spot_img
4 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарРеспублика күні- маңызды мереке

Республика күні- маңызды мереке

 Қазақстан Республикасы дамудың даңғыл жолындағы, егемендігі еңселі мемлекет. Еліміздегі ерекше мейрамдардың бірі — 25 қазан — Республика күні, мемлекеттік маңызы бар айтулы мереке. Мереке тарихына үңілсек, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ,  егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Дегенмен аталған құжатт ықабылдау оңайға соқпаған, оған себеп, сол кездегі елдің ұлттық құрамының әркелкілігі. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

     Республика күні- сан ғасырларға жалғасқан егемендік үшін күрестің екпінді нәтижесі. Халқымыздың тәуелсіздік үшін күресінің сонау тайпалар заманынан бастау алғаны тарихтан мәлім. Тұғырлы тәуелсіздігімізге ие болғанға дейін, түркі тайпаларынан өз тамырын тауып, алаш атымен өз сара жолын қалыптастырып, жеріне көз тіккен жоңғарлармен арпалысып, орыстың бодандығына түсіп, күрделі шырмаудан шығар жол іздеп, бодандықта күн кешуге намысы мен жаратылысы жол бермей, бас көтеріп, тәуелсіздікке ұмтылды.

     Сан соқпақтан өткен алаш жұртшылығының бүгінгі күні тарихтағы аса бір бақытты шағы десек қателесепейміз, себебі, біздің еліміз дәл бүгінгідей егемен, еркін, шексіз мүмкіндіктерге ие болмаған. Азаттық ата-бабаларымыздың төккен терінің нәтижесінде келсе, оны баянды ету бүгінгі және келер ұрпақтың қолында.

   Республика күні құтты болсын! Елдігіміз мәңгі, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Республикамыз гүлдене берсін!

Ақерне НҰРӘЛІМҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Соңғы мақалалар

Оқуға