Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Ашық нарық, халықаралық сауда көлемінің артуы және шекара арқылы өтетін тауар айналымының күрделенуі кеден қызметінің рөлін айрықша күшейтті. Бүгінде кеден саласы тек бақылау тетігі емес, ол – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын айқындайтын стратегиялық жүйе.
Кеден органдары ел аумағына кіретін және шығатын тауарлар мен көлік құралдарын заң талаптарына сәйкес бақылап, көлеңкелі экономиканың алдын алуда маңызды қызмет атқарады. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет кірісінің елеулі бөлігі кедендік төлемдер арқылы қалыптасатыны белгілі. Демек, бұл сала ел экономикасының тірек құрылымдарының бірі ретінде бағаланады.
Сонымен бірге кеден қызметі халықаралық сауда қатынастарын реттеуде де маңызды рөл атқарады. Сауда операцияларының заңдылығын қамтамасыз ету, контрабандалық әрекеттердің алдын алу және шекаралық тәртіпті сақтау – кеден органдарының негізгі міндеттерінің қатарында.
Қазіргі кезеңде кеден ісі түбегейлі цифрлық трансформацияны бастан өткеруде. Электронды декларациялау жүйесі, автоматтандырылған бақылау тетіктері және тәуекелдерді басқару технологиялары саланың ашықтығын арттырып, рәсімдердің жеделдігін қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осы өзгерістер кеден саласына жаңа талаптар қояды. Ендігі жерде тек құқықтық білім жеткіліксіз, сонымен қатар цифрлық сауаттылық пен аналитикалық ойлау қабілеті де маңызды факторға айналып отыр.
Осыған байланысты кеден саласына жоғары білікті кадрлар даярлау мәселесі ерекше маңызға ие. Бүгінде бұл бағытта еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айрықша рөл атқарып отыр. Университетте кеден ісі саласына қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастыруға басымдық берілген.
Мұнда білім алушылар халықаралық құқық, сыртқы экономикалық қызмет, кедендік әкімшілендіру бағыттарында терең даярлықтан өтеді. Сонымен қатар оқу үдерісінде нақты кейстер мен практикалық тапсырмалар арқылы болашақ мамандардың кәсіби ойлау қабілеті қалыптасады. Бұл – олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.
Кеден саласына маман даярлау тек білім беру процесі емес, сонымен бірге жоғары жауапкершілік пен адалдықты талап ететін идеологиялық бағыт екенін де атап өткен жөн. Себебі бұл салада қабылданатын әрбір шешім тікелей мемлекет мүддесіне әсер етеді.
Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас мамандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға және мемлекеттік мүддені бірінші орынға қою қағидатын сіңіруге ерекше мән беріп келеді.
Қорытындылай келе, кеден саласы – елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді қалқан. Ал бұл жүйенің тиімділігі ең алдымен сапалы білім алған, кәсіби әрі жауапты мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан кеден ісінің дамуы – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының маңызды кепілі.
Шапқатова І.Б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы
Бектұрсын Р.Т.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы

