spot_img
-7.1 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАзаматтардың денсаулығына қамқорлықпен

Азаматтардың денсаулығына қамқорлықпен

Ағымдағы жылы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде 13 әлеуметтік маңызы бар ауру қалды, оның ішінде туберкулез, онкология, психиатрия, нашақорлық, АИТВ, ревматизм, орталық жүйке жүйесі аурулары, туа біткен жүрек ақаулары және басқа да аурулар. Кепілдік берілген көлемге, сонымен қатар, динамикалық бақылауды қажет ететін аритмия және артериялық гипертензия сияқты 9 жаңа ауру кірген. Мемлекеттік сақтандыру қоры жедел медициналық көмекті, амбулаториялық диализді, шұғыл емдеуді, паллиативтік және мейірбикелік көмекті, сондай-ақ жұқпалы ауруларды емдеуді және сақтандырылмағандарға шұғыл көмек көрсетуді жалғастыруда. Алматы облысының тұрғындары медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында күн сайын қажетті медициналық көмек алуда. Мәселен, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында 50 жастағы науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілген. Әйел адам жантүршігерлік апаттың қатысушысы болып, тек Қонаев қаласының дәрігерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында өмірі аман қалған. Оның үстіне Алматы облыс орталығының дәрігерлері жасаған бірнеше сағатқа созылған сәтті отадан кейін науқастың толық сауығып кетуіне үлкен мүмкіндіктер туды. Науқаста дененің әртүрлі аймақтарында – кеудеде және іште бірнеше ауыр, аралас жарақат болды. Әйелге жансақтау бөлімінде мамандандырылған көпсалалы медициналық көмек қажет болды. Жағдайын тұрақтандырғаннан кейін оған ашық спленэктомия отасы сәтті жасалды. Емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізілді. Науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды, өз бетімен жүріп-тұруы жақсы. Үйіне шыққаннан кейін, ол тұрғылықты жері бойынша, дәрігерлердің амбулаторлық бақылауында болды және толық сауығып кеткенше оңалту курстарынан өтті. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында шала туылған нәрестелердің де өмірлері сақталып қалуда. Салмағы 1-1,5 кг болатын нәрестелерді дәрігер- неонатологтардың және медбикелердің сағат сайынғы көмек көрсетуі, арнайы құрал-жабдықтардың болуы және стерильді жағдайларды қажет ететін жағдайлардың қарастырылғандықтарының арқасында аман алып қалу мүмкіндіктері өте жоғары. Сәбилердің өмірін сақтап қалуды неонатологтармен бірге емдеу мекемесінің директоры, акушер-гинеколог дәрігері Ракишева Айман Галимжанқызы жеке үйлестіреді. Бір шала туылған нәрестені күту процесі үлкен күш пен қаражатты қажет етеді – 3 миллион теңгеге дейінгі қаражат жұмсалады. Неонтатолог Қазбек Сахиұлы Рахманбергеновтың айтуынша, шала туылған нәрестелердің мүшелерінің жетілмегендігі байқалады. Өйткені, нәрестенің жетілуі жүктіліктің соңғы аптасында басталады және сәйкесінше, егер бала ертерек туылған болса, онда өкпе ең жетілмеген мүше болады. Мұндай жағдайларда дәрігерлер баланың тыныс алуының әртүрлі түрлерін қамтиды: инвазивті емес желдетуден механикалық желдетуге дейін. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының перзентханасының жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімі 5 төсекке арналған. Дене салмағы аз, ауыр халдегі сәбилер туғаннан кейін бірден осы палатаға жеткізіледі. Олар ана құрсағына ұқсас жағдайлар жасалған инкубаторға орналастырылады. Балаларға қолайлы температура тұрақты түрде сақталады, оттегімен қамтамасыз етіледі және белгілі бір сағаттарда тамағы қатаң түрде қамтамасыз етіледі. Жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімшесінде стерильді тазалық сақталған. Олар дыбыстарға, жарыққа және басқа да сыртқы тітіркендіргіштерге өте сезімтал болғандықтан, инкубаторлар мен арнайы жамылғылармен және қалпақтармен қорғалады. Бұл балаларға қолайлы жағдай жасайды. Желдеткіш жүйесі арқылы берілетін оттегі ылғалдандырылған және жылы болуы керек. Бірақ инкубаторды қосымша жылыту қажеттілігі әдетте өмірдің екінші және үшінші апталарының соңында жоғалады. Ал дене температурасы өте төмен балаларды бір жарым-екі айға дейін ашық инкубаторларда ұстайды. Балалар үнемі дәрігерлердің, медбикелердің және бөлім меңгерушілерінің бақылауында болады.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында науқасты аман алып қалған тағы бір әсерлі оқиғамен түйіндейік. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының нейрохирургтары, жүйке-жүйесі дәрігерлері және реаниматологтары ми ішіне қан кетудің ауыр түріне шалдығып, медициналық мекемеге ес-түссіз күйде түскен әйелдің өмірін сақтап қалды. Арнайы медициналық орталықтарда алты айлық оңалтудан өткеннен кейін, сауығу мүмкіндіктері жоғары болады деген үміт болды. Дәрігер-невропатолог Гүлнар Нұрлыбекқызы Бөпешбаеваның айтуынша, аурудың бұл түрінің дамуының негізгі себебі – артериялық гипертензия нәтижесінде тамырдың жарылуы. Сонымен қатар, қан кетудің себебі қан сұйылтқыштарды бақылаусыз қолдану, ми артерияларының патологиялық өзгерген қабырғалары, ісіктер және басқа да бірқатар патологиялар болуы мүмкін: «Науқасқа мидың артқы артериясының жарылған аневризмасы диагнозы қойылды. Бұл асқыну кома, парез және аяқ-қолдардағы паралич түріндегі неврологиялық тапшылыққа әкеледі. Компьютерлік томографияның нәтижелері мишықта және ми бағанасында кең көлемде қан кетуді көрсетті, бұл мидың дислокациясына және өлімге әкелуі мүмкін еді. Науқас медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында емделді». Айта кету керек, бұл диагнозбен өмір сүру өте сирек кездеседі. «Мұндай жағдайларда өлім деңгейі өте жоғары пайызға жетеді. Аневризманың қайта жарылуы, церебральды ісінудің күшеюі және үдемелі депрессия қаупіне байланысты», – деп толықтырады операциядан кейін науқасқа ота жасаған нейрохирург дәрігері Марат Римұлы Гизатуллин. Айта кету керек, инсульт алған адам үшін келесі алты айдағы бақылау сақтандыру мәртебесіне қарамастан толықтай тегін. Сондай-ақ миокард инфарктісінен кейінгі алғашқы алты айда бақылау тегін. Статистикаға сәйкес, алғашқы алты ай ең қауіпті болып саналады. Ал дәрігердің бақылауынсыз өлім-жітім жоғары болып кетуі қауіпі де жоқ емес.

Соңғы мақалалар

Оқуға