spot_img
18 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарЖетісуда атақты қобызшы Молықбай Байсақұлына арналған ескерткіш бой көтермек

Жетісуда атақты қобызшы Молықбай Байсақұлына арналған ескерткіш бой көтермек

Ақсуда атақты қобызшы Молықбай баба аруағына алып ескерткіш орнатылмақ. Отан, ел алдындағы перзенттік парызын Жетісу өлкесінен шыққан кәсіпкер жігіттің ұлы Дарын Даниярұлы іске асырмақ, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.

Қазақ мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар Молықбай Байсақұлының есімі бүгінгі таңда көп жағдайда тек музыка саласында ғана айтылады. Ал оның ақындық, бақсылық, жыраулық өнері әлі күнге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалған.

Молықбайдың бойындағы қобызшылық өз заманының белгілі күйшілері болған әкесі Байсақ, атасы Бұғыбай, бабасы Жетібайдан дарығаны тек соңғы жылдары ғана айтылып, жазылып жүр. Өнер зерттеушілерінің Молықбай Байсақұлының қобызшылығына назар аударуына түрткі болатын дүние — әлi күнге дейін тек Ілияс Жансүгіровтің “Күй” деген поэмасы болып отыр.

Қобызшы — Молықбай шал Матайдағы,
Матайда — Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы,
 – дегенді әйгілі ақын жайдан-жай айтпағанын қазір зерттеушілердің де көзі жеткен. Өйткені Қорқыттан бастау алатын қобызбен орындалатын күй өнерінің тарихында бұл салада Ықыластан кейінгі ең көрнекті тұлға ретінде қазіргі кезде Молықбайдың аты аталады. Сондықтан Жетісу облысының Жансүгіров ауылында әйгілі өнер иесіне ескерткіш қойылады екен деген хабарды естігенде, ұлттық мәдениеттің жанашырлары бірден елең еткені анық. Өйткені бұл мәселе соңғы 30 жылдан бері көтеріліп жүргеніне қарамастан, әлі күнге дейін ол ұсыныс күйінде қалып келе жатқан болатын.

2007 жылы мамыр айында Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Молықбай Байсақұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми-танымдық конференцияда ҚазҰМА профессоры Раушан Мұсақожаева:

«Қорқыт күйлері әлі тірі. Қойлыбай, Молықбай, Ықылас сияқты қобызшылар оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Молықбай – қобызшы Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасының жалғастырушысы. Біз Молықбайды өз көзімен көріп, оның күйлерін тыңдап, “Күй” поэмасын жазған Ілияс ағамызға алғысымызды айтамыз. Кеңес заманында Қазақ елінде қалған жалғыз қобызшы осы Молықбай Байсақұлы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Өнер өшпейді. Молықбай — Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі. Паганиниге ескерткіш орнатылған. Елі оны құрметтейді. Ал қобызшыға ескерткіш орнатылмаған. Бұл – өкінішті», – деген еді.

Артында ұрпағы қалмаған қобызшыға ескерткіш орнату туралы ұсыныс ертеректе облыс әкімі болған Серік Үмбетовке де айтылған. Ол ұсыныс сол күйі іске аспаған еді. Енді “ештен кеш жақсы” дегендей, бұл олқылықтың орны толғалы отыр.

«Ескерткіш Жансүгіров ауылында Молықбай атындағы мәдениет үйінің алдына қойылады. Биіктігі 2,5 метр болатын, малдас құрып отырған атамыздың бейнесі қоладан жасалады. Ал астындағы тұғырының биіктігі 1,9 метр болғалы отыр. Оны Данияр Нұрбаев атындағы қор қаржыландырып отыр. Ескерткіш 2026 жылы наурыз не мамыр айында қойылады деп жоспарланып отыр. Қазір оның гипстегі нұсқасы дайындалып жатыр. 150 жылдығы қарсаңында Молықбайға Талдықорғанда көше аты берілген. Ал аудан орталығында әлі Молықбай Байсақұлы атындағы көше жоқ. Молықбайдың қобызы мен тұрған ауылда болды. Молықбай атамыздың жалғыз ұлы Тілеубек 1942 жылы соғыста қайтыс болған. Оның шаңырағында қалған қобызды атамыздың келіні Адасқан деген апамыз сақтап келген. Кейін Адасқан апамыздан Молықбайдың қобызын Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болып тұрғанда Мырзатай Жолдасбеков Үлгілі ауылына барып, сұрап алып Ілияс Жансүгіровтың әдеби музейіне тапсырған. Оған реставрацияны Қазақбаев деген жігіт жасап, інісі Молықбайдың 150 жылдық мерейтойында алғаш рет күй ойнады», – дейді Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында тұратын “Бөрібай батыр” қорының төрағасы Берікбол Тасымов ақсақал.

Берікбол Төлегенұлының айтуынша, бұл шара 2028 жылы туғанына 170 жыл толғалы отырған Молықбай Байсақұлының мерейтойына дайындықтың басы болғалы отыр.

Данияр Нұрбаев атындағы қор басшысы Дарын Даниярұлы бұл іске білек сыбана кірісіп, жұмысты бастап кетті. Оның әкесі Данияр Молдиярұлы тірісінде елге қайырымдылығымен, ақкөңіл мәрттігімен танылған жігіттің сырттаны болған еді. Өмірден мезгілсіз ерте кеткен кәсіпкер жігіттің тұяғы әке жолын жалғай бермек.

«Мен, осы әулеттің ұрпақ жалғастырушысы ретінде, өз атам Молдиярмен мақтанамын. Атам — халқына адал қызмет еткен, елінің ардақты азаматы. Әкем Данияр да — туған жерін шексіз сүйген, шыққан тегін мақтан тұтқан, нағыз батыр мінезді тұлға еді. Біз бұл ескерткішті орнату арқылы келер ұрпаққа үлкен аманат қалдырғымыз келеді. Олар өз тегін, тарихын, бабалар рухын, туған жердің қадірін білсін, ұмытпасын деген ниетіміз бар. Алла қаласа, алдағы көктемде осы ескерткішті орнатып, үлкен той жасаймыз. Бұл той — рухтың, бірліктің, ұрпақ сабақтастығының тойы болмақ. Біз туған жерге деген сүйіспеншілікті, бабаларға деген құрметті ұмытпай, ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтамыз. Осы бір ескерткіш — соның жарқын белгісі болсын», – деді Дарын Молдияров.

Еске салсақ, атақты қобызшы Молықбай күллі Алаштың ардақтысы болған Ілияс Жансүгіровтің атын қойған аруақты адам болған.

Соңғы мақалалар

Оқуға