Полиция формасын киіп, суши жарнамалаған алматылыққа 5 АЕК (17 250 теңге – еск.) мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Алматыда “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы аясында полиция формасын киіп, суши жарнамалаған жігітке қатысты әкімшілік шара қолданылды. Ол видеоны әлеуметтік желі арқылы таратқан.
“Мен – жаңадан бастап жатқан блогермін, бұл жарнаманы қызық болсын деп түсірдім және тараттым. Бұл заңбұзушылық екенін білмедім. Болашақта мұндай жағдай қайталанбайды”, – деді алматылық.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен Б.есімді ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 675-бабында көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған полиция формасын заңсыз пайдаланғаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге – еск.) мөлшерінде айыппұл салынды. Арнайы полиция киімі тәркіленді.