Түркістан облысының полицейлері жедел-профилактикалық іс-шара өткізу барысында ІІО-да есебінде тұратын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 364, әкімшілік қадағалаудағы 91, қорғау нұсқамасы берілген 491, 388 қолайсыз отбасы және пробация бақылауында тұрған 1488 адамды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді.
Сондай-ақ қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 100-ден астам азаматтық қару иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 25 шетелдік жауапқа тартылды.
Бұдан басқа учаскелік инспекторлар, жергілікті атқарушы органдар, жұртшылық өкілдері бірлесіп, мәселелерді зерделеу және шешу, алаяқтықтың, мал ұрлығының, бөтен мүлікті ұрлаудың алдын алу бойынша түсіндірме жүргізу үшін халықпен кездесулер өткізді. Жадынамалар таратылды.
Айта кетейік, “Учаске” іс-шарасы облыс аумағында ағымдағы жылдың 16 қыркүйегі мен 1 қарашасы аралығында өткізіледі. Шара құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ азаматтармен тығыз және сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін өткізілетін жедел-профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі