Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келіп, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталды. Президент ең алдымен сапалы білімді қолжетімді етуді қолға алу қажеттігін атап кетті. Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дайындалды.Шынында да, қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті мамандар екені сөзсіз. Бұл бағытта елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін құрайтын дарынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, әлеуетін пайдалану көздерін қарастыру керек. Сондықтан да қазіргі уақыттан бастап болашақта сапалы білім беретін педагог даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз қажет. Ал сапалы білімді беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін – ұлағатты ұстаз. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі қоғамда оқытушылардың қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Бұл ретте Мемлекет басшысы «оқу орындарын білікті профессор-оқытушылық құраммен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деп ұстаздардың әлеуметтік жағдайының маңызды екенін алға тартты. Себебі ол әлеуметтік мәселелерге алаң қылмай, алаңсыз сабақ беруі тиіс.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды.Тұрақты даму мақсаттарының №4-ші мақсаты сапалы білім екенін алға тартқым келеді. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір,жаңа көзқарасты, жаңашылықты талап ететін уақыт. Соның ішінде,білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің маңызы зор. Саннан сапаға қызмет ету – бүгінгі талап. Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана түлектерін 60 пайыздық деңгейде жұмыспен қамтып отыр. Бұл жоғары көрсеткіш емес. Осыны ескерген Мемлекет басшысы саны бар, сапасы мардымсыз оқу орындары қысқартылып, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлай алатын іргелі оқу орындарына ғана мүмкіндіктер берілетінін қадап айтты.Бұл – сөзден іске көшудің айқын дәлелі. Ғылымды дамытпай, ұлттың дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Үкімет бұл мәселені ғылыми-зерттеулердің деңгейін арттыру және оны іс жүзінде қолдану тұрғысынан қарастыруы керек деді.
Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде оқытушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді.Осы жайттарды ескере отыра, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылар құрамы сапалы білім беру мақсатында аянбай еңбек етуде. Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуының тағы бір көрсеткіші – әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты. Білім саласына қатысты бұл бастамалар ел болашағының кемел болуына, дамыған елдермен тең түсер білікті тұлғалар дайындауға сеп болмақ. Білімге деген жанашырлық – ұлтқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық
іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к
Паришова Ақерке-заң факультетінің магистранты