spot_img
8 C
Алматы
Басты бетӘлемдеАУДАН ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ТАРТУЫ

АУДАН ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ТАРТУЫ

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген ғой дана халқымыз. Осы қағиданы ұстанған əр адам атамекен-алтын бесігін естен шығармай, туған елге қызмет етудің бірегей жолы адал еңбек болса, елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу болып табылады. Біздің бақ дарып, қыдыр қонған қасиетті өлкемізде туыпөсіп, ержеткен перзенттер қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзінің туған жері, алтын ұя мектебін бір сəтке естен шығармай, өздерін кіндік қаны тамған мекенге «мəңгілік қарыздармыз» деп сезінетіні анық.

Бұған дəлел таяуда ғана ауданымыздың кіреберіс қақпасына аудан көлеміндегі білім шаңырақтарынан 1984 жылы түлеп ұшқан түлектер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікпен жиналып, өз қаражаттарына Малайсары асуына мұнаралы қақпа орнатып, халық игілігіне ұсынды. Ауданның кіреберісінде жаңадан салынған мұнаралы қақпаның ашылу салтанатына жан-жақтан бас қосқан аудан жұртшылығын құттықтаған аудан əкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов 1967 жылы өмірге келген аудан азаматтары мен азаматшаларына былтырдан бастау алған игі бастаманы жалғастырып, өздерінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі-өнеге көрсеткендеріне ризашылығын білдірді. Келесі кезекте сөз алған ауданның Құрметті азаматы Мырзағали Жұмабеков Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін негізге алып, аудан азаматтарының кейінгі жылдары игі істерді қолға алып, ауданның көркеюіне өзіндік үлестерін қосып жатқандығын мақтанышпен айтып, Балқаш топырағынан жаралған ақындар мен батырлардың есімдерін атап, тарлан тарихтан сыр ақтарды. Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, жерлесіміз Тынышбай Досымбеков қойнауы құт-берекеге толы қасиетті өңірімізде сонау жылдары қызыл жолбарыстың мекендегенін, кейіннен олардың тұқымы жойылып кеткені жайына қысқаша тоқталып өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы Қаулысымен «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, ауданға жолбарыстың қайта оралуына жұмыстар жасалынып жатқанын əңгіме арқауына айналдырып, мұнаралы қақпаның алдында бейнеленген жолбарыс мүсінін ауданға келіп жеткен алғашқы жолбарыс деген мазмұнды айшықтап тұрғанын тілге тиек етті. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев туған жердің өркендеуіне жəне оның мəдениетіне аса іңкəрлікпен атсалысу нағыз патриотизм екенін айта келе игі бастаманы қолға алып, абыроймен аяқтаған аудан азаматтарына ақ батасын берді. Мұнан кейін де ортаға шығып тілек айтушылар бұл игі шараның бастауы аудан азаматтарының салған сара жолдарының жалғасы екенін айтып, шынайы қуаныштарын жеткізіп жатты. Қуанышты сəтке жиналған көпшілік естелік суреттерге түсіп, аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, мəре-сəре болды. Малайсары асуына мұнаралы қақпаны орнатқан 1967 жылғы азаматардың қайсысынан сұрасаң да бұл жерге осындай көрікті дүниені орнату түлектер арасында Бақытжан Хамзиннің ой тастауы бойынша жүзеге асырылған десе, бұл игі шараны бастау үшін ватсап желісінен ортақ чат ашып, аудан бойынша 1984 жылғы мектеп бітіруші түлектердің басын біріктірген Əкімбек Нүсіпбаев дейді. Əкімбек Нүсіпбаевтың айтуынша олар үстіміздегі жылдың 23 ақпан күні Қонаев қаласында өз араларында жиын өткізіп, жоспар құрған. Жиында үш бірдей жоба ұсынылып, соның ішінен Əлиайдар Нұрмұхановтың жобасы қолдау тауып, түлектер арасынан қақпаның құрылыс жұмыстарын жүргізуге басшы етіп Бақытжан Сатыбалдиевты, сонымен қатар құрылысқа қажетті қаражатты мақсатты жұмсау үшін Нұрлан Аятбековты, құрылыс басшысы етіп Асхат Ырысбековты жəне əр ауылдан топ басшыларын сайлаған. Түлектердің ауызбірлігінің арқасында қолға алған бастама абыроймен аяқталғанына өзінің дəн риза екенін жасырмады. Əңгіме барысында Əкімбек жиналған қаражатты мақсатты жұмсау да жəне өзінің іскерлігін көрсетіп, ерекше еңбек сіңірген Нұрлан Əбжапарұлы түлектер арасында бұл істе өте белсенді болғанын айтып, оның жұмысына ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар мұнаралы қақпаның түнгі жарығын қамтамасыз ету үшін күн сəулесінен қуат алатын электр құрылғысын орнатып, өзінің тартуын жасаған меценат Азамат Балтағұлұлына ерекше алғыс білдірді. Мұнаралы қақпаның ашылу салтанатынан кейін жиналған көпшілік Миялы ауылындағы «Ақниет» мейрамханасында бас қосты. Бұл кезеңде аудан көлеміндегі білім шаңырақтарында 1984 жылы мектеп бітірген түлектер арасында бақилыққа аттанып кеткен ұл-қыздардың рухына бағышталған ас дастарқаны жаюлы тұрған болатын. Ас дастарқаны марқұмдар рухына Құран бағыштаумен басталып, құрметті қонақтарға сөз беріліп, халық игілігі үшін абыройлы аяқталған істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс білдірушілердің қатары көп болды Түлектер арасынан сөз кезегін алған Ғалым Тоқпейісов пен Бақыт Атайбеков Малайсары асуына орнатылған мұнаралы қақпаның құрылыс жұмыстарында белсенділік танытқан Еркін Нұрпейісов, Қажымұхан Орынбаев, құрылысқа қажетті заттарды тасымалдаған Самғат Дүртаев, Қанат Азанбаев, Мұрат Қайнарбеков, түрлі техникамен жəне электр жарығымен қамтамасыз еткен Ертай Танабаев, Айдар Тайқоңыров, Рашит Толықбаев сынды бірқатар азаматтардың есімдерін ерекше атап, атқарылған игі істі жалғастыру үшін өздерінен кейінгі 1968 жылғы азаматтарды ортаға шақырып, эстафета табыстады. Сонымен қатар өздері 1966 жылы туылған азаматтардан осындай эстафета алып, алдыңғы толқын ағалардың аманатына қиянат жасамай, өздерінің өкшебасар інілеріне табыстап тұрғандарын баса айтты. Үлкендерден эстафета қабылдаған 1968 жылы туылған аудан азаматтары ағалар берген аманатын абыроймен аяқтап, ел игілігі үшін көрнекті дүние жасайтындарын айтып, дүйім жұрттың алдында уəделерін берді. Ас дастарқанында сөз алған халықаралық «Д.Қонаев» қорының вице президенті Керімбек Шатырхан мен аталмыш қордың кеңесшісі, жерлесіміз Дəулетбек Жанботаев ауданның кіреберіс қақпасына жолаушылардың атбасын бұрып, бір сəтке аялдауларын ойлап, қолайлы демалыс орнын жасап, халыққа пайдалануға берген аудан азаматтарына ризашылықтарын білдіріп, осы істе белсенділік танытқан жəне ауданның Құрметті азаматтары Тынышбай Досымбековке, Бақыт Сқабаевқа, сондай-ақ түлектер Бақыт Атайбеков пен Бақытжан Хамзинге «Д.Қонаев» қоры атынан Ұлы тұлғаның 110 жылдық Мерей орденін жəне 1984 жылғы түлектер арасында Бақытжан Сатыбалдиевке, Əкімбек Нүсіпбаевқа, Асхат Ырысбековке жəне Рашит Толықбаевқа Д.Қонаевтың 110 жылдық мерекелік медальін табыстады. Үлкенге құрмет көрсету мақсатында 1984 жылғы түлектер əр ауылдан келіп асқа қатысқан ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағаларының иықтарына зерлі шапан жапты. Кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу-қазақ халқының əлімсақтан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан өнегелі істерінің бірегейі. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Келешектің қамын ойлап, туып-өскен өлкеге із қалдыру-азаматтықтың белгісі. Қызыл жолбарыстың мүсінін аудан қақпасына орнатқан азаматтардың бұл игі істері тарлан тарихтың жылнамасында алтын əріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері хақ.

Бақтығали ДƏУІТБАЕВ. Балқаш ауданы.

Алдыңғы мақала
Келесі мақала

Соңғы мақалалар

Оқуға