Басты бетЖаңалықтарОтандық кәсіпорынға қысым жасалып жатыр ма?

Отандық кәсіпорынға қысым жасалып жатыр ма?

Алматы қаласында «Түркістан облысында отандық өндіріс орнының қызметіне кім кедергі жасап отыр? Олардың шынайы мақсаты қандай?» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараны Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында орналасқан «Рауан» ЖШС өкілдері ұйымдастырды. Баспасөз мәслихатында кәсіпорын басшылығы мен заңгерлері соңғы айларда компания төңірегінде қалыптасқан жағдайға қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, жергілікті атқарушы органдардың әрекеттеріне алаңдаушылық танытты.

Спикерлердің айтуынша, «Рауан» ЖШС бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отырған отандық кәсіпорындардың бірі. Компания 100-ден астам өнім түрін шығарады. Олардың қатарында халыққа кеңінен танымал «Сарыағаш» минералды суы, Aqua Rossa, Kids Toys, JOY, Aloe Sun және басқа да өнімдер бар. Кәсіпорында 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай және Моңғолия нарықтарына экспортталып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие болған. Алайда компания өкілдерінің пікірінше, соңғы сегіз ай бойы «Рауан» ЖШС негізсіз айыптауларға ұшырап келеді. Олар мұны Дербісек ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесімен байланыстырады.

Спикерлердің мәліметінше, 2022-2024 жылдары ауылды сапалы ауызсумен қамту мақсатында шамамен 2 миллиард теңге көлемінде жоба жүзеге асырылған. Дегенмен бұл бастама мәселені толық шешпеген. Осыдан кейін жергілікті билік тарапынан қоғам назарын басқа арнаға бұру әрекеттері байқалып, жауапкершілікті кәсіпорынға жүктеу талпыныстары жасалған деген пікір айтылды. «Рауан» ЖШС басты заңгері Алия Аралбаеваның айтуынша, мәселенің негізгі түйіні жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын екі жаңа жобаға қатысты. Оның сөзінше, облыс әкімдігі Су ресурстары және ирригация министрлігіне компанияның су пайдалану рұқсатын ұзартпау туралы өтініш жолдаған. Сондай-ақ кәсіпорын өкілдері «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы су пайдалану құқығын ұзарту процесін түрлі себептермен созып отырғанын алға тартты. Бұдан бөлек, Дербісек ауылында өткен жиындардың бірінде инспекция өкілдері компания су ұңғымасы орналасқан жер теліміне меншік құқығынан айырылған жағдайда, су пайдалану құқығынан да автоматты түрде айырылатынын мәлімдеген.

«Рауан» ЖШС бас директорының орынбасары Гүлім Смайлова кәсіпорынның заң аясында жұмыс істеп отырғанын айтып, өндірістің үздіксіз қызмет етуі өңірдегі жүздеген адамның жұмысына және экспорттық әлеуетке тікелей әсер ететінін атап өтті. Баспасөз мәслихаты барысында кәсіпорын өкілдері құзырлы мемлекеттік органдарды мәселені жан-жақты әрі объективті қарастыруға шақырып, бизнестің заңды құқықтарының сақталуына назар аударуды сұрады.

Дербісек ауылының тұрғындары да өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, ауылдағы ауызсу мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ.

«Біз бұл мәселені 2002 жылдан бері көтеріп келеміз. Алайда ұзақ жылдар бойы түрлі себептермен нақты шешім қабылданбады. Кейін су пайдалану келісімінің мерзімі 2025 жылы аяқталатынын білген соң, қайтадан арыздана бастадық. Біз Түркістаннан арнайы Алматыға келіп отырмыз, себебі бұл мәселе ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Бір нәрсені нақты айтқымыз келеді: бүгін баспасөз мәслихатында сөйлеп отырған заңгерлер мен компания басшылығы ауылда жүрмейді. Ал біз сол ауылдың тұрғындарымыз және күнделікті жағдайды өз көзімізбен көріп жүрміз. Осы уақытқа дейін бізге су алу кезінде түрлі қиындықтар туындады. Кешкі сағат 18:00-ден кейін су алуға бара алмайтын кездер болды, кейде қақпалар жабылып қалатын. Тіпті ертеңіне мәселе қалай шешілер екен деп алаңдап жүретінбіз. Ауылдағы нақты ахуалды сырттан келген адамдар толық білмеуі мүмкін. Сондықтан біздің де уәжіміз бен пікіріміз ескерілуі керек», – деді ауыл тұрғындарының бірі.

Соңғы мақалалар

Оқуға