spot_img
15 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарЖАРҚЫН БОЛАШАҚ -ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ -ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Елдік пен Тəуелсіздіктің киелі көк Туын асқақтата желбірететін бүгінгі жастар болғандықтан аға буын өкілдері еліміздің ертеңі болатын жастарға зор үміт артатыны анық. Алдымыздағы аға ұрпақ Отанды сүю мен елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткені тарихтан белгілі. Олар елін жаудан қорғап, тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтірді, қиынқыстау заманда қажыр-қайраттарын аямай жұмсап, еңбек етті. Сондықтан да болар, бүгінгі аға буын өкілдерін Тəуелсіз Қазақстанның іргесін қалаушылар деп санаймыз. Аға буынның жастарға айтары-нақты іс-тəжірибеден туындаған үлгі-өнеге, ғибратты тағылым.

Таяуда Қарасай ауданының орталығы саналған Каскелең қаласындағы аудандық мəдениет үйінде өткен Алматы облыстық ардагерлер ұйымы ұйымдастырған «Атадан қалған асыл сөз» атты конференцияда айтылған əңгіме өзегі ұрпақтардың үндестігі мен жалғастығына арналды. Тəрбиелік мəн-маңызы жоғары бұл шара арнайы ұйымдастырылған көрмеден басталды. Осы шараға облыс көлеміндегі барлық аудандардағы ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен сол жерлерде еңбек жолын бастаған белсенді жастар қатысты. Конференция жұмысын оның модераторы болған Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Сапарұлы Тұрымбетов ашып, жүргізіп отырды. Конференцияда сөз алған спикерлердің алғашқысы Қарасай ауданы əкімінің орынбасары Рүстем Атшабаров болғалы жатқан үлкен бас қосудың Қарасай ауданы топырағында өтуі олар үшін үлкен мəртебе екенін айта келіп, өз ойын аға ұрпақтың жүріп өткен тағдыр жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керектігіне бұрып, аудан көлеміндегі ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстарынан көпшілікті хабардар етті. Аудан қарияларына көрсетіліп жатқан əлеуметтік көмек те спикер айтқан дүниелердің бірі болды. –Қарттарға арналған «Ардагерлерді ардақтайық!», «Қарты бар үйдің қазынасы бар» жəне «Қарттарға қамқорлық» секілді көптеген іс-шаралар қолдау тауып, жыл сайын жалғасып келеді. Жыл сайын «Қарттар күні», «Жеңіс күні», «Алғыс күні» жəне тағы да басқа мемлекеттік мейрам күндері қарсаңында аудан жастары ардагерлерді құттықтап, олардың мағыналы да маңызды əңгімелерін тыңдап, қал-жағдайларын сұрап қайтады. Өмірлік тəжірибесі мол, еңбек жолында жүріп өткен жолдары, ерен еңбектері-бүгінгі ұрпақ үшін үлгі өнеге. Қарияларымыз да бос қарап жатпай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, даналықтың үлгіөнегесін жастар санасына сіңіріп, жас ұрпақтың тəлім-тəрбиесіне елеулі үлес қосуда.-деді өз сөзінде қарасайлық спикер. Одан кейін сөз кезегін алған Кеген ауданы Жылысай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Таубалдиев жастар қастерлеуге тиіс ұлттық құндылықтарға тоқталды. Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы-тəуелсіздігі, тілі, ел мен жердің тағдыры, ділі, салт-дəстүрі, отбасы, əдебиеті мен өнері, басқаша айтсақ, руханияты, ұрпақтың имандылығы, білімі мен біліктілігі деген ұғымдар кіретін ұлтымыздың рухани байлықтарымыздың арқасында өзіміздің ұлттық қалпымыз бүгінгі күнімізге қалай жетті? Оны қаз-қалпында келер ұрпаққа қалай береміз? Кегендік ақсақалдың айтар əңгімесінің өзегі осы бағытқа арналды. Бəсекеге қабілетті ұрпақ тəрбиелеу үшін тілді қастерлеу, дінді берік ұстау, тарихи сананы ояту, сол арқылы ата-баба салтын сақтау секілді қасиеттерді олардың санасына сіңіру қажеттігін айтты. -Менің көтергелі отырған мəселем-ғасырдан ғасырға жеткен ұлтымыздың ұрпақ тəрбиесі. Бұл міндет əсіресе аға ұрпақ өкілдері саналған бізге зор міндет жүктейді.-деп өз сөзін бастаған Жамбыл ауданынан келген Ұзынағаш округіндегі ардагер аналар кеңесінің төрайымы Күміс Кемелбекованың көтерген мəселесі өзі айтқандай тəрбие туралы, оның ішінде қыздар тəрбиесі төңірегінде болды. Осы орайда ұлттық тəлім-тəрбиеден ауытқып бара жатқан жастарымыз, оның ішінде ертең ана атанып, бір əулетке тəлім-тəрбие берер қыз балаларымыздың бүгінгі тəрбиелік қал-жағдайының жай-жапсары туралы да ол кісінің жанайқайын естуге тура келді. Алматы облысының наиб имамы, Қарасай ауданының бас имамы Дəуренбек Жандосұлы дін хадистерінен, аңыз əңгімелерден мысалдар келтіре отырып, жастардың мейірімділік, имандылық қасиеттерінің рухани дүниесін терең қозғады. Сөз кезегін алған Алматы облыстық мəслихатының депутаты, С.Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr-QTT» спорт клубының негізін қалаушы, бас бапкері, грэпплинг күресінен Азия чемпионы, джиу-джитсуден қара белбеу иегері Нұрсұлтан Орынбасарұлы əңгімесін жастар тақырыбынан бастады. -Тарихқа қарайтын болсақ, барлық қозғалыс, өзгерістер жастардың бастамасымен болып жататыны анық. Аға ұрпақтың жолымен келе жатқан біздер, жастар ертең осы жер мен елдің шынайы иесі болу жолында аға ұрпақтың тəлім-тəрбиесін алып келе жатқанымыз анық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ұлттық кодымызды сақтап, аға ұрпақтың салған ізін ары қарай апарып, ұрпақ жалғас тығының үзіліп қалмауын мақсат етіп, облыс көлемінде «Алатау жастары» қоғамдық ұйымын ашқымыз келетінін, соған орай сіздерге ұсыныс тастап отырғанымды айтқым келеді.-деді жастар өкілі. Сөз кезегі Қарасай ауданындағы мектеп-гимназияның оқушысы Айша Рақымбердиеваға берілді. Ол өз сөзінде жастар туралы əңгімесінің өзегінде жастарды ұлт үшін қызмет жасауға, оның экономикасын бірге көтерісуге шақырды. Ол үшін ұлттық құндылықтарды қастерлеп, білім шыңдарын бағындыруға үндеді. Спикерлерден соң соңғы сөзді түйіндеген конференция модераторы Ерболат Сапарұлы жастардық «Алатау жастары» қоғамдық ұйымын ашу жөніндегі ұсыныс-пікірлерін қолдауға шақырып, олардың жұмыс тобымен ардагерлерді таныстырды. Сондай-ақ жаңадан ашылып жатқан «Алатау ардагері» атты облыс тық газет редакциясы мүшелерімен де таныстыра кетті. Расында, жас спикер Айша Рақымбердиева айтып өткендей, еліміздің келешегі кемел болуы, гүлденіп-өркендеуі жастардың білім деңгейі мен бəсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Жастарымыз білімді болса, ол − еліміз үшін интеллектуалдық капитал. Сондықтан жастарымыз үздіксіз ізденіп, білімдерін жан-жақты жетілдіруге, қазіргі жаһандық алмағайыптар кезінде заманауи талаптардың үдесінен шығуға ұмтылуы тиіс. Отан əрбір қазақстандықпен бірге еліміздегі өзгерістер үдерісіне жастардың да белсенді атсалысуын талап етуге хақылы. Жастардың алдында ата-бабалар армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуда. Аға ұрпақтың жеңісті жолы мен жасампаз дəстүрін жастарымыз лайықты жалғастырады деп сенеміз. Жастар еліміздің экономикасына, əлеу меттік салаларына, қоғамдық өміріне де, ғылым мен мəдениетіне де, жалпы руханияты мен заңдық-құқықтық-тəртіптік тұрғыдан жақсарып, кемелдене түсуіне де өз үлестерін қосады. Сонымен бірге жастар бабалар аманатына адал болып, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуы керек. Ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтап, ана тіліміздің мəртебесін көтеруге үлес қосу, көпұлтты еліміздің бір шаңырақ астында тату-тəтті, ынтымақта өмір сүруі – біздің елдің зор жетістігі. Дəл осы жетістікті одан əрі биік тұғырға көтере беру аға ұрпақтың жастарға жүктер аманаты болып қала бермек. Осы тұрғыдан келгенде құрылып жатқан «Алатау жастары» қоғамдық ұйымы да осы ұлы іске жастар атынан өз үлесін болашақта қосады деген сенім санамызда ұялағаны анық. Осындай ойларды түйіндеген Қарасай ауданындағы өткен конференция өз жұмысын аяқтады. Қорыта айтсақ, жарқын болашақ -жастардың қолында. Олай болса, атадан қалған асыл сөз талаптыға болсын кез!

Алтынбай СИҚЫМБЕК, «Алатау ардагерінің» тілшісі. Қарасай ауданы.

Соңғы мақалалар

Оқуға