– Раушан Шәмілқызы, соңғы кезде қытайлық туристердің Қазақстанға, оның ішінде Жаркентке деген қызығушылығы күрт өскені байқалады. Бұл неге байланысты?
– Оның негізгі екі себебі бар.Қазіргі уақытта екі елдің арасында визасыз жүйенің енгізілуіне байланысты Қазақстаннан Қытайға баратын, Қытайдан Қазақстанға келетін адамдар саны ұлғаюда. Бұл ең алдымен кәсіпкерлерге қолайлы. Олар екі елдегі түрлі көрмелерге барып, өз бизнесін дамытып жатыр. Туристердің көбейгені біз үшін де қуанышты нәрсе. Әйтсе де бірқатар қалаларда Қытай азаматтары өздерін өздері қабылдап жатыр. Мәселен, бір жыл болды Қытай азаматтары Жаркентке бір күндік турмен келіп жатыр. Енді оны «Бақты», «Достық», «Жеменей» шекараларынан да жасайын деп жатыр.
Енді екінші себебіне үңілейік. Қытайдың ішкі тәртібі бойынша Шыңжаңда тұратын адамдарға шетелдік төлқұжатты сондағы туроператор жасайды. Олар Қытай азаматтарын шетелге шығару үшін үкіметтен сенімхат алады екен. Сол үшін «Нұрлы жол» арқылы қытайлықтарды 3-4 сағатқа Жаркентке автобуспен әкеледі.
– Бұл жерде бір түйткілді мәселе бар сияқты ғой?
– Дұрыс аңғарып отырсыз. Бұл қытайлық туристерді Қазақстанға алып келетін де, оларға біздің елімізде қызмет көрсетіп жүрген туржетекшілері қытайлардың өздері. Яғни өздерін өздері әкеліп, бізді сырттан таныстырады. Қазақстан туроператорларымен ынтымақтастық орнатып, бірлесіп жұмыс жасамағандықтан қытайлық туроператорлар көп жағдайда Қызақстанның мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихына бас ауыртпайды. Тіпті әкелген адамдарын жергілікті өлкетану музейіне де кіргізбейтіні бізді қынжылтады. Бұл заңға қайшы нәрсе. Қытайдың туропеараторы, гиді бізде жұмыс істеуге құқығы жоқ. Шетелдік туроператорлардыңтуристеріне біздің елімізде қазақстандық серіктес туроператорлары ғана қызмет көрсетіп, жауапты болу керек.
– Яғни қазір қытайлық туропараторлар өз туристеріне өздері қызмет көрсетіп, ақшаны сыртқа әкетіп жатырғой?
– Олар өздері әкелген туристердің жолпұлынан бөлек, Қазақстанда жасаған саудасы мен ішкен тамағынан да өз үлесін алуда. Тіпті енді Жаркенттен өздері дүкен ашып жатыр. Туристер қазақстандық тауарларды сол жерден ғана сатып алуы үшін.
– Қытайлық гидтер бойынша ғана еліміз қанша ақша жоғалтып жатқанын шамалап айтуға бола ма?
– Қазір қытайлық туристер 1 күннің өзінде 5-тен 15-ке дейін автобус боп кіреді.Егер әр адамнан 10 мың теңгеден алған күннің өзінде 15 автобустағы 750-800 адамнан ең кемінде 7,5 млн теңге алып кетеді екен. Бұл бюджетке түспеген, біздің қазақстандықтарға ешбір мүмкіндік бермеген қаржы. Ал оны айға, жылға шағатын болсақ бұл өте қомақты қаражат.
– Шетелдік туроператорлардың Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп жүргенін жергілікті билік органдары қалай қабылдауда?
– Бұл мәселе бойынша ақпан айында аудан әкімдігіне кіріп, арнайы сөйлескен болатынмын. Онда өз ұсынысымды да білдірдім. Қытайлық туристер 2-3 сағатқа кірген уақытта біздің салт-дәстүрімізді бір жерден көрсетіп, тамақтандырып, алатын затын сатып сол жерден сатып алатындай жағдайды бірлесіп ұйымдастырсақ деп.
Қазір екі елге кіріп-шығатын халық Жаркент пен Қорғас арасында жүретін автобустар арқылы жүріп тұрады. Оған бір күн Қазақстан жағының, екінші күн Қытай жағының автобустары қызмет көрсетеді. Жасыратын жоқ, қазақстандық автобустардың іші лас, ішіндегі жазбаларының бәрі орысша және қатеге толы сауатсыз жазылған. Жүргізушілері дөрекі, автобуста тазалық да, тәртіп те жоқ. Шекарадан өткен кезде жолаушылар билет бойынша отыруын ешкім ескертпейді. Билет орын бойынша сатылса да жұрт бірінің орнына бірі отырып алатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал қытайлықтардың автобустар әрдайым тап-таза, жүргізушілері де арнайы киіммен жүреді. Бұл қызмет бізде тендермен ұтып алынған соң ондағы тазалық пен тәртіпке мән беру керек қой жергілікті билік органдары да, тендер ұтып алған мекеме де. Өйткені шекаралық қызмет болған соң еліміздің имиджіне нұқсан келтірілмеуі ескерілуі тиіс.
– Қытайдан қысқа уақытқа туристер әкелетін туроператорлардың бәрі бірдей заңсыз жолмен жұмыс жасайды деуге де болмас?
– Әрине. Заңды жолмен келіп жатқан туристерді біз де қабылдап жатырмыз. Енді бұл мәселені туризм саласындағы уәкілетті органдармен ғана емес, шекарашылар мен кеденшілермен де бірігіп талқыласақ дейміз. Олар сырттан автобуспен келе жатқан туристерді ұйымдастырушы қазақстандық қай туроператормен селбестік жасағанын, оларды мұнда кім күтіп алатынын тексерсе дұрыс болар еді. Қазір визасыз режим болғандықтан шекарашылар бәрін кіргізе береді. Сені мұнда кім күтіп алады деп ешкім сұрап жатқан жоқ.
– Қытайлық туроператорларға қатысты мұндай жағдай өзге шетелдік операторларға да тән жағдай деуге бола ма?
– Иә.Біздің бизнес қорғалмаған. Арнайы заң болғанмен оның орындалуын қадалағаушы органдар өз қызметін тиісті деңгейде жасап отырған жоқ. Сондықтан шетелдік туропераорлардың заңсыз қызметіне қатысты жағдай тек Қытай Республикасы арасында ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғыстан және тағы басқа елдерге де тән. Олардың елден заңсыз әкетіп жатқан қаржысы да аз емес. Оны есептеп, бюджетке салық түрінде түсетін және отандастарымыздың өз бизнесін дамытуына өз үлесін қоса алатын мұндай қаражатты дұрыстап тексерсе милллиондарды жүздеп санауға болатын шығар.
Қазақстан өз кәсіпкерлерін қорғаса бәрі басқаша болар ма еді. Мысалы, біздің қонақ үйлерімізде отандық туроператорлармен селбестік жоқ. Кім адам әкелсе сонымен жұмыс істей береді. Шетелде олай емес. Мысалы, Дубайда біреу қонақүйге келіп сендерге биыл мұнша турист әкеле алам, маған қандай жеңілдік бар десе бірден мына туроператорға барасың, тек солтуроператорда жақсы баға сол арқылы ғана туристерді бізге жатқыза аласың дейді.
– Отандық туризмді дамытуды қалай реттеуге болады?
– Қазір елімізде 5 мыңнан астам турфирма бар. Бірақ оның ішінде ішке жұмыс істейтіні де, сыртқа жұмыс істейтіндері де өте аз. Көбі лицензияны қажет етпейтін турагенттер. Қазақстандық саяхатшылардың арасында алданып қалып жатқандары көп болуы соған байланысты. Өйткені олардың лиценция алуы өте оңай. Турагенттердің саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетуге қаншалықты қауқарлы екенін ешкім тексеріп жатқан жоқ.
Бұрын шекарада туристерге «жасыл дәліз» болған. Соны қайта қолға алса жақсы болар еді. Сонда туризм жағынан жасалатын санақ дұрыс жүрер еді. Қазір туризмге еш қатысы жоқ және тек төлқұжатына белгі соқтыру үшін бірер сағатқа кіріп шығатындарды да шетелдік турист ретінде есепке алып жүргендер аз емес. Жақында «Қазақтуризм» уәкілдерімен болған кездесуде бұл мәселені де қозғадық. Олар бізді тыңдап, ұсынысымызды жоғарыдағыдарға жеткізуге уәде берген. Одан өзгеріс болып жатса сіздер де естисіздер ғой.
– Жұртшылық арасында қытайлық туристердің бізде елде заңсыз қалу қаупі туралы көп айтылады. Бұл мүмкін бе?
– Қытайлық туроператор өздері әкелген туристердің төлқұжатын шекарадан өткен соң мөр бастырып, қайта жинап алады. Оны тек Қытайға қайта кіргенде ғана қолына ұстатады. Бұл жерде туроператор өзінің міндетін атқарады. Бәрін қадағалауға тырсады. Өйткені турист шет елде қалып қойса оны уәкілетті органдар жазалайды. Мәселен, шақыртумен келген туристермен жұмыс істеген жағдайда келесі жолы оған бұл қызметті жүргізуге рұқсат бермейді.
Әринетуроператорлармен келген шетелдік туристердің арасында біздің елімізге келгеннен соң түрліжолмен қалып қойған жағдайлары болды. Былтыр Нигериядан келгендер арасында мұндай жағдайдар кезікті. Тіпті құрылыста жүрген біреуінің қайтыс боп кеткенін де ақпарат құралдары хабарлаған болатын. Өйткені оларға виза жасағандар мұнда келетін әуе билетін ғана алып, кері қайтатын жалған билет ұстатқан жәйттер да тіркелді. Ал шекарашы оны тексере алмайды. Егер онда туркомпания өкілі отырса, оның бәрін сол жерде анықтап берер еді. Біз мысалға көп келтірген Дубайда туристің қайтатын билет болмаса әужейдан ұшырмай түсіріп қалады. Ал бізде ондай талап жоқ. Сосын елімізге өз бетімен келген туристер республиканың түкпір-түкпірінде виза мерзімі аяқталғанша еркін жүре береді. Олар қайда, не істеп жүргенін ешкім білмейді. Тек бір оқыс жағдай туындағанда ғана БАҚ бұл қалай деп мәселе қозғағанмен, оның шешімі сол күйінде табылмай қалады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»