spot_img
14 C
Алматы
Басты бетӘлемдеШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ БОЛҒАЙ

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ БОЛҒАЙ

Қоғам дамуының қай кезеңі болмасын оның ықпалды күштерінің ең алдыңғы сапында бұқаралық ақпарат құралдарының жүретіні белгілі. БАҚтың тəуелсіз мемлекет, жаңа қоғамды қалыптастыру жолындағы қыруар істері жөнінде Ел Президенті үнемі айтып келеді. Тіршілік сəт сайын қарым-қатынастан құралатын болса, соның дəнекері ой мен тіл, сөз құдыреті, білісу, ұғынысу десек, баспасөз-соның ұйытқысы. Баспасөз-өмір айнасы. Сөз-өмірдің ұлы қаруы.

Елімізде, сол сияқты Алматы облысында əлеуметтік-экономикалық салалар жағынан өзгеріс өте көп. Тұрмыстың барған сайын жақсаруы, өмір сүру деңгейінің артуы-мемлекетімізде жүргізіліп отырған реформалардың, бағдарламалардың арқасы. Ал, оларды халыққа түсіндіретін, насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде газет-журналдар. Ақпараттық сайттар негізінен жұртты елең еткізетін жаңалықтарға бейім келсе, мерзімді басылымдар идеология майданында ауыр жүкті көтереді. Өйткені, газет-тарих сынынан сүрінбей өтіп, біздің заманымызға дейін жеткен адамзаттың ең асыл рухани қазыналарының бірі. Осы орайда облыстық «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттері тек жаңалықтар жаршысы емес, осы өңіріміздің айнасы екендігіне дау жоқ. Енді осы газеттердің қатарына жаңадан ашылып отырған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық ардагерлер ұйымының «Алатау ардагері» атты басылымы да қосылды. Облыс үшін бұл-қуанышты жағдай. Ендігі жерде облыс аудандарындағы ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары, қазыналы қарттарымыздың қоғам дамуына қосып отырған үлестері, олардың игі істері, көңілдерінде жүрген мұң-мұқтаждары жайлы жаңалықтарды өздерінің төл газеті арқылы хабардар болып отырады. «Алатау ардагері» газетінің жарыққа шығуын облыстың ардагерлері қуанышпен қарсы алды. Тіптен кейбір ауданның ардагерлер ұйымы 2024 жылға жаңа басылымды жаздырып алуды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын бастап кетті. Атап айтсақ, Іле аудандық ардагерлер ұйымның төрағасы Əмзе Исаев жаңа басылымға жазылу жөнінде барлық округтерді аралап, зейнет жасындағы адамдармен кездесіп қайтты. Кездесу барысында Əмзе Əлдибекұлы Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төл басылымының бағыт-бағдарына, мазмұнына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар аға ұрпақ өкілінің бұл басылымға қолдау көрсету қажеттілігіне тоқталып, баспасөзге жазылудың жай-жапсарын айтып өтті. Барлық кездесуде округ тұрғындары ардагерлердің тыныс-тіршілігін нсихаттайтын өздерінің төл басылымының шыға бастағандығын қуана қабылдады. Жергілікті халық жаңа басылымға қолдау білдіре отырып, өз ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын да айтты. Мəселен, Боралдай кенттік аналар кеңесінің төрайымы Мархаба Қаламбаева өзінің сөзінде Қызылорда қаласынан шығатын «Ардагер айнасы» атты республикалық газетті жаздырып алтындығын, бірақ онда Алматы облысы жайында ештеңе жарияланбайтындығын айта келіп, облыстық жаңа басылымның шыққанына қуанышын білдірді. – Зейнет жасындағы адамдар жасымыздан газет-журнал оқып үйреніп қалғанбыз, – деп сөзін жалғастырды Марқаба Қаламбаева. – Сондықтан өзіміздің төл басылымымыздың болатындығы біздерді қуантады. Қай кезеңде болмасын ардагерлердің мол тəжірибесі мен өмірден түйгені, көрген-білгендері-бүгінгі ұрпақ үшін таусылмас қазына. Аға ұрпақ өкілінің жастарға өз білгенін үйрету, оларды елжандылыққа тəрбиелеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мақсатындағы жұмыстары ендігі жерде «Алатау ардагері» газетінде жарияланатындығына сеніміміз мол. Алайда, бұл газеттің аудандық басылым сияқты жарнамаға толы болғанын біз қаламаймыз. Зейнеткерлерге жарнамадан гөрі танымдық тарихи мақалалар аса қажет. Ал, КазЦИК округі ардагерлер ұйымының төрағасы Меліс Жəмілов Абайдың қара сөздерін, Төле би, Əйтеке би, Қазыбек би сияқты қазақ данышпандарының кезінде айтқан ой-пікірлерінің газет бетінде қайта жарияланып тұруының жастарға үлкен пайда əкелетіндігін айтты. Ащыбұлақ округінің зейнеткерлері де «Алатау ардагері» газетінің жарыққа шығуына үлкен қолдау білдірді. Осы округтегі ардагерлер ұйымының төрағасы Рүстем Бақтыбаев жергілікті ардагерлер ұйымдарының жұмысын кеңінен насихаттаудың қажеттілігіне тоқталды. Жетігендіктер де жаңа газетті жаздырып ала тындықтарына сенімдерін біл діре отырып, пош та бө лім шесінің жұмысына көңіл дерінің толмайтындығын айтты. – Пошта тасушылардың жалақысының мардымсыз екендігін білеміз, – деді өз сөзінде Жетіген ауылдық арда герлер ұйымының төрағасы Асқар Махмудұлы Юсупов. – Дегенмен газетті уақтысында алып, жаңалықтарды дер кезінде біліп отырудың жөні бөлек қой. Менің ойымша Құйған, Еңбек, Жаңаарна сияқты кішкентай елді мекендердегі зейнеткерлерге сол жердегі ардагерлер ұйымының төрағасы арқылы тарату тиімдірек сияқты. Ауылдың ақсақалы Жетігендегі орталық поштадан газетті алып кетіп, өз ауылындағы аз ғана зейнеткерлердің үйін аралап, олардың қал-жағдайын біле отырып, басылымды апарып берсе, нұр үстіне нұр болмай ма?! Асқар Махмудұлының сөзін жерлестері бірден қолдады. «Онсыз да біздер жетісіне бір рет замандастарымыздың қал-жағдайын біліп тұрамыз, бір дана газетті апарып берудің түк қиындығы жоқ» десті олар. Иə, жаңа басылым жақсылықтың жаршысы бола отырып, ардагерлерді жаңалыққа жақындастыруға, оларды қоғамдық жұмыстарға белсене тартуға жұмылдыра білетін қуатты құрал болатындығы сөзсіз. «Алатау ардагері» облыс ардагерлерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, халықтың тілі мен үніне айналып, жарқын өміріміздің жоғары өрлеген экономикасы мен əлеуметін, мəдениетін көрсетуде əр оқырманның жүрегіне жол табады деген сенімдеміз. Жаңа басылым шындықтың шырақшысы болғай! Ілелік ардагерлерінің бұл тəжірибесі басқа аудандарға үлігі болса нұр үстіне нұр.

Роза АЙДАРБЕКОВА.

Соңғы мақалалар

Оқуға