Облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы мəднеиет үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты өнерпаздар фестивалі өтті. Аталған өнер сынына облыс қалалары мен аудандарының өнерпаз қариялары қатысып, жұртшылық алдында шеберліктерін көрсетті.
Салтанатты шараға қатысқан аудан əкімі Алтай Досымбаев өңірмізге арнайы келген ардагерлер қауымын алдағы келе жатқан мерейлі мерекемен құттықтап, өнер додасына үмітін үкілеп келген қарияларға сəттілік тіледі. – Түркі əлеміне ортақ тұлға, ұлы ойшылы, жырау, қобызшы Қорқыт бабамыздың «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан да, қазыналы қариялармыз бен ақ жаулықты аналарымызға артылар жауапкершілік қашан да жоғары. Осынау жауапкершілікті өз деңгейінде атқарып, халықты бірлік пен адал еңбекке жетелеп, жақсы тілектес болып отырған баршаңызды алда келе жатқан халықаралық қарттар күнімен шын жүрекпен құттықтаймын!, – деді аудан басшысы. Алматы облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов бұл іс-шара дəстүрлі мəдениет пен аға буын өкілдерінің ізгі қасиетін жас ұрпаққа дəріптеу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. – Бүгінде Алматы облысы ардагерлерге айырықша көңіл бөлуде. Облыс əкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен ардагерлер қауымына бағатталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биылдың өзінде ардагерлер арасында бата беру конкурсы мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Енді міне, өнер бəйгесінде бас қосып отырмыз. Ардагерлеріміз тасада қалмай, елге көрініп, өнерлері мен білімдерін жас ұрпаққа көрсетсін деген ниеттеміз. Жыл аяғына дейін ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен үлкен мерекелік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қоса, облыс əкімінің қолдауымен ардагерлердің «Алатау ардагері» атты газеті жақында сіздермен қауышатын болады. Сонымен қоса ардагерлердің əлеуметтік жағдайына да баса назар аударылмақ. Бұл өнер додасында шын жүйріктердің топ жаруына тілектеспін, – деді Е.Тұрымбетов. Ғасыр жасаған ҰОС ардагері Солтанбай Жарықбасов өнер аламанына қастушыларға ақ батасын беріп, оларға сəттілік тіледі. Аталған өнер сайысында бақ сынағандар хор, халық аспаптар ансамблі, вокалды ансамбль, трио, дуэт, жеке орындаушы, мəнерлеп оқу, би сынды 8 номинация бойынша жəне шахмат пен дойбы ойнаудан 230-ға жуық ардагер сынға түсті. Өнер додасынан қазақтың дəстүрлі өнерінің қалпын бұзбаған қарттарымызды, алтынға бергісіз əн өнерін жүрегімен əлдилеген əжелерімізді көрдік. Сахна төрінде шырқалып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, сезімін оятуы тиіс əндер ұмыт қалмай, осылай жарыққа шығып, жадымызда жүргені – құптарлық іс. Бұл, əсіресе рухани құндылықтардан ажырап бара жатқан кейінгі толқын жастарға керек. Қарттарымыз атақты Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының, Абай Құнанбайұлының, Шəмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын, халық əндерін де асқақтата шырқады. Сонымен қоса өзге этнос өкілдері де ұлттық өнерлерін көрсетіп, жиналған жұртқа жиі қол соқтырды. – Бүгінгі өнер додасында бас қосып, əн шырқап жатырмыз. Бұл – біз үшін зор қуаныш. Қазақтың домбыра ұстаған қара домалақ балаларына үлгі көрсетейін деп келдім. Өнер – ұрпақтан ұрпаққа қалатын асыл аманат, – дейді қасиетті Қарасаздан келген Оразхан есімді ақсақал. Біз асықпағанмен жүрдек уақыт тоқтасын ба? Əн əуелеп, жалынды жыр оқылған, мың бұралған би мен күмбірлеген күймен əрленген өнер аламаны да өз мəресіне жетті. Құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қайраткерлері, режиссерлер, театр жəне кино актерлері, Алматы облысының құрметті азаматтары бар қазылар алқасы орындаушылық шеберлікті, ойын-сауықты, əртістікті, көркемдік бейнені ашуды ескере, нөмірдің мəнерлілігінің жалпы өлшемдерін пайдалана отырып, қойылымдарды бағалады. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен, фестиваль жеңімпаздары төмендегідей номинация бойынша анықталды. 1. Үздік хор – «Червона рута» ұжымы, Еңбекшіқазақ ауданы 2. Үздік халық аспаптар ансамблі – «Шарын Садаси» ансамблі, Ұйғыр ауданы 3. Үздік вокал тобы – халықтық Əлібек Нұрғожа ансамблі, Іле ауданы 4. Үздік трио – «Шеңгелді» тобы, Қонаев қаласы 5. Үздік дуэт – Жүнісова Күлпара, Абиева Тұрсынай; Райымбек ауданы 6. Үздік жеке орындаушы – Нағима Таласбаева, Кеген ауданы 7. Үздік күйші – Замен Таухидин, Қарасай ауданы 8. Үздік мəнерлеп оқушы – Құсайынов Шаяхмет, Еңбекшіқазақ ауданы 9. Үздік əнші – Несипбаева Гүлшахар, Балқаш ауданы 10. Үздік би (үздік ансамбль) – «Ардагерлер» тобы, Талғар ауданы 11. Үздік бишілер (үздік əншілер) – «Асыл əже, ару келін» ансамблі, Жамбыл ауданы; Қалған қатысушылар облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Дипломдар мен ақшалай сыйлықтар, алғыс хаттар қатысушыларға салтанатты жағдайда тапсырылды. Фестивальға қатысушы 63-80 жас аралығындағы зейнеткерлерді олардың шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі, белсенділігі, айналасына қуаныш жəне жағымды əсер сыйлауға деген ұмтылыстары біріктірді.
Е.АСЫЛ.