Отан үшін жасалатын қызметтің қашанда орны ерекше. Татулығы жарасқан еліміздің өркендеуі жолында Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция подполковнигі Елена Яврова да абыройлы қызмет атқаруда.
Полиция подполковнигі Елена Анатолийқызы Түркістан облысы Сайрам ауданының тумасы. Ішкі істер саласында 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғаш саладағы еңбек жолын облыстағы Бәйдібек аудандық полиция бөлімінен бастаған тәртіп сақшысы 2000 жылдардан бері Сайрам аудандық полиция басқармасында.
Учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы тікелей халықпен жұмыс жасауды қажет етеді десек, осынау жауапты жұмысты атқару да нәзік жанды полицей үшін оңай емес. Әйтсе де бала күнгі арманына жеткен тәртіп сақшысының мемлекеттік тілге деген құрметі де ерекше. Бұл ретте әр жылдары өткізілген «Мемлекеттік тіл- менің тілім» атты облыстық байқауларда жүлделі орындар алып келеді. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің бірқатар Алғыс хаттарымен де марапатталған. Бұл полицейдің өз қызметіне адалдығы мен табандылығы деуге болады.
«Жұмысымыз халықпен тығыз байланысты болғандықтан, олардың талап-өтініштерін тыңдап, заңдық тұрғыда мейлінше көмек көрсету біздің негізгі міндеттеріміздің қатарында. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметті атқару мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан да қызметімді алғашқы орынға қоямын»,- дейді полиция подполковнигі Елена Яврова.
Сондай-ақ ол ынтымағы жарасқан елде барша жұрттың балалары тату-тәтті ғұмыр кешкенін айта келе, мемлекеттік тілдің маңызын да назардан тыс қалдырмады.
Қызметте білікті полицей Елена Анатолийқызы отбасында аяулы ана. Демалыс кездерінде отбасында түрлі тәттілер пісіргенді ұнататын ол отағасымен екеуі қос ұлын еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуде. Сонымен бірге Елена татулықтың белгісі болған байтақ өлкеде туып өскенін қашанда мақтанышпен айтады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Е.ЯВРОВА: «ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДЕ ТУҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН»
