Полицейлер Түркістан облысының аумағында өткізіліп жатқан “Тасымалдаушы” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу және талаптардың сақталуын бақылау бойынша республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда.
Аталмыш жұмыс барысында полицейлер жүргізушілерден жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарының бар-жоғын тексерді. Жолаушылар мен багажды заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау мен жүргізушілердің жолдарда техникалық байқаудан өтуін және қауіпсіздіктің сақталуын қадағалауды жүзеге асырды.
Тәртіп сақшылары іс-шараның екі тәулігінде 452 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 13 фактісі, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 21 фактісі және міндетті техникалық байқаудан өтпеудің 47 фактісі бар.
Мәселен полиция қызметкерлері Түркістан қаласы маңындағы Қызылорда тас жолында “Хундай Старекс”маркалы автокөлікті тоқтатты. Тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды.
Сондай-ақ облыс орталығы базарларының бірінде жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан “Дэу Нексия” автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Тәртіп бұзған такси жүргізушісіне әкімшілік шара көрілді.
Полиция жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жолаушылар тасымалы саласындағы нормаларды сақтау қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан полицейлер жүргізушілер мен облыс тұрғындарын жолда мұқият және жауапты болуға шақырады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі