Басты бетЖаңалықтарҚазақстандық жас робототехниктер Asia Open Championship 2026 додасында жүлдеге қол жеткізді

Қазақстандық жас робототехниктер Asia Open Championship 2026 додасында жүлдеге қол жеткізді

2026 жылғы 13–16 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионаты өтті.

Халықаралық додаға әлемнің 25 елі мен аймағынан 375 команда қатысып, өздерінің робототехникалық жобалары мен инженерлік шешімдерін таныстырды.

Қазақстан атынан чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 23 команда құрамында 140 жас робототехник қатысты. Қазақстандық командалар халықаралық чемпионатқа елімізде өткен республикалық іріктеу жарыстарының нәтижесінде жолдама алды. Аталған іріктеу жарыстарын USTEM Foundation Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Чемпионат Beijing Yanqi Lake International Convention & Exhibition Center халықаралық конгресс-көрме орталығында ұйымдастырылды. Қатысушылар FIRST LEGO League Explore және FIRST LEGO League Challenge санаттары бойынша бақ сынап, роботтарды бағдарламалау, инженерлік шешімдер әзірлеу және шығармашылық жобаларын қорғау бағыттарында өз шеберліктерін көрсетті.

Қазақстандық жас робототехниктер арасында Алматы қаласының Білім басқармасына қарасты «Оқушылар инновациялық шығармашылық орталығы» КМКҚ және №221 Жалпы білім беретін келешек мектебінің KazBots командасы да ел намысын қорғады. Құрамында 12–16 жас аралығындағы оқушылар бар Наурызбай ауданы,Әлем инновациялық шығармашылық орталығы мен Наурызбай ауданының №221мектебі оқушыларынан құралған команда FIRST LEGO League Challenge санатында 2-орынға ие болып, халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақстандық командалар чемпионатта Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Абай, Қызылорда және Ақмола облыстарынан жиналған жас робототехниктерден құралды.

KazBots командасының жүлделі нәтижесі — оқушылардың робототехника, инженерия, бағдарламалау және STEM бағыттарындағы білімдері мен шығармашылық қабілеттерінің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар бұл жетістік Алматы қаласындағы оқушылардың инновациялық және техникалық шығармашылығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.

Халықаралық чемпионат жас робототехниктерге өз білімдері мен қабілеттерін әлемдік деңгейде сынауға, жаңа тәжірибе жинақтауға, заманауи инженерлік шешімдермен танысуға және шетелдік құрдастарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Бұл — Орталық педагогтарының кәсіби еңбегі мен оқушылардың табандылығы, ізденісі және үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Әр жеңістің артында үлкен дайындық, командалық жұмыс және өз ісіне деген сүйіспеншілік жатыр. KazBots командасының жетекшілері:

Ермек Айдана Аманбекқызы — ғылыми-техникалық бөлім меңгерушісі
Әміржан Қанат — педагог

KazBots командасын халықаралық чемпионаттағы тамаша нәтижесімен құттықтаймыз! Жас робототехниктерге алдағы жарыстарда толағай табыс, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!

Соңғы мақалалар

Оқуға