Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында күрес түрлеріне арналған көлемі 600 шаршы метрлік «Qanat» спорт кешені ашылды. Осы нысанның құрылыс жұмыстарына 80 миллион теңге жұмсалды. Бір ерекшелігі бұл қаржы мемлекет тарапынан емес, ауылдың жекелеген тұрғындарының қолдауымен мецанаттарынан, кəсіпкерлерінен алынды.
Бұл ұсыныс-жобаның авторлары-Қазақстандағы грек-рим күресінен халықаралық дəрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы əскерилер арасындағы əлем чемпионатында 74 килə салмақ бойынша əлемнің вице- чемпионы, 2016 жылы Əзірбайжанда өткен Golden Grand Prix Azerbaijan жүлдесінің жүлдегері Дəулет Жақсылықов пен Қазақстандағы грекрим күресінен еңбегі сіңген спорт шебері, 55 килə салмақ бойынша ересектер арасындағы 2019 жылы Астанада өткен əлем чемпионатының вице-чемпионы, Азия чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Қорлан Жақанша. 12 сотық жерге салынған спорт кешенінің ішіне күресуге лайықты олимпиада кілемдері жайылған. Одан бөлек жалпы денешынықтыру дайындығына арналған жер бар. Бұдан тысқары спортшылардың киініп-шешінетін бөлмесі, төрт душ кабиналары, бапкерлердің бөлмесі жəне аулада он көлікке арналған автотұрағы бар. Спорт кешеніне қажетті газ, жарық, ыстық, суық су секілді инфрақұрылым коммуникациялары жалғанған. Бұл жерде ауыл жастарына грек-рим, еркін күрес, əйелдер күресі мен дзюдодан тегін үйірме-секциялар ашылған. Спорт кешенінің бапкерлері əр айда 250-300-дей баланы осы күрес үйірмелеріне қамтып, тартуды жоспарлап отыр. Халық санағының мəліметі бойынша бұл ауылда 25 мың, ал бейресми мəлімет бойынша 30 мыңнан асатын халық тұрады. Халқы тығыз шоғырланған бұл елді мекенде спортқа қатысатын 1500 бала аздық ететіні анық. Осы орайда мұндай спорт кешенінің керектігі ауадай қажет екені рас.
Алтынбай ШƏКЕНҰЛЫ. Талғар ауданы.