spot_img
-4.1 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарДолларсыздану тренді

Долларсыздану тренді


Қазіргі әлем экономикасын долларсыз елестету қиын. Әлем АҚШ доллары халықаралық саудада, қаржыда және көптеген елдердің резервтік валютасы ретінде кеңінен қолданылады, жалпы кең мағынада әлем белгілі бір деңгейде долларланған. Доллардың басым валютаға айналуының негізгі бес себебі бар:
Біріншісі, доллардың тұрақтылығы: АҚШ доллары ұзақ уақыт бойы инфляциясы төмен тұрақты валюта болып саналады. Бұл инвесторлар мен елдердің сенімін арттырады, бұл оны кеңінен қолдануға ықпал етеді.
Екіншісі, халықаралық қаржы институттары: Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк сияқты көптеген халықаралық қаржы институттары өз операциялары үшін долларды пайдаланады. Бұл сонымен қатар доллар мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.
Үшіншісі, резервтік валютаның қажеттілігі: көптеген елдер тұрақты актив ретінде өз резервтерінде доллар ұстайды. Бұл оларға өтімділік пен экономикалық ауытқулардан қорғауды қамтамасыз етеді.
Төртіншісі, доллар халықаралық сауда құралы ретінде маңызды, себебі көптеген тауарлар, әсіресе мұнай мен бағалы металдар дәстүрлі түрде доллармен сатылады. Бұл долларды халықаралық сауда келісімдері үшін қолайлы валютаға айналдырады.
Дегенмен, соңғы онжылдықтарда экономикалық алаңда долларсыздану тренді байқалып жатыр. Нақты анықтама беретін болсақ, долларсыздану елдер мен халықаралық институттардың АҚШ долларын негізгі резервтік валюта және халықаралық есеп айырысу құралы ретінде пайдаланудан бас тартуын білдіреді. Соңғы қырық жылда долларсыздану тренді жиі байқалады. Оның жарқын белгісі 2022 жылдың 2 тоқсанында әлемнің әртүрлі елдерінің валюта резервтеріндегі АҚШ доллары үлесі 59,5% құраса, бұл 1980-ші жылдардың ортасындағы 85% – дан аз болып табылады. Жалпы долларсызданудың басты себептерінің бірі – елдердің өз резервтерін әртараптандыруға және бір валютаға тәуелділікті азайтуға деген ұмтылысы деп айтуға болады. Көп уақыт бойы тұрақты актив саналған АҚШ доллары көптеген геосяси және қаржылық тәуекел тақырыбына айналды. Әр түрлі елдердегі саяси дағдарыс пен сауда соғысында долларды қабылданатын шешімдерге әсер етуші тетіктің бірі болған соң, бұндай жағдайға бағынғыс келмейтін елдер халықаралық сауда мен есеп айырысуда өзге валютаны немесе арнайы экономикалық аймақтарға тән валюталарды қолдану жолдарын іздеуде. Әсіресе ол Қытай сияқты әлемдік экономикалық аренада жаңа ойыншының пайда болуымен байланысты. Қытай өзінің ұлттық юань валютасын белсенді түрде нығайтуда, қаржы құралдарын пайдалануды ынталандыруда және соның аясында «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» сияқты балама қаржылық инфрақұрылымдарды құруда. Бұл қадамдар әлемдік ақша-қаржы жүйесін долларлық үстемдіктен тыс кеңейтуге ықпал етеді. Себебі, ЖІӨ мөлшері бойынша, яғни елдің экономикалық даму деңгейін бағалайтын негізгі көрсеткіші, Қытай қазірдің өзінде абсолютті көшбасшы болды. Ел аумағында барлық әлемдік тауарлар мен қызметтердің құндық мәнде 20 пайызға жуығы өндіріледі. Салыстырмалы түрде Дүниежүзілік Банктің және Халықаралық валюта мәліметтері бойынша, 2023 жыл басында Қытайдың ЖІӨ 27 трлн доллардан сәл асады, АҚШ — тың ЖІӨ шамамен 23 трлн долларды құрайды. Бұл трендтің өрбуіне соңғы саяси жағдайларға байланысты АҚШ елімен саяси бәсекеге түсетін Ресей, Иран секілді ірі экономикасы бар мемлекеттер де мүдделі. Одан басқа долларсыздану трендіне қарасақ, доллардан кейінгі айналымдағы валюта евро – 19,77% , қытайлық юань небәрі 2,88%, британдық фунт стерлинг – 4,88%, жапон иенасы – 5,18%, австралиялық доллар – 1,88%, канадалық доллар – 2,49%, швейцариялық франк – 0,25% және қалғаны 3,15% құрайды. Бұл ретте 60 пайызға жуық үлесі бар негізгі әлемдік резервтік валюта әлі де американдық доллар болып қала беретінін көреміз. Әрине, 1980 жылдармен салыстырғанда доллардың әсері біртіндеп азайғанымен, жаһандық «жинақтарда» юань үлесі шамалы және көптеген әлемдік елдердің орталық банктері үшін сенімсіз валюта болып саналады. Сонымен қатар, криптовалютаның да долларсыздануға әсер етуі болжанады. Алайда, криптовалюта айналасындағы шу тынышталғаннан бері, оның қауқарын жоғары деп бағалау қиын.
Қорытындылай келе, белгілі бір деңгейде әлем елдері, оның ішінде геосаяси немесе экономикалық факторларға қатысты бәсең болса да долларсыздану тренді жүріп жатыр. Алайда, елеулі мөлшерде долларсыздану тренді жоғары болады деп айта алмаймыз. Себебі, қазіргі әлемдік қаржылық жүйені, экономикалық қатынастарды АҚШ долларынсыз елестету өте күрделі.

Аружан Мауленбай

Соңғы мақалалар

Оқуға