spot_img
8 C
Алматы
Басты бетӘлемдеОТАН ҚОРҒАУ-ҰЛЫ МIНДЕТ

ОТАН ҚОРҒАУ-ҰЛЫ МIНДЕТ

Уақыт деген ұлы құдыретпен ілесіп, жастарды кезекті Отан қорғау міндетіне шақыру науқанының да келіп жеткенін көз көруде. Қазір жер жерде осы науқан бастау алып, əскери қорғаныс бөлімдерінде қарбалас басталып кеткен. Жұмысымыздың бір сəтінде облысқа қарайтын іргелі ауданның бірі Талғарда болып, ондағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Серік Болатұлы МЕДЕУБАЕВҚА жолығып, əңгіме-дүкен құрған едік.

-Біздің сізге келу уақытымыз сіздің осы бөлімге қызметке келіп жатқаныңызбен тұстас болып жатқан екен. Ең алдымен жаңа жердегі жаңа қызметіңізбен құттықтап қояйын. Сіз бала күніңізде басқа саланы меңгерсеңіз, сізден жақсы бір экономист, жақсы заңгер, болмаса қолына қалам ұстаған шебер журналист шығар ма еді?! Осы əскери саланы таңдауыңызға қандай күш, қандай құдырет əсер етті? Əңгімеміздің бетпердесін осы сауалдан бастасақ.

-Мен бала күнімде əскерилердің формасына қатты қызығатынмын. Ұмытпасам, алтыншы сыныпта оқып жүргенімде Алматы қаласында Жандосов пен Саин көшелерінің қиылысында орналасқан Суворов əскери училищесінің мен қатарлы балаларын көрдім де, мен де солардай болғым келді. Ол арманым ұзамай орындалғандай. 1996 жылы сегізінші сыныптан кейін осы оқу орнының курсанты атандым. Қазір бұл оқу орны Бауыржан Момышұлы атамыздың атында. Мен оқу бітірген жылы əскерилердің əлеуметтік жағдайы ел қызығатындай онша емес еді. Əскери өмірден кетіп қалғым да келді. Мені тоқтатқан анамның «Қандай жағдай болса да кез келген мемлекет өз қорғаушыларын далаға тастамайды, Жағдай міндетті түрде жасалынады. Сабыр керек.» деген бір ауыз сөзі болды. Сол сөздің құдыреті мені бұл күндері кадрлық офицер атағына жеткізгені анық. Он төрт жасымнан бастап əскери өмірдің бел ортасында жүрген екенмін. Соған шүкір деймін. Əрине, екінші жоғары білімім бар екенін айғақтайтын заңгерлік дипломым бар. Бірақ мен заңгер емес, Бауыржан атам секілді əскери адам болып келе жатырмын.

– Терезе сыртында күз тұр. Басқаша айтсақ, жастардың Отан қорғау ісіне аттанар мезгілі. Биылғы күзгі шақырылымды ұйымдастыру ісі сіздерде қалай қолға алынып жатыр?

– Əскер қатарына шықырылудың күзгі науқаны қыркүйектің 4-інде басталды. Бұл науқан желтоқсан айының аяғына дейін жүреді. Осы жұмысымыз аудандық əкімдіктің басты назарында тұр. Жеті сайын аудан əкімдігінде басымыз қосылып, ортақ міндетті ұйымдастыру бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Ол жерде бізге облыстағы тікелей басшыларымыз дан берілген тапсырма бойынша селолық округ əкімдерімен тығыз байланыста болып, тапсырманы орындауды назарда ұстап отырмыз. Одан бөлек, ауыл əкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары бар топ мектептерге барып, жастар арасында əскери өмір, отандық борыш төңірегінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Бізге берілген тапсырма бойынша шекара қызметіне баратын жастарды іріктеп бітірдік. Оған отыз шақты жастарымыз барады. Енді қорғаныс министрлігіне қарайтын əскери бөлімдерге жетпістей баламыз бармақшы. Ішкі əскери бөлімге сексендей, мемлекеттік нысандарды күзету бөлімдеріне баратын жастарымыз бар, барлығы осы күзде ауданнан екі жүзден аса əскер қатарына қараған жастарды жіберуіміз керек. Қазіргі жұмыстарды осы бағытқа ыңғайлап жатырмыз. Аптаның үш күнінде, дүйсенбі, сəрсенбі жəне жұма күндері ауданымыздың медицина саласы қызметкерлері бізге келіп, əскерге кететін жастардың денсаулығын қарап шығады. Жасыратыны жоқ, кейде шақыру қағаздары олардың қолдарына түрлі себептермен тимей жатады. Оған қосымша жастардың ұялы телефондарына хабарлама жіберу, газетке жариялау практикамызда бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, он сегізден бастап жиырма жеті жасқа жеткен жастарымызға айтарымыз, шақыру қағаздарын күтпей, аудандық əскери бөлімдерге өз уақытында келулерін сұраймыз.

– Осы жерде əскери міндеттен қашқандарға қандай заң қолданылады? Оны да жастар білгені дұрыс шығар.

– Дұрыс айтасыз, жаңа заңды көп жастар біле бермейтіні рас. Əскери міндетті өтеуден бас тартып, қашқандарға жаңа шыққан заң негізінде бір мың айлық есептегіш көлемінде айып-пұл салынады. Демек, заң қаталдана түсті деген сөз. Бұл айып-пұл аз қаржы болмайын деп тұр. Бір ескере кететін дүние, бұл айып əскерге баратын бала дəл сол кезде студент болса, үйленген болса, балалары болған жағдайда оларға қолданылмайды.

– Медицина қызметкерлері əскерге баратын жастардың денсаулығы туралы не дейді?

– Қазіргі жастардың денсаулығына келер болсақ, организмдері нəзік. Салмақтарының аздығы, бойларының аласалығы, дене бітімдерінің дамуы кенжелеп, ақыл-есінің тежеліп қалуы кездеседі. Бірақ көп емес. Көбіне қойылатын бір ғана диагноз бар. Ол-көздерінің нашар көруі. Мұның бəрі компьютер мен ұялы телефонның зияны екені дау тудырмайды. Осыны ата-аналары ескерсе екен дейміз. Заманымызға сай пайда болған өркениет техникасын пайдаланба демейміз. Бірақ шектеу қойылмаса, олардан келешек өмірлеріне келер пайда жоқ.

– Əскер қатарына шақырылуда кездесіп отырған қиындықтар бар ма?

– Осы жұмысымызда «ешқандай проблема жоқ» дегенім болмас. Проблема жоқ емес, бар. Біздің осы жұмыста бір байқағанымыз-жастардың əскер қатарына баруға құлық-ниеттерінің жоқтығы. Біздің кезімізде əскерге барып, Отан алдындағы борышын өтемеген адамға басқаша қарайтын. Жастардың əскерге деген көзқарасы қазір өзгеше, сын көтермейді. Шақыру қағазын алып тұрса да бөлімге келгісі келмейді. Амал жоқ, арасында əр селолық округтегі полицияның учаскелік инспекторымен арнайы рейдке шығып, іздестіру жұмыстарын жүргізуімізге тура келеді.

– Осы жерде сөзіңізді бөлейінші. Оның тамыры тереңде жатқан жоқ па? Жасыратын не бар, сарбаздар арасында əскердің жазылмаған заңы қалыптасқандықтан соңғы уақытта баласын əскерге жіберуге қорқатын ата-аналар көбейді. Қазір əскерде жүрген сарбаздар қарым-қатынасы төңірегінде негативті пікірлер кездесіп қалып жатады. Əскерге кеткендердің артынан қаралы хабар да келіп жататыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Мəселенің бір ұшы осында жатқан жоқ па? Əскери маман ретінде ондай жағдайларды əскери бөлімдерде болдырмау үшін қандай реформа қажет деп ойлайсыз?

– Əскерде болып жатқан жағдайды жасыра алмаймыз. Ол кешегі кеңес заманында да болып тұрған. Бұрынғыдай емес, қазіргі Отан қорғау мерзімі бір-ақ жыл. Əскери бөлімдерде арнайы камералар қойыла бастады. Ай сайын алатын ақшалары арнайы карточкаларына түсіп тұрады. Қолдарында ұялы телефондары бар. Ата-аналарымен хабарласып тұруларына жағдай жасалынған. Мен осы пікіріммен, ойыммен ешкімді қорғап тұрған жоқпын. Əскерилер арасындағы келеңсіздік болып жатса, бұл жерде əскери бөлім басшылары мен сол жердегі идеологияға жауап беретін офицерлердің жіберген кемшіліктері екені даусыз. Əскерде жүрген жастардың өз еріктері өздеріне берілген сəттерде басшылар уақытпен санаспай, тосын, аяқ астынан ұйымдастырылатын бақылау-тексеру жұмыстарын басты нысанаға алып, жиі тексеру жұмыстарын жүргізсе, кез келген жағдайдың алдын алуға болады. Одан бөлек басшылар өздеріне пошта жəшіктерін ашып, соған əр сарбаздың анонимді түрде, атын жазбай, болып жатқан жағдайларды хабардар етуін қамтамасыз етсе, əскерде тəртіп орнайды деп ойлаймын. Аты көрсетілмеген сарбаздың басшының поштасына келіп түскен хатының ішкі мазмұны басшыларға əскери бөлімге төнген қауіпті ескертіп, содан нəтиже шығарып отыруға жіберілген ескерту, орысша айтсақ, сигнал болуы керек. Оған басшылар мəн бермесе, осы бағытта келешекте атқаратын жұмыстарын айқындамаса, ертең бастары үлкен дауға қалары анық. Осындайда ойыма тағы бір ойлар келіп отыр. Қазір кез келген ақпарат құралдарында ел-жұрттың көру, есту жəне оқу мүмкіндігінің көкжиегін арттыру, сол арқылы жалған бедел жинау мақсатында бұқара халыққа кілең негативті хабарлар таратуды мақсат етіп жатқандарын байқайсың. Сол арқылы халық арасынан өздеріне керекті контингент санын арттырмақшы. «Жаман, жаман» дей берсек, жақсы тұстарымызды кім біліп жатыр?! Жақсы тұстарымыз сол көп жаманның астарында, көлеңкесінде қалып жататыны рас. Осыдан келіп, ел-жұрттың əскерге, əскери бөлімдерді басқаратын командирлерге деген сенімсіздігі туып жатқаны анық. Осыдан келіп əскерге барғысы келмейтін жастарымыз, баласын əскерге жібермейтін ата-аналарымыздың саны артып жатқаны жасырын емес. Жақсы, «əскер жаман» дедік. Отан қорғауға жаман деп, мен бармасам, сен бармасаң, ол бармаса, ешкім бармаса, кешегі найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған кең байтақ жерімізді қорғауға кім барады?! Жақсы болсын, жаман болсын, əр мемлекеттің өзін қорғайтын əскери күш-қуаты болуы тиіс. Алысқа бармай ақ, ағайынды екі ел, Украина мен Ресейдің арасындағы жан алысып жатқан соғыстан қазақ елі сабақ алу керек. «Оның бетін əрмен қылсын» деп тілейміз ғой, дегенмен де «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ертең бір жағдай бола қалса, елімізді, жерімізді кім қорғамақшы? Кешегі батыр бабаларымыздың туған елі мен жеріне деген намысты жолы қайда қалды? Осыдан туатын ой, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық мүддені көздейтін идеологияны қалыптастырып, елде əскерге деген сенімді арттыратын, жастардың бойына патриоттық рухты себетін ақпараттар бергені дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда Үкімет те дəл осы кезде əскери күш-қуатымызды таразы басына қайта салып, оған түбірлі өзгеріс жасау керектігін ұқты. Соған сай, қамқорлығын жасап та жатыр. Демек, əскери күш-қуатты арттыру, оған бюджеттен қомақты қаржы бөлу өз алдына, алдыңғы шептегі əскери бөлімдерде əскери тəртіпке ерекше бақылау болатыны-Үкіметтің басты назарында тұрған дүние. Келешекте əскери бөлімдерде негативті дүниелердің алды алынып, тəртіп орнайтынына сенгің келеді. Уақыттың өзі əскери бөлімдердегі реформаны əскери тəртіптен бастау ды басты стратегиялық міндет санауға итермелегендей. Соған сай, қайталап айтайын, əскерилердің беделін, имиджін көтеруде Үкімет мүмкіндігінше үлкен істерді қолға алып жатыр.

-Мерзімді сарбаздармен қатар əскерге контрактымен, арнайы келісім-шартпен алу қазір практикада бар ма?

-Мен бұрын Іле ауданында қызмет жасаған едім. Ол жердің географиялық ерекшелігі сол, контрактімен қызмет жасауға жағдай жасап қойғандай. Іргесінде арғы жағы Қапшағай əскери гарнизоны, бергі жағы Боралдай, 70-ші разъезд, Іле ауданы секілді жерлерде əскери бөлімдер жақсы шоғырланған. Келісім-шартпен қызмет жасайтындарға ол жерлер алыс емес. Соған орай контрактімен қызмет жасауға ниет еткендер көп. Ал біздің қазіргі Талғар ауданы маңайында ондай бөлімдер жоқтың қасы. Қызмет жасағысы келетіндерге осы дүние кедергі келтіргендей. Контрактімен қызмет жасаушылардың құрамын жасақтау жөнінде міндетті жоспарымыз қолымызда. Барам дегендерге жол ашып жатқан жағдайымыз бар. Осы орайда, жоғары оқу орындарында əскери кафедраны бітіріп, лейтенант атағын алып жатқандарды да екі жылдық мерзімге контрактымен жіберіп жатырмыз.

-Отан қорғау бір басқа, əскерге барған сарбаздарға патриоттық рухта тəрбие, бағытбағдар беретін офицерлер, басқаша айтсақ, командирлер корпусын дайындау ол да-міндеттің бірі. Əскери оқу орындарына жастарды тарту Талғар ауданында қолға алынып жатыр ма? Осы тұрғыда əскери жоғары оқу орындарымен байланыстарыңыз бар ма?

-Бар. Əскери оқу орнына түсем деушілерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жөнінде де арнайы жоспар негізінде мектептерге барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз.

-Əңгімеңізге рахмет. Əңгімелескен Алтынбай СИҚЫМБЕК. Талғар ауданы.

Соңғы мақалалар

Оқуға