Басты бетЖаңалықтар«БІР АСПАН АСТЫНДА» халықаралық заманауи өнер көрмесі Ұлттық орталық музейде қала тұрғындарын...

«БІР АСПАН АСТЫНДА» халықаралық заманауи өнер көрмесі Ұлттық орталық музейде қала тұрғындарын күтеді

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі мен Britrise Ltd компаниясы (Лондон, Ұлыбритания) бірлесіп, қазақстандық жұртшылықтың назарына «БІР АСПАН АСТЫНДА» халықаралық заманауи өнер көрмесін ұсынды. Көрменің ұйымдастырылуына Шейх Рашид Аль Халиф пен оның RAK қорының (Бахрейн Корольдігі) араласуы іс-шараның деңгейінің жоғарылығын көрсетті. Көрмені суретші, журналист және халықаралық деңгейде танымал куратор Раиса Амброс жетекшілік ететін Britrise Ltd компаниясы ұйымдастырды.

Ел үшін маңызды мәдени оқиғаға айналған «БІР АСПАН АСТЫНДА» көрмесі Еуропа, Азия, араб әлемі, Америка Құрама Штаттары, Ресей, Армения және Өзбекстанды қоса алғанда, әлемнен 70-тен астам суретшінің басын қосты. Осылайша, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, фотосурет, сән дизайны сияқты түрлі бағыттарда жұмыс істейтін қылқалам шеберлері өз туындыларын Қазақстанда алғаш рет ұсынып отыр.

Көрменің жеке бөлімі қазіргі заманғы араб өнеріне арналған. Онда Парсы шығанағы елдері — Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Оман, сондай-ақ Иордания мен Ирактың танымал суретшілерінің еңбектері жинақталған. Қатысушылар арасында: Калтам Белселах (БАӘ) — дәстүр мен заманауилықтың сабақтастығын зерттеп, реализмнен абстракцияға еркін ауысатын шебер; Мәртебелі Фархан Аль Шейх Аль Сайед (Катар) — өз жұмыстарында өңірдің басты символдарының бірі — ителгі бейнесі арқылы мәдени бірегейлік мәселелерін қозғайды; Джамела Альхерз (Сауд Арабиясы) — экспрессивті портрет жанрында жұмыс істей отырып, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Аль-Ахса аймағының мәдени мұрасына үңіледі; Доктор Моханнад Аль-Дауд (Ирак) — шығармашылығы мәдени жадыға негізделген және дәстүрлі сәулет пен қалалық ортадан шабыт алған.

Сондай-ақ Кристин Эль Ожейл (Ливан/БАӘ), Сара Албаннай (БАӘ), Али Ахмади (Бахрейн), Марам Хасан (Иордания) сияқты суретшілердің туындылары қойылған.

Көрмеге Жапониядан 12 суретшіден тұратын топ, Ұлыбритания, Испания, Италия, Польша және Австрия, Ресей және Армения суретшілерімен қатар қазақстандық шеберлер — Г. Сүйінбаева, С. Тайнов, Қ. Халықов, Г. Табанова, Е. Фурса, М. Бақытбекова, А. Сапарбекова, Кенжебулатова Айгүл және Б. Смақова қатысуда.

Көрменің ресми ашылу салтанатын музей директоры С. Саров пен көрме кураторы Бибиігүл Смақова ашты. Сондай-ақ құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында:  куратор, суретші  Б. Смақова, жапон суретшілер тобының өкілі — Ясиро Хироюки (Peddy Pot), Катерина Бодрунова және қазақстандық суретшілер болды.

Соңғы мақалалар

Оқуға