spot_img
14 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАкушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында халықаралық деңгейде тіжірибе алмасылды

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында халықаралық деңгейде тіжірибе алмасылды

Қазақстан Республикасының Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында (АГПҒО) “EPG” адами капиталды дамыту қоры ұйымдастыруымен Страсбург университеттік ауруханаларының (УБС, Франция) профессорлары мен дәрігерлері қатысқан дәріс өтті. Бұл іс-шара француз және қазақстандық мамандар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызды кезеңі болды.

Қазіргі уақытта УБС медицина және физиология бойынша 6 Нобель сыйлығының лауреаттары қызмет ететін әлемдік деңгейдегі медицина орталығы болып табылады. Еуропадағы акушерлік қызметтің даму тамыры осы Страсбургтен бастау алады, сондықтан УБС акушерлік мектебімен және акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасымен аса танымал.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник «Мемлекет басшысы, Президент Тоқаев аурулардың алдын алу және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға үлкен көңіл бөлуде. Денсаулық сақтау, білім және ғылым мамандарын, резиденттерді, практиктерді және медицинаға жаңа технологияларды енгізетін зерттеушілерді біріктіруге арналған «Страсбург университеттік ауруханаларының тәжірибесі» халықаралық семинары тәжірибелік көмек көрсетуді жақсарту үшін медицинаға жаңа технологияларды енгізуге бағытталған. Ол екі ел арасындағы диалогтың нағыз алаңына айналатынына сенімдімін. Нағыз кәсіпқойлар екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықты бастады», – деп атап айтты.

«EPG адами капиталды дамыту қорының мақсаттарының бірі – Қазақстанда білім және медицина саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен стандарттарды енгізу. Бұл жолы біз Франциядан сапалы мамандардың келуіне қолдау білдірдік. Алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлермен тәжірибе алмасу үшін әлемдік деңгейдегі үздік сарапшыларды шақырып, елдегі медицинаның сапасын арттыруға атсалысатын боламыз», – деді, EPG қоры директорлар кеңесінің мүшесі, Aport ОСО директорлар кеңесінің төрағасы Балтабек Мұқашев.

УБС гинекологиялық онкология кафедрасының меңгерушісі, доктор Cherif Akladios кесар тілігінің көбеюінің әлемдік тенденциясына байланысты акушер-дәрігерлер алдында тұрған қиындықтар туралы дәріс оқыды. Дәрігер атап өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кесар тілігі операциясы көлемінің 15%-ын ұстап тұру туралы ұсыныстарына қарамастан, Францияда бұл көрсеткіш 20%, Италияда 35% құрайды. Бұл, ең алдымен, бірінші босанған аналардың орташа жасының ұлғаюымен байланысты. Бұрын әйелдердің орташа жасы 20 жас болса, бүгінде ол 30 жастан асты. Алғаш босанатын әйелдердің айтарлықтай өсуі (70%-ға) 40 жастағылар арасында байқалады. Қоғамдағы осы құбылыстар дәрігерлерден тәсілдерді өзгертуді және жылдам шешім қабылдауды талап етеді.

Гинекология, босану және репродуктивті медицина кафедрасының меңгерушісі, доктор Olivier PIRRELLO преэклампсия тақырыптары бойынша жаңа халықаралық ұсыныстармен бөлісті. Сонымен қатар ол «Әйелдердің бала туу қабілетін сақтаудың көмекші репродуктивті технологиялары» тақырыбында баяндама жасады.

УБС акушер-координаторы Nadine KNEZOVIC «Францияда пациенттердің құқықтарын сақтау және босану кезіндегі акушерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы көмек» атты қоғамда да, медицинада да көтеріліп жатқан өзекті тақырыптар бойынша баяндамасын таныстырды.

Қорытындысында АГПҒО директоры Гүлфайруз Оразбаева «Біздің мекеме Қазақстан Республикасының акушерлік қызметінің жетекші ғылыми орталығы болып табылады. Біз клиникалық, ұйымдастырушылық, әдістемелік, бақылау, ғылыми және білім беру қызметін жүзеге асырамыз. Бұл ретте біз клиника, ғылым және білім үштұғырлылығы қағидасын ұстанып, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің университеттік емханасы болып табыламыз. Осыған байланысты Страсбург университеттік ауруханаларындағы француз әріптестерінің тәжірибесі жаһандық тәжірибені қабылдауға және орталық қызметінің барлық бағыттарын жақсартуға мүмкіндік береді».

Соңғы мақалалар

Оқуға