spot_img
20 C
Алматы
Басты бетӘлемдеСУҒА БАҚЫЛАУ ЖАСАУ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

СУҒА БАҚЫЛАУ ЖАСАУ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Сөз басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған таяудағы Жолдауындағы ерекшеліктерге тоқтала кетейін. Бірінші экономика, содан кейін саяси реформаны жүзеге асыруды мақсат еткен елдің алдында келелі міндеттердің тұрғаны анық. Отыз жылдық қалыптасқан тəуелсіздік тарихымызда əр Жолдауда экономикаға басым бағыт беріледі. Бірақ кейінгі уақыттарда елімізде, əлемде болып жатқан өзгерістер, одан кейін ішкі экономиканы əртараптандыру кезіндегі өзгерістердің барлығы да осы экономикалық саясаттың басқа бір қырларының дамуына сұранып тұратын дүниесі бар.

Президенттің биылғы Жолдауында басты назар аударған бағыттардың барлығы да-бүгінгі күні күн тəртібінде тұрған шешілуге тиіс міндеттер. Демек, экономикаға баса назар аудару қажет екендігін, уақыт талабы екендігін көрсетіп отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері су тапшылығының пайда бола бастауы өміріміздің шындығына айналып келе жатқаны анық. Бұл бір жағынан əлемдік климаттық өзгеруінен десек, екінші жағынан су көздерін пайдалануда оның бағасын елемей, ысырапшылдыққа жол беру екендігі де-ақиқат. Одан басқа бір су көзі басталатын мемлекеттің екінші мемлекет шекарасын басып өтуінде деңгейін төмендету, тіпті бермей қою фактілеріне жалғасатыны-көз көріп жүрген жағдай. Оған алысқа бармай-ақ, еліміздің оңтүстік өңірлеріне Қырғыз елінен келетін суды бұғаттаудың салдарынан ауыл шаруашылығына орасан зиян келіп, қуаңшылықты бастан өткізіп жатқаны дəлел болса керек. Ол тек Қырғыз елінен ғана емес, Ресейден, Қытайдан, өзбек жерінен келетін су арналарының жағдайынан көруге болады. Ғалымдар алдағы жылдары болмай қоймайтын қуаңшылықты айтып, дабыл қағуда. Су-тіршілік нəрі. Сондықтан осы мəселеге аса үлкен жауапкершілікпен келу уақыт талабы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында осы мəселеге ерекше назар аударғаны тегіннен тегін болмаса керек. Мен үшін ел Президентінің ҚазFақстан халқына жолдаған қыркүйек айындағы Жолдауының ішінде ерекше назар аударған дүнием ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткеннен кейін осы болған секілді. Президент республика көлемінде дербес Су жəне ирригация министрлігін құруды айтып өтті. Суды пайдалануды реттеу мəселесі өз ішімізден бөлек, трансшекаралық мемлекеттерден шығатын су көздерін пайдалануда даудан басымыз құтылмай, түйткілді мəселелер реттелмей келе жатқан біздер үшін бұл мəселенің оң шешімін тапқанына қуандым. Бұрындары суды пайдалануды реттеумен айналысатын арнайы министрлік болмағаннан кейін комитет деңгейінде шешіліп жатты. Оның өзінде барлық мəселе шешіліп қойды дегеніміз болмас. Ол комитет өз деңгейіндегі ғана дүниелерді шешуге қауқарлы болды. Осы мəселені кейінге қалдырмай, мемлекеттік деңгейде, одан ары мемлекеттер арасында ретке келтіру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Президент айтқан министрлікті құру арқылы түйткілді мəселелерді шешуге болады деген сенімдемін.

Тынышбай ДОСЫМБЕКОВ, Алматы облысының Құрметті азаматы, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі

Соңғы мақалалар

Оқуға