Басты бетЖаңалықтарБілім берудегі жасанды интеллект: Bilim Group Алматы облысындағы тамыз конференциясында заманауи мектептерге...

Білім берудегі жасанды интеллект: Bilim Group Алматы облысындағы тамыз конференциясында заманауи мектептерге арналған шешімдерді таныстырды

Алматыда «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында педагогтердің дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Жиында мектепке дейінгі және орта білім беру сапасы, мұғалімдердің кәсіби дамуы, балалар қауіпсіздігі мен білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері басты назарда болды.

Бүгінде Алматы облысында 502 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда 384 мыңнан астам оқушы білім алып, 34 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Кейінгі үш жылда өңірдегі дарынды оқушылардың жүлделі орындарды иелену көрсеткіші 54%-ға өскені байқалады.

Осы орайда заманауи цифрлық құралдар білім сапасын арттырудың және мұғалімдер жұмысының тиімділігін көтерудің ең нәтижелі ресурстарының біріне айналып отыр. Жаңа оқу жылының қарсаңында еліміздегі жетекші Bilim Group ұлттық EdTech-экожүйесі мектептерге, мұғалімдер мен оқушыларға арналған жаңартылған өнімдерін ұсынды. Бұл шешімдер процестерді автоматтандыруға, оқыту процесін даралауға, деректермен жұмыс істеуге және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға бағытталған.

Атап айтқанда, тегін BilimClass электрондық журналы негізінде сабақ кестесінің конструкторы, мұғалімдерге арналған мобайл қосымша және ЖИ арқылы білім сапасын талдау жүйесі әзірленді. Сабақ кестесінің конструкторы мектеп директорларының орынбасарларын қолмен жасалатын күрделі жұмыстан босатады: мұғалімдердің жүктемесін, кабинеттерді және басқа да маңызды жайттарды ескере отырып, кестені санаулы минутта автоматты түрде құрастырып береді.

Ал мобайл қосымшада сабақ кестесі, сабаққа қатысу, үй тапсырмалары сияқты оқу процесіне қажетті басқа да пайдалы модульдер қолжетімді. Білім сапасын сараптайтын құрал мектеп басшылығы мен білім беру органдарына айтарлықтай көмек береді, себебі оған біріктірілген ЖИ көрсеткіштерді автоматты түрде талдап, түйткілді тұстарды анықтайды және оларды жақсарту бойынша ұсыныстар дайындайды.

«Заманауи мектептерге тек цифрлық құралдар емес, нақты міндеттерді шешетін жүйелі шешімдер қажет. Біздің өнімдер мұғалімдерді есеп беру мен жоспар құру сияқты күнделікті жұмыстан босатып, басты назарды балаларға сапалы білім мен жақсы тәрбие беруге аударуға мүмкіндік береді. Ал Bilim Group өнімдерінің жаңа мүмкіндіктері процестерді автоматтандыруға, оқыту процесін даралауға және деректерге сүйене отырып басқарушылық шешімдер қабылдауға бағытталған», — деп атап өтті Bilim Group бас директоры Александр Савченко.

Bilim Group экожүйесінің басқа да өнімдерінде жаңа мүмкіндіктер пайда болды. OnlineMektep қашықтан оқыту платформасында ЖИ көмегімен есептерді автоматты түрде қалыптастыру және оқу материалдарын әзірлеу құралдары қолжетімді болады. Ал мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған BilimUstaz сервисінде жеке білім беру бағдары мен жаңа пәндік курстар іске қосылған.

BilimCenter функционалдық сауатты дамыту платформасы ЖИ әдіскерді, оқушылардың қатемен жеке жұмыс істеуіне арналған видеоұсыныстарды және толық жауапты талап ететін тапсырмаларды автоматты түрде бағалау жүйесін ұсынды. Мектеп оқушыларында да жеке цифрлық тәлімгер пайда болды: OnlineMektep-те ол балаларға тақырыпты өздігінен меңгеруге көмектеседі — жетелеуші сұрақтар қойып, тапсырманың шешіміне қадам-қадаммен бағыттап отырады.

Мектептер мен педагогтерге арналған сервистерден бөлек, Bilim Group Тамыз конференциясында KITAP цифрлық кітапханасының, мектепке дейінгі білім беруге арналған BilimKids және Balabaqsha платформаларының жаңартылған нұсқаларын, сондай-ақ білімнің қолжетімділігін арттыруға, оқытуды даралауға және ЖИ мүмкіндіктерін толық пайдалануға бағытталған басқа да жобаларды ұсынды.

Анықтама үшін: Bilim Group — 15 жылдан аса мектепке дейінгі жастан бастап кәсіби дамуға дейінгі оқу жолын сүйемелдейтін кешенді шешімдерді жасап келе жатқан ұлттық цифрлық білім беру экожүйесі. Осылайша Bilim Group мемлекетке және мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты білім беруді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінде экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.

Соңғы мақалалар

Оқуға