spot_img
22 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтар«ПАПАМЫЗ» РИМ ПАПАСЫ,«МАМАМЫЗ» СҮТ БЕРЕТIН СИЫР БОЛҒАНЫ МА?

«ПАПАМЫЗ» РИМ ПАПАСЫ,«МАМАМЫЗ» СҮТ БЕРЕТIН СИЫР БОЛҒАНЫ МА?

Балаларына «папа», «мама», «тəте» деп айтқызып жүрген қаракөз бауыр ларымыздың біразы бұл сөздердің арғы мəн-мағынасын түсінбеуде.Тіпті осы сөздердің тереңіне бойлап, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Біздің заманымыздың төртінші ғасырында христиан діні Батыс Рим империясында католик, Шығыс Рим империясында православ болып екіге бөлінген болатын. Сол кезеңнен бүгінгі күнге дейін жер бетіндегі христианның бір миллиард өкілі бар католик дінінде сол діннің басында тұрған кісіні «папа» деп атап келеді.

Басқаша айтсақ, католиктер «папа» сөзін Иссус Христостың жердегі дінін таратушы өкілі, қызметшісі деп ұғады. Католик дінінің насихатталуына басшылық жасауға келген Франциск де Римнің қазіргі Папасы атанып отырғаны оған дəлел бола алады. Ресей империясының біздің санамызды жаулап алғаны соншалық, біз өз əкелерімізді «əке» немесе «көке» деп емес, «папа» дейтін болдық. Соған етіміз үйреніп кетті. «Онда тұрған не бар екен?» дейміз тағы да. Сонда біздің əкелеріміз де католик шіркеуінің өкілі болғаны ма? Мешіт имамымен дастархандас болып отырғанда есіктен ұлы кіріп: – Папа, үйге бір кісілер келіп сені шақырып жатыр, – дегені. Ұлының əкесіне «сен» деп сөйлегені өз алдына, «папа» деп, орысша атаумен тіл қатуы бізге өте ерсі естілді. «Бұл кісі, имам ба, əлде Рим папасындай папа ма?» деп қалды қасымыздағы дастархандас көршіміз. XVIII-ғасырдан бастап Ресей империясы өзінің географиялық қоғамының көмегімен орыстың Пржевальск, Семенов-Тянь-Шаньский, Радлов, тағы басқа ғалым-саяхатшыларынан Қазақ даласын зерттеп, картаға түсіру үшін арнайы экспедициялар құрып, оларды қаржыландырып, жерімізге жіберіп отырғаны тарихтан белгілі. Қазақ даласы орыс империясын несімен қызықтырды? Ең алдымен шұрайлы жерлерімен, өзен-көлдерімен. Осы жерлерге орыстарды шоғырландыру саясатын ұстаған саяхатшыларының алдына айқын мақсаттарын қоюында үлкен мəн жатқан еді. Қазақтың шұрайлы жерлеріне көздерін тіккен олар картаға түсірген жерлерінің ерекшеліктерін ерекше дəріптеп, оларды орыс патшасына жеткізіп отыр ғаны да тарих беттерінен белгілі. Сөйтіп уақыт өте келе зеңбірегін сүйреткен орыстар ордалы жыландай қазақ жеріне жер бауырлап еніп, қоңырауын сыңғырлатқан шіркеуін бірге тұрғызып, қазақтың шұрайлы жерін, мал-мүлкін тартып алып, жергілікті халықты шоқындыра бастады. Олар қазақтың көзі ашық, беделді белсенділерімен «тамыр, дос, жекжат» болып, шоқындыру мен орыстандыру секілді зымиян мақсаттарын жүзеге асыруға қызмет етті. Өткен ғасырдың 17-ші жылы Үкімет басына Ленин бастаған дінсіздер келмегенде жаппай шоқындыру саясаты белең алып, қазақ ұлты өз дінінен айрылып қалар ма еді, кім білсін?! Солардың ықпалында кеткен кейбірі «қазақтың көзін ашамын» деп, орыс мектебін ашса, патшаға «адал» қызмет етіп, шен-шекпен алған, сол кезде орысша оқығаны бар, шоқынғаны бар, солардың арасында орыс ұлығына жағымпаздану кең етек ала бастады.Олар үшін орыс дəстүрін өздеріне сіңіру, балаларына «папа», «мама» деп айтқызу, ұл-қыздарына орыс есімдерін қоюы, азан шақырып қойған өз аттарын бұрмалап, орыс есіміне қарай ыңғайлауы мақтанышқа айналды.Бұл үрдіс кешегі Кеңес заманында да бой көрсеткені – ащы да болса шындық. Сөйтіп Сəрсенбайымыз Сашка, Төлеубайымыз Толик болып кете барды. Ертеде орыстардың өзі «папа» деген сөзді «нан, ас-ауқат» деген мағынада қолданып, əкелерін «батюшка» деп атаған. Ал, біздің ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдамай тұрғанда «көкке», яғни тəңірге, «аспандағы» Жаратушы Иеге табынған. Сол Көк тəңірге табынған кезінде, көк тəңірдің, Құдайдың жердегі өкілі қызметшісі деп əкелерін «көке» деп атаған. Мұсылман болғанда да көктегі жаратушы бір Құдайға сыйынып, əкелерімізге «көке» десек, кейінгі жүз жыл көлемінде христиан дініне шоқынғандар мен орыстанып мəңгүрттенген қазақтар «папа» деп үйретті. Өздерінше «дамыдық» деп жүрген аналар балаларына «мама» дегізді. «Мама» сөзі көне хинди тілінде «Сүт беретін сиыр» деген мағынада қолданған. «Мама сиыр» деген ұғым содан шыққан. Сонда біз өз шешелерімізді сүтті көп беретін сиырға теңегеніміз бе? VIII ғасырдағы қазақтың сына жазбаларында анасына «апа» деп атайтындығы жазылған. Олай болса, «шеше» сөзі құлаққа ерсілеу естіліп, ал «ана» сөзі əдеби атау болып кетсе, неге қарапайым ғана «апа» демеске?! Енді «тəте» сөзіне келейік. Бұл сөздің түп төркіні «тетя Шура, тетя Валя, тетя Лена» сөздеріндегі «тетя» сөзінен шыққан. Ал, қазақтың əже, апа, əпке, апай, жеңге, нағашы жеңге, жиен жеңге, нағашы əпке, жиен əпке сияқты қасиетті атауларын жойып, көрінген əйелге орысша айтсақ, тетялап, қазақша айтсақ, тəтелеп, санамызға зорлықпен сіңіріп жүрміз. Абай атамыз айтпақшы, сөз арасының бөтен сөзбен былғануына себепкер айтушы мен оны тыңдаушының білімсіз надандығы болса керек.

СИҚЫМБЕКТІҢ Алтынбайы.

Соңғы мақалалар

Оқуға