Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана бөлмесінің есігі реставрациялық жөндеу жұмыстарынан кейін Әзірет – Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының «Сирек жәдігерлер» бөліміне орналастырылды. 600 жылдан астам тарихы бар бұл құнды жәдігердің маңызы өте зор болып отыр. Еске сала кетсек, аталмыш Қабірхана есігінің қалпына келтіру жұмысын жақында ғана Алматыдағы «Қырым аралы» ғылыми реставрациялық зертханасы жүргізген болатын. Осыдан соң тарихы терең бұл «қазынаға» қатысты тағы тың деректер анықталып отыр.
Қалпына келтіру жұмыстары барысында белгілі болғандай жарықтар мен деформация салдарынан есіктің ағаштары ыдырай бастаған. Сонымен қатар, есік беті әбден ластанған, кір, май, желіммен бүлінген. Бір кездері оны көпшілікке әдемі етіп көрсету үшін әр түрлі материалдардың пайдаланылғаны да мәлім болып отыр. Демек қалпына келтіру жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, көптеген құнды деректерді сақтап қалудың мүмкіндігі артты деуге де болады.
Айта кетсек, Қабірхана есігінің ағаштарын біріктіретін металл тақталарды зерттеу үшін ғалымдар Ядролық физика институтының қондырғыларын пайдаланады. Ядролық физика институтында жүргізілген рентгендік зерттеу нәтижесі есіктің ішкі бөлігінде күміс және алтын өрнектермен жасалған араб жазулары бар екенін көрсетті. Жүргізілген жүйелі қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, араб әріптерімен өрнектелген жазулар ғалымдардың қызығушылығын арттыра түсті. Қайта қалпына келтірілген құнды қазынадағы сырлы жазулардың құпиясын Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-тарихи-мәдени музей қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы, араб тілінің білгір маманы Сайпулла Моллақанағатұлы ашып берді. Ғалымның сөзінше есіктегі жазуда мынандай сөздер жазылған: «Оның есігінен келіп сұрағандарға Алланың сыйы болады. Алла Тағаланың дәргейіне келіп сұрағандарға Алла береді» дейді. Дәл осы хадисті Қабірхана есігіне жазылғанын көріп, оқып отырмыз. Жалпы зиярат етушілер мен халық арасында да мынадай тәмсіл сөз бар «Арыстанбабқа барып түне, Ахмет Ясауиден тіле» деген. Демек, бірнеше жылдардан бері, халық арасындағы айтылатын осы тәмсіл сөздің де жазба нұсқа бойынша айтылып, ниет етіліп келгеніне куә боламыз» дейді маман.
Ғалымның сөзіне қарағанда, есіктегі ойықтарға әртүрлі материалдардан жасалған (сүйек, қалайы, ағаштың бірнеше түрі) элементтер орнатылған. Араб тілінің маманы «Есіктің оң қақпалығының оң жағында алтынмен жалатылып жазылған сөздерді анық байқаймыз. Хадистер де бар. Пайғамбарымыз айтты дейді: «Бұл дүниеде құрметті болу байлықпен болады, о, дүниеде, ақыретте құрметті болу ізгі істердің көптігінен, жасаған амалдарыңның арқасында болады» дейді.
Бұған дейін Сайпулла Моллақанағатұлы Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бастамасымен жарық көрген «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты кітабында Қабір есігіндегі жазбалардың оқылған бөліктері туралы ақпарат берген болатын.
Тазаланып, қалпына келтірілгеннен кейінгі Қабірхана есігінен көп сөздер анық көріне бастады. Солардың бірінде «Пайғамбарымыз айтты: Ілім іздеу – ол әрбір мұсылман ер кісіге және әйелге міндет» делінген. Тағы бірінде: «Дүние бір сәттік кезең, сол кезде Аллаға бағынуың керек. Пайғамбарымыз айтты: «Сендер уақыты өтпей тұрып намазға асығыңдар, дүниеден өтпей, өлмей тұрып тәубеге асығыңдар» деген сөздерді оқуға болады.
Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін маңдайшадағы анық көріне бастаған жазулар, жалпы ондағы мәліметтер тың дерек саналады. Бұл туралы осыған дейін ешбір жазбаларда жоқ, кездеспейді.
Сондай ақ реставрация жұмысынан кейін Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың аты да көріне бастаған. Есікте «Әулиелердің дәлелі – ол Әулие» Шейх Ахмет деген сөз де байқалып отыр. Ол жерде «Алла ол кісінің рухын киелі қылсын» тіркесі қосыла жазылған. Мысалы біз Мұхаммед Пайғамбарымыздың атын атаған кезде (ғ.у.сс.) салауат айтамыз. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын атағаннан кейін де, «Алла оның рухын киелі қылсын» деген тіркестің пайдаланылғаны туралы деректер бар. Ондай тіркесті кез-келген адамға пайдаланбаған. Әулиелердің аулиесіне ғана айтқан. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өз есімімен емес, Әзірет Сұлтан деп аталуының өзі де түркі халықтары арасында ислам дінінің орнығып, сопылық ілім негізінің қалануына сіңірген еңбегіне деген құрмет пен ізеттен туғаны мәлім.
Енді алдағы уақытта құнды жәдігердегі араб жазуларымен өрнектеліп жазылған көне мұраны зерттеу жұмысы Ясауитану ғылыми орталығы ғалымдарының назарында болады. Құнды жәдігер Қабірхана есігінің әлі де ғалымдарға берер мәліметі мен ашар сыры жетерлік…
Қайта оралған қазына: қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Қабірхана есігіне қатысты тың деректер белгілі болды
