Алматыда бір топ тұрғындар мемлекеттің қаражатына күтіп-бапталған жердің аяқ астынан жекеменшікке өтіп кеткеніне наразылық танытты. Айтуларынша, халық бос жерге балалар ойнайтын алаң салуды әкімдіктен бірнеше рет сұраған. Алайда алаңқайдың жекеге сатылып кеткенін халық құрылыс басталғанда бірақ білген.
Алматы қаласындағы Наурызбай ауданы, Ақжар ықшамауданының Тараз, Сәттілік көшелерінің тұрғындары үйлерінің жанынан басталып жатқан құрылыс нысанына наразы. Құрылыс аумағында техникалық паспорт та ілінбеген. Халық қандай құрылыс нысаны салынатынынан бейхабар, әрі балалардың қауіпсіздігіне де алаңдаулы.
«Біз бір ай бұрын әкімдікке хат жазып, мына бос жатқан жерді балаларға беріңдер, ойын алаңын салуға дедік. Бізге бұл жерде автокөлік жуатын жер болады деді басында. Біз қарсылық таныттық. Бір жап жас бала жүгіріп жүр, оған ештеңе айта алмаймыз. Негізгі иесі басқа, оған келсін дедік. Ертеңнен қара кешке дейін бізді шаңға көміп жатыр», — деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жалғас Жанғалиев.
Құрылыс жүргізіп жатқан компания ешкімге ескертпестен жасыл желектерді кесіп тастаған. Ал ол ағаштардың бәрі халықтың ақшасына егілген және күтіп бапталған дейді ашулы халық. Тұрғындардың сөзінше, қызыл сызықтың үстінен, орталық су құбыры тартылған жерден құрылыс жұмыстары басталған. Ал іргеде тұрған Наурызбай ауданының әкімдігі ештеңені көрмегендей, білмегендей үнсіз отыр.
«Әкімдік қайда қарап отыр? Әкімдіктің есебінен ағаштарды суарды. Мына жерге құрылыс салып жатыр. Оның бізге мүлдем қажеті жоқ. Мына жерде аудандық полиция басқармасы тұр, ол жақтан қаншама мас адамдар шығады. Дүкен болса не болады? Міне әкімдік, он минутқа келіп кетсе де болады ғой. Сұмдық қой енді. Біздің бала-шағаның шырқын бұзды. Жаңа Қазақстандағы модернизациясы қайда?», — деді ашулы тұрғындар.
Жиналған қарашаны толғандырған мәселе көп. Қоршалып, құрылысы басталған нысаннан бейхабар тұрғындар әр нәрседен үрейленеді. Сонымен қатар тұрғындардың айтуынша құрылыс аумағында ашық шұңқыр көзі, оталған жасыл желектер, электр желілерінде орын алып отырған өрескел заңбұзушылықтар бар.
«Жердің жекеменшікке өткеніне үш-төрт жыл болды дейді. Онда ағаштарды неге әкімдікт бюджеттің есебінен күтіп, баптап келді? Қазылған қоқысты, топырақты ана жердегі полияға төгіп жатыр. Өз көзіммен көрдім. Үш қабатты дүкен дүкен, бургер сататын жер болады дейді. Біз жолдың бойындағы мұндай құрылысқа қарсымыз», — деді Назерке Оралбекова.
Ал қарсы ойларын айтуға жиналған халықпен сөйлесуге келген жігіт, жерді сатып алдық деп отыр. Бірақ қолында ешқандай көрсететін құжаты болмады.
«Жерді 3-4 жыл бұрын сатып алдық, әкімдік арқылы емес. Бұл жердің құжаттары бар, ешқандай проблема жоқ. Мұнда қандай да бір ғимарат салғымыз келеді, кәсіпкерге жалға беретін дүкен салу сынды. Ешқандай спирттік өнімдер болмайды, бұған жүз пайыз кепілдік беремін. Міндетті түрде төлқұжатпен қамтамасыз етеміз», -деді құрылысқа жауаптымын деген Әлихан Абылғазыұлы.
Тұрғындар тарапынан әкімшілікке бұрында бірнеше рет хат жолданыпты. Жер иесімін деген жігіттің сөзіне қанағаттанбаған тұрғындар әкімшілікке жиналды. Орын алған мәселені өз ауыздарымен жеткізуге тырысты. Әкімдіктегілер жеке меншікті тексеру біздің құзыретімізге кірмейді деп сылтау айтқан. Алайда ақыры салынып жатқан құрылыстың орнын барып көруге шешім қабылдады.
«Ағаш кесу бойынша қаланың көріктендіру ережесі бар. Соған сай тиісті мекемелер айналысады. Егер ағаштар рұқсатсыз кесілсе, айыппұл салынып, өтемақы ағаштарын отырғызады. Ал егер құрылыс жұмыстарына рұқсаттмалары жоқ болса, онда тиісті мекемелер арқылы құрылыс жұмыстары тоқтатылады», -деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылан Орынбеков.
Құрылыс басын аралап, оны өз көздерген шенеунік жағдайды бақылауда ұстайтындарын жеткізді. Айтуларынша, жердің кімге тиесілі екенін әкімдіктегілер білмейді. Өткені жерді жекеменшікке беру аудан әкімдігінің құзыретінде емес. Алайда халық бұл жердің меншікке өтіп кетуіне бұрынғы аудан әкімінің қатысы бар деп санайды.