Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде өзендер тартылып жатқанын, су шаруашылығы саясатында көрші елдермен байланыс орнату маңызды екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында ведомство басшысы 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын таныстырды.
“Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып саналады. Салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің (Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері) су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария (90 пайыз), Жайық-Каспий (80 пайыз), Шу-Талас (75 пайыз), Балқаш-Алакөл (45 пайыз) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12 пайыз) және Ертіс (20 пайыз) су шаруашылығы бассейні неғұрлым осал саналады”, – деді Нұржан Нұржігітов.
Ол еліміздегі өзендер біртіндеп тартылып жатқанын жеткізді.
“География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша (2023 жылғы 1 наурыз) 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді. Осыған байланысты трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал процесін ескеріп, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуға тиіс”, – деді министр.
Ведомство басшысы мәселені шешу үшін көрші елдермен келіссөз жүргізу керек деген пікірде.
“Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді. Мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою тұжырымдамада көзделген. Халықаралық су ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі Орталық Азияның су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін әзірлеу болып саналады. Сондай-ақ трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланып отыр”, – деді министр.
Аяз Есен