spot_img
14 C
Алматы
Басты бетӘлемдеҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ ЖҰМЫС IСТЕЙДI

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ ЖҰМЫС IСТЕЙДI

Талғар ауданының Тұздыбастау елді мекенінде осыдан біршама уақыт бұрын жастардың инициативасымен арнайы қор ашылып, əлеуметтік жағынан нашар қорғалған топтың адамдарына қайырымдылық акциясын жасап келе жатқанын естігеніміз бар еді. Таяуда сол қордың басы-қасында жүрген ауыл баласы Алмат Бисадыровты кездестіріп, осы бастама төңірегінде əңгіме-дүкен құрған едік.

Алматтың айтуы бойынша қор ашу идеясы аяқ асты дүниеге келген екен. Бəріміз де бала болдық қой. Күреске баратын ауыл жастарының жаттықтырушы-бапкері Жетпісбай ағайларының алпыс жасқа толғаны. Ұстаздарына құрмет көрсетуді міндет санаған жастар ұзақ ойланып, ағайларына тай сыйлап, дастархандарын жайып, мерейлі жасын атап өткізбек болған көрінеді. Соған қаржы керек болып, əлеуметтік желіде арнайы топтың ашылғаны. Оған өздері қатарлы балалардан бөлек бүкіл ауыл жастары қосылыпты. -Əнуар Жəңгірбаев деген бауырымыз бар еді. Сол азаматтың ұсынысымен жақсылық жасауды ниет еткен осы топты қор ашу идеясына жалғастырып əкеттік. Содан бері қор жұмысын жалғастырып келеді.-дейді сөз арасында топ басшысы Алмат Бисадыров.-Қазір қордың жанашырларының саны жеті жүзге жетті. Олардың жас мөлшері-жиырмадан алпыс жасқа дейінгілер. Əрқайсымыз ай сайын қорға мың теңгеден өткіземіз. Олардың арасында студенттер мен оқушылар жоқ. Жағдайы барлардың арасында бұл қаржыдан да молдау беріп жатқандары кездеседі. Елу мыңдап, бес жүз мыңдап беріп жатқан кісілер де бар. Тұздыбастау ауылында əлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Осы күнге дейін біршама отбасылар азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Олардың жағдайын анықтау үшін мəліметті ешқайдан алмаймыз. Өздері бізге өтінішпен шығады. Комиссияның бес-алты өкілдері бар арнайы топ сол шаңыраққа барып, көрер дүниені көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жағдайларын тексеріп қайтады. Содан кейін көмектесу жөнінде бір шешімге келеміз. Тұздыбастауда Айнагүл деген кісі бар. Жалғызбасты ана. Төрт баласы бар. Өзі науқас. Жұмысқа жарамайды. Пəтер жалдап тұрады. Сол кісінің азық-түлігі мен пəтерақысын біз ай сайын алып беріп, төлеп келеміз. Бұйырса ол кісіге басқа да жақсылық жасағымыз келеді. Оны айтпай ақ қояйын. Уақыттың еншісіне қалдырайық. Осы ауылда Мəулен деген жерлес азамат тұрады. Үлкен қызы ауруға шалдығып қалыпты. Алғашында көмек ретінде бес жүз мың теңгені апарып бергенбіз. Одан кейін еміне деп бір миллион теңгені тағы бердік. ДЦП ауруымен ауыратын балаларға жүз мыңдап, екі жүз мыңдап беріп жатырмыз. Аяулым деген қыз балаға бір миллион теңге бердік. Оқу жылы басталардан бір ай бұрын жетпіс балаға сөмкесінен бастап, мектебіне баруға қажетті заттарды алуға мүмкіндік жасадық. Жағдайы нашар отбасыларға азықтүлік ай сайын таратылады. Дəрі-дəрмектерді апта сайын аламыз. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Тұздыбастау ауылының зиратына барар жолға тас төгіп, жолын жөндеп бердік. Оған бір миллиондай қаржы кетті. Осы ауылымызда Марат деген бауырымыз болды. Екі баласы мен əйелі бар. Пəтер жалдап тұратын. Сол кісі аяқ астынан қайтыс болды. Бір де бір туысқаны келмеді. Қордың жанашырлары сол кісінің жаназасынан, қонақасынан бастап, жетісінде қырқында берілуге тиісті мешіттегі қатымханада асына дейін өткізіп, оның малын тауып, ескерткіш тасын тұрғызып, мəңгілік үйінің қоршауын қор ақшасының есебінен қоршап бердік. Осы міндеттерді атқаруды қор мүшелері өз мойнына алды. Жылдық асын өткізуге қолдан келген көмегімізді береміз деп отырмыз. Қолымызда арнайы палатка, қазан-ошағымыз, ыдыс-аяқтарымыз, үстел-орындықтарымыз бар. Комиссия мүшелерінің арасында ақыл-ой қосатын Атамқұлов Қайсар, Жəңгірбаев Əнуар секілді ағаларымыз да бар. Қор тек қаржы жинап, жағдайы төмен отбасыларға көмек беруден тысқары ауыл тіршілігіне де араласып, өз үлестерін қосып тұрады. Сол ағаларымыздың бастамасымен Тұздыбастау ауылының тазалығын сақтауға қордың ақшасынан 700- дей қап, қолғаптар сатып алып, үлкен сенбілік өткіздік. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген жігіттерді атап өтсем деймін. Олардың қатарында Атамқұлов Қайсар, Жəңгірбаев Əнуар, Аулабаев Арсен, Қожахметов Нұрлан, Бақытжанұлы Серік, Байжұма Жандос, Шепшеков Бауыржан деген азаматтар бар. Елге жасаған жақсылықтары олардың өз бастарына, шаңырақтарына Алладан жақсылық болып қайтсын деген тілектемін,-деп аяқтаған еді өз сөзін қор жетекшісі Алмат Бисадыров. «Жас келсе іске» демекші, ой түбіне зерделеп бойласақ, жасап жатқан қайырымдылық жақсылықтары-қолдауға тұрар дүние. Олар осы жолда абырой биігінен көрінсін деген ойдамыз.

Алтынбай ШƏКЕНҰЛЫ. Талғар ауданы

Соңғы мақалалар

Оқуға