Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі негізгі өзгерістерге қатысты БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.
Іс-шара барысында журналистер мен медицина ұйымдарының еңбек ұжымдарына денсаулық сақтау саласындағы жаңа өзгерістер таныстырылды. Бұл өзгерістер 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Спикерлер медициналық көмек көрсету жүйесінде нақты не өзгеретінін, бұл өзгерістердің пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қалай әсер ететінін, сондай-ақ кімдерге қосымша кепілдіктер берілетінін егжей-тегжейлі баяндады.
МӘМС жүйесіне жарналарға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілуде. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналар есептелетін табыстың жоғарғы шегі артады: жұмыскерлер үшін 20 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ), ал жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ-ға дейін. Бұл ретте жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Бұл жаңашылдық айлық табысы 850 мың теңгеден асатын елдегі жұмыскерлердің 9%-ына ғана әсер етеді. Ал қалған 91% қызметкерлер үшін ештеңе өзгермейді.
Ерекше назар тұрақты түрде бес жыл бойы жарна төлеген азаматтарға арналған жаңа ережеге аударылды. Бұл ереже бойынша, олар табысынан уақытша айырылған жағдайда сақтандырылған мәртебесін алты ай бойы сақтап қала алады. Бұрын бұл жеңілдік мерзімі үш ай болатын.
Сондай-ақ реформа аясында әлеуметтік осал топтарға қосымша қолдау көзделген. Дағдарыстық санатқа (D және E топтары) жататын шамамен 1 миллион қазақстандық медициналық көмекті жергілікті бюджет есебінен ала алады.
«Бүгінде Жетісу облысында 35 мыңнан астам адам осы әлеуметтік санатқа жатады және енді олар медициналық көмекке жүгінген сәттен бастап МӘМС жүйесімен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтылады», — деді Жетісу облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Иван Самойленко.
Реформаның басты бағыттарының бірі – Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу болмақ. Бұл пакет барлық азаматтарға, олардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, өмірлік маңызды медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мысалы, бұған дейін тек сақтандырылған тұлғаларға ғана жүргізілетін онкоскринингтер енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізіліп, барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болады.
«Скринингтер – өмірді құтқаратын шаралар. Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, жазылып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан скринингтерді баршаға қолжетімді ету – ауруды алдын алу жүйесіндегі үлкен қадам», — деп атап өтті Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов.
Ұсынылған өзгерістер мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесін әділеттірек етуге деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл жүйеде әрбір азамат өзінің әлеуметтік немесе сақтандыру мәртебесіне қарамастан сапалы медициналық көмек ала алады.
Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасындағы баспасөз туры: МӘМС туралы заңдағы өзгерістер аясында медициналық көмек қалай өзгереді
