spot_img
14 C
Алматы
Басты бетӘлемдеОраза кезінде қалай тамақтану керек? Нутрициолог кеңесі

Ораза кезінде қалай тамақтану керек? Нутрициолог кеңесі

Қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Ағзаға зиян келмес үшін және күні бойы сергек жүру үшін ораза кезінде қалай тамақтану керек? Massaget.kz тілшісіне интегративті нутрициолог Ажниязова Айымгүл бірнеше пайдалы кеңес берді.

Маман биыл ораза ұстайтын жандар үшін тамақ ішетін уақыт аш жүретін уақытқа қарағанда қысқа болатынын айтты. 

“Бізде қазақтарда, жалпы ТМД елдерінде адамдар бір-бірін ауызашарға шақырады. Қонақжай халық болғасын дастарханды мүмкіндігінше толтырып қоямыз және көп адам шақырамыз. Қарны ашып келген адам ауызашар кезінде тойсын деп ойлаймыз. Жалпы қонаққа бармаса да, көп адам ауызашарда қатты тойып кеткенше тамақ жейді. Рамазан айы көктемге келіп тұр, ауызашар мен сәресінің арасы ұзарды. Десе де ауызашар мен сәресінің арасы сәре мен ауыашардың арасына қарағанда қысқа. Яғни, тамақ ішетін уақытымыз аш жүретін уақытымызға қарағанда қысқа”, – дейді Ажниязова Айымгүл.

Нутрициолог ағзаға зиян келмес үшін және күні бойы сергек жүру үшін оразада тамақтану кезінде мына ұсыныстарды сақтауға кеңес берді:

1-ұсыныс: сәресінде тойымды тамақты жеу. Әдетте адамдар ауызашарға тойып тамақ жеп алады, одан кейін түрлі десерттермен шай ішеді. Содан соң сәресіне тұрған кезде көпшіліктің тамаққа тәбеті болмайды. Тәбет болмағасын сәресін жеңіл-желпі іше салады. Мысалы, шай іше салады, маусымы болса, қарбыз-қауын жей салады. Кейбіреулер сәресіне нан мен май секілді не бар соны жей салады. Бұл негізгі қателік.

Керісінше, дәл аш болып жүретін кезеңнің алдында тойып алған дұрыс. Сәресіден кейінгі уақытқа дайындалып, сәресінде тамақты дұрыстап жеп алсаңыз, аштық қатты сезілмейді, мүмкін емес әлсіздік болмайды, бас ауырмайды, қарын ашқаннан ашулану немесе мазасыздану болмайды. Себебі адам сәресінде тойып алды, тамағы толықтай қорытылғанша біраз уақытқа дейін шыдайды және ораза айын белсенді өткізеді. Мысалы, кей оқушы балалар сәресіде дұрыс тамақ ішпейді, сол үшін сабақта ұйықтап, әлсіз болып отырады, есінен танып құлап қалатындар да бар. Сол секілді жұмыс істейтін адамдар сәресіне дұрыс тұрмағасын ұйқысы келіп, мазасы кетіп жұмысын жасай алмай отырады. Осының барлығын сәресінде дұрыс тамақ ішу арқылы алдын алуға болады. Ол құнарлы тамақ болуы керек. Мысалы, малдың, құстың немесе балықтың еті. Ешбір адам сәресіне палау, котлет секілді тамақтарды жемейді. Алайда негізі сондай тойымды тамақты сәресіне жеу керек.

2-ұсыныс: ауызашарда жеңіл тамақтар жеу. Сәресіне тамақты тойып жеу үшін оның тамаққа тәбеті болуы керек. Ауызашарда қатты тойып алсаңыз, сәресіде тәбетіңіз болмайтыны анық. Сондықтан ауызашарда жеңіл әрі тез қорытындылатын тамақ жеген жөн. Мысалы: борщ, салаттар және т.б. Ауызашарда да еттен жасалған тағамдар жеуге болады, бірақ онымен бірге ұннан жасалған тағамдар жеп, одан соң ұннан жасалған десерт жеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ тамақты асықпай жеңіз. егер тамақты ұзақ шайнасаңыз, тез тоясыз. Ауызашарда көкөністері мен ақуызы бар тағамдар жеуге тырысыңыз. Сол кезде сәресінде тамаққа тәбетіңіз болады.

3-ұсыныс: ұйқы және су режимін сақтау. Сағат 00:00-ге дейін жатып қалыңыз. Кей адамдар сәресіге дейін ұйықтамай жүреді. Сол үшін күндіз шаршайды және әлсіздік бой алады. Бұл да өздерінің оқуына және жұмысына кедергі келтіреді. Ораза кезінде кей адамдарда өтпен проблема туындайды. Оның себебі – сирек тамақ ішу және одан да сирек су ішу. Сондықтан ораза кезінде су режимін сақтау маңызды. Ауыз ашқан кезде 1-2 стақан жылы суды асықпай отырып ішіңіз. Одан кейін тамақтанып болған соң 1 сағат өткеннен кейін суды ұрттап-ұрттап, оның нормасын ішуге болады. Ауызашарда және сәресіде толтырып 1 л-ден су ішіп алсаңыз, ол бірден кіші дәрет болып шығып кетеді. Сондықтан ояу жүрген кезіңізде әр 15 минут сайын суды біртіндеп ұрттап ішу керек. Сол кезде күндіз ағзаңызда сусыздану болмайды.

Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі – Рамазан айы. Биыл оның ұзақтығы – 30 күн. Мұсылман күнтізбесі ай күнтізбесіне негізделген, сондықтан жыл сайын Рамазан айының басталу және аяқталу күндері өзгереді. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Соңғы мақалалар

Оқуға