақ, абыройдың да қажеті жоқ. Ұстаздық мамандықты өз жүрек қалауымен таңдап алды. Құдай қосқан қосағы Тасыған Байлденов əскери қызметте болғандықтан, көшіп-қонып жүріп, республикамыздың көптеген жерлерінде еңбек етуіне тура келді. Жұбайының Іле ауданындағы ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшылық қызметке тағайындалуына байланысты 1972 жылы Өтеген батыр кентіне қоныс аударады. Содан бастап зейнетке шыққанға дейін Төрткен апамыз осы ауданның білім бөлімінде əдіскер, нұсқаушы, халық ағарту саласы қыз меткерлері кəсіподақ комитетінің төрайымы қызметтерін мінсіз атқарады. Білім саласында еңбек ете жүріп, əкесінің əн-жырын халық арасына кеңінен насихаттай білді. Əкесінің əнін халық арасына таратып қана қоймай, оның жұртқа белгісіз шығармаларын нотаға түсіруге де белсене ықпал етті. Бүгінде Кенен Əзірбаевтың жүзден аса əндері тікелей осы Төрткен апайдың айтуы бойынша нотаға түсірілді. Төрткен апайдың белсене атсалысуымен жəне өнер тану ғылымының докторы Ф.Г.Ерзаковичтің басшылығымен 1976 жылы К.Əзірбаевтың «Бозторғай» деген атпен əндер жинағының бірінші нұсқасы кітап болып шықты. 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан К.Əзірбаевтың 3 томдық таңдамалы шығармаларының жарыққа шығуына да ол тер төге еңбек етті. Мұның сыртында ұстаздық қызметі, ана ретінде үй тіршілігі де толып жатыр еді. Ол осының бəрін білгірлікпен ұштастыра, үйлестіре білді. Үй тіршілігі демекші, Төрткен апай марқұм зайыбы Тасыған Баялденов ағамен бірге ел сүйсінетіндей төрт азамат тəрбиелеп өсірді. Мұның өзінде де əрдайым салмақтың көбі апайдың мойнына түсетін. Əскери қызметте болуына байланысты отағасының үйдегісінен түздегісі көп еді. Жиі-жиі жол сапарларды айтпағанда, шетмемлекеттерге жұмыс бабымен баратын. Мұндайда анасы балаларына əкесінің орнын жоқтатпайтын. Қолы қалт етіп демалысқа шыға қалса, басқа жұрт құсап, санаторияға немесе демалыс орындарына барғаннан гөрі əкесінің ауылына барып, оның жаңа шығармаларын үйренуді артық санайтын. Кенен атаның əрбір жаңа шығармасы сүйікті қызының жүрегіне нота болып жазылатын. «Менің артымнан бірінен соң бірі екі ұл мен екі қыз дүниеге келіп, олар да тұрып қалғандықтан ба, əкемнің маған деген ықыласы ерекше ед ең алдымен маған орындап беретін. Сол жаңа дүниеге маған баға беруімді, төрелік айтуымды өтінетін. Тіптен мектепте оқып жүрген кезімізде-ақ, оның шығармаларын өзінен кейін алғаш мен орындайтынмын. Өзімді тіптен əкемнің бірінші хатшысымын деп айтуға толық қақылымын. Мұны кезінде атам да мойындаған еді. Оның көзі жұмылғанша біздің шығармашылық байланысымыз үзілген жоқ. Ақтық демін аларда мені жанына шақырып алып: «Қызым, елуге дейін баласыз дүниеден өтемін-ау деп зарлаушы едім. Оным бекер екен. Құдайға шүкір, артымда ұл-қызым, немерелерім қалды. Ел-жұртыма таусылмас əн мен жыр тастап барамын. Сол əндерімнің бұдан былайғы жердегі тағдырын сенің қолыңа тапсырдым», – деп еді. Сөйтіп əкем менің мойныма үлкен аманат жүктеп кетті. Əке аманаты. Ақынның əншінің қызы. Осы бір сөздер Төрткен апайға жүктелген жауапкершілік салмағын ауырлатпаса, жеңілдетпейді. Оған ол еш қынжылған емес. Зейнетке шыққан соң Төрткен Кененқызы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі басшылығының өтінішімен осы оқу орнының халық əндері бөлімінде əкесі Кенен Əзірбаевтың əндерінен сегіз жыл сабақ беріп, көптеген əншілер даярлады. Колледжде оқытушы бола жүріп, «Кенен», «Кенен ата» атты естеліктерді өз авторлығымен шығарды. 2002 жылы «Екі Кенен тумайды» деген атпен естеліктер жинағын құрастырып, жариялатты. Сонымен қатар əкесінің өз үнімен орындаған əндерін Алатай аясында», Төрткен апайдың өзінің орындауда «Ойжайлау», «Мен сүйемін халқымды» деген аттармен аудиокассеталар шығартты. 2009 жылы Кенен Əзірбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қосылған қоңыр қозға əн мен үнім» атты кітабын жарыққа шығарды. Зейнет жасынан шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Аудандағы «Қазақ тілі» қоғамын құруға, қазіргі Өтеген батыр кентіндегі М.Мақатаев атындағы қазақ орта мектебінің, «Қуат» балалар бақшасының ашылуына тікелей атсалысты. Өткен ғасырдың тосқаныншы жылдарының басында аудандағы «Қазақ тілі» қоғамының тұсауы кесілген шақта мінбеге шығып, «Ес біліп еңбекке араласқалы отыз жылдай уақыт болған екен. Осы уақыт ішінде көпшілік алдында мінбеге шығып өз ана тілімде сөз сөйлеп тұрғаным алғаш рет», – деп Төр-апамның ағынан жарыла сөз сөйлеп, көзіне жас алғаны əлі есімде. Бұл да тарихтың тағылымды бір беті. «СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1985 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің озық қыз меткері», Қазақстан Республикасының «Мəдениет қайраткері», Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы, «Тыл еңбеккері» медальдарының иегері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Төрткен Кененова колледжде студенттерге дəріс бере жүріп, əкесінің əн-жырын насихаттаумен қатар, ауданымызда «Ардагерлер» халық ансамбілінің құрылуына ықпал етті. Марқұм Əлібек Нұрқожаға өзінің ұсынысын айтып, Өтеген батыр кентіндегі зейнеткер əжелердің басын қосып, осы өнер ұжымының негізін қалауға белсене атсалысты. Əлі де болса ансамбльдің белді мүшесі. Сонымен қатар, аудандық мəслихаттың депутаттығына сайланып, біраз жыл халық аманатын адал атқарды.Аудандық əкімдік жанындағы ономастика комитетінің мүшесі болы жүріп, орталық болып саналатын Энергетик кентінің атауының Өтеген батыр болып өзгертілуіне мұрындық болды. Елді мекендердегі көшелердің қазақшалануына бір кісідей үлес қосты. 2005-2013 жылдары аудандық ардагерлер Кеңесін басқарып, кезінде еліне-жеріне еңбектерін сіңірген қарттардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Аудандағы қоғамдық істерге белсене қатысып, игі істердің, жаңа бір бастамалардың ұйытқысы болды. Қолынан əлі де болса домбырасы түскен жоқ. Тынбай əкесінің əн-жырын халық арасына таратып, насихаттап келеді. Ата-ананың борышы. Мұның ақтауы бар ма? Кейбіреулер мол дүние жинап, қыруар қаржы тауып, ата-анамыздың борышын өтеп жатырмыз дейді. Бəз біреулер биік атақ-абыройын, мансабын тілге тиек етеді. Төр апамыз болса «Атамның шығармаларын жарыққа шығаруға атсалыссам, үлесімді қоссам, əкемнің аманатын орындағаным», – дейді. Оның əкесі туралы естелік жазып, көптеген дискілерді шығарғандығы да сондықтан шығар. Бүгінде құдай берген балалары Баяннан, Розадан, Болаттан, Алмастан 12 немере, 3 шөбере сүйіп, аяулы əже атанып, қазақтың бір туар ақыны, жыршы термеші Кенен Əзірбаевтың шығармаларын бүкіл елге таратып, өзінің парасат пайымымен, салиқалы сыйымен тек қана ауданның ғана емес, облысымыздың, республикамыздың ардақтысы», «Төрткен тəтесі» бола алған ескінің көзіндей, өткеннің сөзіндей Төрткен Кененқызы үшін əке аманатын арқалап өтуден басқа дүниеде қызық жоқ сияқты. Дей тұрғанмен сырын сыртқа бермегенмен Төрткен апай өз қайғысы өзінде. Өткен жылы бауыр еті баласы Болаты ауыр сырқаттан қайтпас сапарға аттанды. Жасынан өмірдің қиыншылығына өзінің күш-жігерін қарсы қойып үйренген Төрткен апа бұл қасіретті де шыдамдылығының, мықтылығының арқасында жеңе білді. Көңіліне медет қылатыны Болатының артында қалған бала-шағасы. Іштей қабырғасы қайысып, жүрегі сыздап, жаны ауырса да шақырған кездесулерге барып, көпшілік қауыммен кездесіп отырады. Өскелең ұрпаққа өнегелі сөз айтып, оларға тəлім-тəрбие беруден жалыққан емес. Тегіне тартып туған текті ұрпақ осындай болса керек…

Р.АЙДАРБЕКОВА.

Соңғы мақалалар

Оқуға