spot_img
14 C
Алматы
Басты бетӘлемдеАйтайын дегенiм…

Айтайын дегенiм…

Мына жарық дүниеге келген əр жұмыр басты пенде аз күндік ғұмырында артына із тастап кетуді мақсат етіп, сол жолда əрекет етері анық. Ғұмырлық сапар жолында қуанышты сəттердің көп болуын Құдырет иесінен сұрап, соның жолында бар жиған-тергенін шашатыны да-өмірде көріп жүрген дүниеміз. Баласының азамат атанып, бір басының екеу болғанын көріп, ұрпақ жалғастығын сезінгенін үлкен бақыт санары анық. Расында, ата-ана үшін одан артық бақыт бар дейсіз бе?! Сол ойдың құшағында жүріп, күздікүні болатын баласының үйлену тойына көктемнен бастап дайындалатыны тағы анық.

Мəселен, бір ауылда үш жүз шаңырақ бар деп есептейік. Қазір нарық бағасы шарықтап кетіп жатқанда бір мың теңге көп ақша болмай да қалған секілді. Бір ауылдағы үш жүз шаңырақтан əр ай сайын мың теңгеден арнайы қорға беріп отырса, бірінші айда оның көлемі үш жүз мың теңгені құрайды екен. Екінші айда сол үш жүз мыңға сонша қаржы қосылады. Ауылдағы азаматтардың амандығын тілейік, үшінші айда бір миллионға таяу қаржы жиналатын көрінеді. Бір қарағанда бұл-қомақты қаржы. Қаза болған шаңыраққа комиссия мүшелерінің ортақ ұйғарымымен сол үйге жиналған қаржыдан ұялмай көмек беруге болады. «Ашаршылықта жеген құйқаның дəмі ауыздан кетпес» деген бар. Тосын келген қайғы-қасыреттен не істерін білмей, моральдық шығыннан бөлек материалдық шығынды көтере алмай, жер сипалап қалатын жанұялар жоқ емес, бар. Оларды жасыра алмаймыз. Дəл осы кезде оларға ағайындық қолды созып, алғашқы қысылған материалдық жағдайынан алып шықса, ардагерлер кеңесінің, оның артында тұрған ауылдық кеңес əкімшілігінің бұл жақсылығын олар үнемі ризашылық көңілмен айтып отыратыны анық. Ескерер бір дүние, осы комиссия жариялылықты басты темірқазық жұлдызы етіп отырса, неге қайырымдылық акциясын жасап отырмасқа?! Ешкім біреудің бақытсыздығынан өзіне бақыт, пайда таппас деп ойлаймыз. Қаржы жинау айтар ауызға ғана оңай көрінуі мүмкін. Алайда, ауылда беделі бар ағайындар осы дүниенің қажет екенін, ажал деген дүниенің əрқайсымыздың есігімізді ерте ме, кеш пе, бір келіп қағатынын зердесіне сіңіре айтса, келіспейтін адам болмайды деген ой санамызды мазалайды. Əрине, ай сайынғы қаржыны бергісі келмегендерге зорлық жүрмеуі тиіс. Осы шартқа келіскендердің арнайы тізімі жасалып, түскен қаржы комиссияның назарында, бақылауында тұрғаны жөн. Осы бастаманың өзін өзі ақтайтынына біздің сеніміміз зор. Осы жұмыстарды ұйымдастыру заң аясында болса, ардагерлер ұйымы мүшелерінің бұл ісі көпшіліктен қолдау табады деген сенімдеміз. Осы əрекетімізбен бір ауылда тұратын бəріміз ұлтымызға қарамай, бір-бірімізге бауыр екенімізді, қиын сəттерде қасымыздан табылып, көмек қолын соза білетінімізді дəлелдегендей болатынымыз анық. Бұл қадам ауыл жұртының береке-бірлігін, татулығын қамтамасыз етуге дəнекер болады деп ойлаймыз. Жаңадан керегесін керіп, шаңырағын көтеріп жатқан газет ақпараттар ағынын беріп қоймай, келелі бастамалардың басында болып, солардың жүзеге асуына ұйытқы, ұйымдастырушы болу миссиясын қолға алып отырған соң, осы ойымызды көпшілікке тастаған жағдайымыз бар. Осы көтеріліп отырған мəселе-ойдың дұрыс-бұрыстығы жөнінде газет редакциясы оқырман қауымнан пікір күтеді.

Алтынбай СИҚЫМБЕК, «Алатау ардагерінің» тілшісі.

Соңғы мақалалар

Оқуға