spot_img
14 C
Алматы
Басты бетБас тақырыпЖер сілкінісі жайлы Құран мен Пайғамбар не дейді?

Жер сілкінісі жайлы Құран мен Пайғамбар не дейді?

Жер сілкінісі адамдардың күнәларынан бола ма? “Нұр-Мүбарак” университеті, Исламтану кафедрасының (м.а.) доценті, PhD докторы Асқар Әкімхан жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 – Жер сілкінісі неден болады? Зілзала жайлы Құран мен Пайғамбар не дейді?

Жақында болған жер сілкінісінен соң артынша әлеуметтік желілерде “жер адамдардың күнәлары себепті сілкінеді, уа, жараңдар тәубелеріңе келіңдер” деген сарындағы діни уағыздар қаптап кетті. Енді осы мәселеге дін әрі ғылым тұрғысынан қарап көрейік. Құранда зілзала негізінен екі түрлі сипатта баяндалған. Біріншіден, күпірлікте шектен шығып, Алланың қаһарына ұшыраған бұрынғы қауымдардың зілзаламен жермен-жексен болғаны айтылған. Мысалы Шұғайп пайғамбар мен Салих пайғамбардың қауымдары шектен шыққан күпірліктері себепті зілзаламен жойылған. 

Ал соңғы Пайғамбар үмбетінің, яғни Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) кейінгі бүкіл адамзаттың бұрынғы қауымдар сияқты алапат азаппен жаппай азапталмайтыны жайында Алланың Пайғамбарына берген уәдесі бар екені белгілі. Екіншісі, қиямет қайым орнайтын кезде болатын, бүкіл жер бетін алатын алапат Зілзала, ол жайлы Құранда “Зілзала” деп аталған арнайы сүре бар.

 – Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде жер сілкінісі туралы не айтқан?

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде жердің жиі сілкінуінің ақырзаман белгілерінен екендігі айтылады, яғни ақырзаманда жер сілкінісі көбейеді делінген риуаяттар бар. Ендеше Құран мен хадистерде жер сілкінісі тек қана адамдардың күнәлары себепті орын алады деген кесімді сөз жоқ. Сондықтан жердің қозғалғанын тек адамдардың күнәларымен байланыстыра беру орынсыз.

Иә, әділ халифа Омар Фаруқ және халифа Омар ибн Абдулазиз сынды тұлғалардың өз заманында болған жер сілкінісін адамдардың күнәлары себепті деп айтқаны жайлы риуаяттар кездеседі, әрине, дегенмен бұл аят емес, хадис емес, әрі кетсе аталған тұлғалардың өз пайымы бойынша, жер сілкінісінің көп себептерінің бірі ғана.

  – Жер сілкінісіне қай тұстан қарауымыз керек?

Меніңше бұл құбылысқа бәрінен бұрын табиғат заңдылықтары тұрғысынан қарауымыз керек. Табиғат заңдылықтары да Жаратушының орнатқан заңдылықтары, яғни “Сүннәт Алла” екені белгілі. Ендеше табиғатта орын алып жатқан әрбір құбылысқа бәрінен бұрын ғылыми тұрғыдан қарап, зерттеп, баға беру діни тұрғыдан құпталатын іс. Сондықтан жер сілкінісінің себептерін геодезия, геофизика, сейсмология сынды ғылымдарға жүгіне отырып анықтап, түсіндірген жөн.

Бұдан бөлек, қарапайым логикаға салып қарасақ, жер бетінде жер сілкінісі жиі болатын сейсмикалық аймақтар болғаны сияқты, сейсмикалық қауіпті аймаққа жатпайтын жерлер де бар. Мысалы Жапоня, Қытай, Иран, Түркия, Перу, т.с.с. елдер жер жиі һәм қатты сілкінетін сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан, ал Қатар, Сауд Арабиясы, Андора, Швеция, Норвегия, Финляндия, т.с.с. бірқатар елдерде жер сілкінісі негізінен болмайды, болған күннің өзінде, өте сирек әрі болмашы ғана. Ал енді жер сілкінісі тек адамдардың күнәлары себепті болады деген логикаға салатын болсақ, алғашқы тізімдегі елдерде тек имансыз күнәһарлар, екінші тізімдегі елдерде кілең Құдайға қараған тақуалар өмір сүреді деген мағына шықпай ма?

 – Ислам әлемінің ғалымдары бұл құбылысқа қандай түсініктеме берген?

Исам Тәлима деген дін ғалымның “жер сілкінісін Алланың қаһары, жазасы деп, біржақты пайымдау Исламдағы жер сілкінісінен қираған ғимараттардың астында қалып, қаза тапқан адамдар шейіт болады деген түсінік пен ұстанымға логикалық тұрғыдан қайшы келеді” деген сөзі бар. Ендеше қадірменді діндар қауым! Кез келген мәселеге кең әрі жан-жақты қарауға, терең пайымдауға тырысайық.

Сонымен қатар Құранда: “Бастарыңа келген әрбір қасірет өз қолдарыңмен істеген істеріңнің кесірінен, алайда Алла көбін кешіреді” (Шура 30) деген мазмұндағы аяттардың да бар екенін қаперімізде ұстайық…

 – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Соңғы мақалалар

Оқуға