spot_img
20 C
Алматы
Басты бетӘлемдеЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПIРОВ БАТАСЫН БЕРГЕН БАЛА

ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПIРОВ БАТАСЫН БЕРГЕН БАЛА

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылын спортшылардың шығып жатқан қайнар көзі ме дерсің. Бұл ауылда ерекше дамыған спорттың екі түрі бар. Оның бірі-футбол, аяқдоп болса, екіншісі-грек-рим күресі. Тұздыбастаулық жастардың республика палуандары арасында үлес салмағы қомақты. Осы спортты өміріне серік етіп, қазір осы бағытта жүрген Дəулет Жақсылықов, Мəди Даниялов, Қытай мемлекетінде Азия чемпионы болған Əлихан Көкенов, Бішкекте өткен «Ю-23» Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған Сəрсен Сырым, олардың арттарынан келе жатқан Қанат, Мұхит секілді палуан жастардың шоғыры пайда болды. Бұл ауылдан əр жылы жоқ дегенде үш спорт шебері шығуда. Соған қарап, өзге облыстардың палуандары қалжыңға сүйеп, «Тұздыбастау-палуандардың зауыты, екінші Дағыстан. Тұздыбастау десек, олардың палуандары көз алдымызға келеді» дейтін көрінеді. Солардың арасында біз бүгін əңгіме өзегіне айналдырғалы отырған Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, 2019 жылы Астанада өткен əлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, ең бастысы аңыз адам Жақсылық аға Үшкемпіровтан бата алған Қорлан Жақанша деген жасымыз да бар. Əңгімені сəл əріден бастайық.

Қазақта «тұқым қуалады» деген сөз бар. Тұқым қуалау заңдылығы медицина саласында генге, текке, қанға байланысты деп жатамыз ғой. Өмірдегі айналысқан кəсіп те кейде əкеден балаға жұғысты болып, тұқым қуалау болып тұрады екен. Біз оны əкесі палуан болған Қорланның да палуандық өмір жолынан байқадық. Көрші Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан Тұздыбастауға көшіп келген Қорланның əкесі Қанат еркін күрестің палуаны, кейін осы спорт түрінен бапкер болған екен. Балалары Қорланы мен Бағыланын «өзіндей болсын» деді ме екен, болмаса балаларының бойынан бір жерді тесіп шығатын жігер мен өжеттілікті байқады ма екен, бірден күреске баруын қалаған көрінеді. Ол ниеті далаға кетпепті. Ауылдағы №31 орта мектептің спорт алаңында балалармен күресіп жатқан жас баланы көзі шалған Жақсылықов Қанат деген бапкер ағасы онымен жақынырақ танысқан соң «Əкеңнің аты Қанат екен, Менің де атым-Қанат. Енді сен менің де балам боласың» деп, қолынан ұстап, күрес залына алып келіп, Ілияс деген бапкердің қолына аманаттап тапсырыпты. «Менің спорт саласындағы ұзақ сапарым осыдан басталды» дейді Қорлан өз əңгімесінде. Əкесі Қанаттың ниеті өз алдына, аға бола білген Қанат ағасының қырағы көзі де алдамапты. Расында, екі ниеттің тоғысқан жерінен бастау алған Қорлан өмірінде спорт деген дүние өз соқпағын сала бастапты. Осы спорттың тізгінін қолына ұстаған алғашқы айда-ақ Талғар қаласында өткен облыстық турнирде Қорлан екінші орынды алды. Бұл жеңіс Қорлан шыққан алғашқы баспалдақ еді. Оның жас палуанға берген əсері мол болды. Бұл жарыс Қорлан өміріне өз таңбасын салып, «біржола күреспен айналысамын» деген ниетін оятқан секілді. Оның алдында енді жаңа белестер тұрған еді. 2012 жылы жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл додада да ол екінші орынды қанжығалады. 2013 жылы əскерилер арасында Иран мемлекетінің Тегеран қаласында əлем чемпионаты өтіп, (ЦСКА) Əскерилердің орталық спорт клубы атынан қатысқан ол сол жерде үшінші орынды қанжығалады. «Ертөстік» ертегісіндегі «Ертөс тігім-бір төбе, сегіз ұлым-бір төбе» дегендей, республика шеңберінде өнер көрсету бір дүние болса, мемлекет атынан шығып, əлемдік деңгейде өнер көрсету бір бөлек екенін жан-тəнімен түсінді. Бұл жарыс оны бұрынғыдан да шиырлата түскен еді. Бұл дода ол үшін əлем есігін ашқанмен бірдей болды. Əлемдік деңгейдегі өнерінің тұсаукесері осы жерде кесілді. 2014 жылы осындай əскерилердің арасында əлемдік дода Америка жерінде өтті. Ол жерде үшінші орынға көтерілді. Əлемнің бес дүркін жүлдегері атанған жалғыз қазақ баласы, Алмат Кеңесбаев деген палуан бар. Сол палуанымыздың 2016 жылы Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өткен олимпиадаға қатысқаны. Қорланды жаттығуға қажетті спаринг-партнер есебінде өзімен бірге сол жаққа ала кетті. Қорлан сол олимпиаданы өз көзімен көрді. Оған тікелей қатыспаса да ол жерде көз көргендерінен алған əсері ерекше болды. Осы олимпиада оны одан əрмен қайрағандай болған еді. Келер күнге деген үміт отын жаққандай болды. Ол үшін ең бірінші ниет, содан соң еңбек, тағы да ерінбейтін еңбек қажет екенін жан-тəнімен түсінді. Көзбен көргені оған жігер берді. Келе сала білек сыбана жаттығуға кірісіп кетті. Көзді ашып-жұмғанша 2017 жыл да келіп жетті. Сол жылы ересектер арасында болған Қазақстан чемпионатында чемпион болды. Одан кейін Болгарияда болған гран-приді ұтып алып, жақсы нəтиже көрсетті. 2018 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионаты болды. Ол жерде де ұтты. Одан кейін іле-шала Бішкекте болған Азия чемпионатында үшінші орын алды. Сол жылы Венгрия жерінде өткен гран-приде екінші орынды иеленді. 2019 жылы тұңғыш рет қазақ топырағында, Астана қаласында əлем чемпионаты өтті. Осы додаға Қорлан да қатысатын болып шешілді. Оның алдында Қорлан Жақсылық Үшкемпіров ағасының батасын алған еді. Ол кісі өз сөзінде «Қорлан балам, үлкен сыннан өту үшін көп еңбек етіп, миллиондаған жанкүйерлеріңді сендіру үшін сен мықты болуың керек. Бүкіл қазақ болып сенің жеңісіңді Алладан тілейді. Сондықтан сен үлкен қиындықты бел шешіп, жарып өтуің керек. Оған күнің мен түніңді, бүкіл өміріңді сарп етуің керек. Сонда ғана сен үлкен шыңға шығасың. Менің жолымды берсін. Мен саған сенемін» деген екен аңыз адам Жақсылық Үшкемпіров ағамыз. Ол кісінің батасын Алла қабыл еткен секілді. Берген батаның құдыреті болды ма, үлкен ерік-жігермен жарысқа түскен ол осы сəттерде жас бураша бар күш-жігерін бойына жинаған арыстандай айбатты еді. Əлемдік деңгейдегі жарысқа асықтың сақасындай палуандар келетінін ескерсек, жеңістің оңайлықпен берілмейтінін байқауға болады. Қорлан бірінші айналымда Алжир палуанын ұтты. Екінші айналымда Макс деген америкалық палуанмен шықты. Бұл палуан 2012 жылғы олимпиадада күресіп, бесінші орын алғанын айта кетейік. Сол Макс палуанымыз Қорланның алдында əлсіздігін білдіріп, жауырынын боз кілемге тигізіп алды. Үшінші жекпе-жектен жеңіспен шыққан адам финалға өту керек болған. Оған өту үшін əзірбайжандық палуанды жығу керек болды. Ол болса 2012 жылғы əлем чемпионы. Бір сөзбен айтсақ, оңай шағылатын жаңғақ емес. Осы кездесуде шағылмайтын «жаңғағымыз» 11:6 есебімен Қорланнан таза шағылды. Оны көрген бүкіл қазақ трибунаны басына көтеріп, қиқулап, қуанып, шулағаны бар. Енді кəйтсін, қазақтың баласы қазақтың кім екенін жарты əлемге паш етіп жатса! Осы белдесуден кейін Қорлан ақтық финалға шықты. Оның қарсыласы грузин палуаны еді. Ол болса өзінен жеңілген əзірбайжандық палуаннан жеңілген болатын. Содан кейін бе екен, жеңістің ауылы жақын екенін сезінген Қорланда сенім пайда болды. Бірақ сол сенім өзін өзі ақтамағандай болған болуы керек, осы əлемдік додада Қорлан екінші орынды иемденді. Жас палуан үшін бұл жеңістің құны бөлек еді. Өйткені осы деңгейге көтерілуге негіз болған оның спорт саласына кеткен жиырма жылдың даңғыл жол секілді сайрап жатқан іздері, осы жылдардағы төккен маңдай тері, еткен еңбегі бар еді. Сол еңбегі ақталғандай болды. Қорланның соңғы рет боз кілемге шыққаны Италия жеріндегі гран-приде. Онда да екінші орынды иемденген еді. Бүгінгі таңда Қорлан спорттағы өз карьерасын аяқтаған. Спорт жəне туризм академиясының бакалаврын 2015 жылы, магистратурасын 2019 жылы бітірген. Алған мамандығы бойынша өзінің жолымен жүретін жастарды тəрбиелеу-Қорланның алдына қойған айқын мақсаты. Қазіргі таңда Алматы облысының грек-рим, еркін жəне əйелдер күресі федерациясының вице-президенті. Жастардың спорттағы жеңістеріне қалай жетуге болады? Ол үшін не істеу керек? Олардың жолын Қорлан жақсы біледі. Оның жолындағы тəжірибелер теориялық оқулықтан емес, практикалық өмір жолынан, сол жолдағы төккен маңдай терінен, еткен еңбегінен алынған. Осы жол оны адастырмайтынына сенімді. Əңгімеміздің басында осы күрестің əкеден балаға дарып, жалғасқанын айтқан едік. Əңгімеміздің соңында Қорлан «Ержетіп келе жатқан екі ұлым да мен секілді палуан болуына барлық мүмкіндігім мен қажыр-қайратымды жұмсаймын» дейді. Ол сөзге сенсек, күрес деген қасиетті спорт осы əулетке дарыған екен. Келешекте де жұғысты болатын секілді. Демек, бұл əулетте палуандар саны ұлғаяды деген сөз ғой. Ылайым, солай болсын!

Алтынбай СИҚЫМБЕК, «Алатау ардагерінің» тілшісі. Тұздыбастау ауылы Талғар ауданы

Соңғы мақалалар

Оқуға