spot_img
-0.1 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарHALYK OPEN CUP - 2024: 450 ауыл баласының арманы орындалған айтулы футбол...

HALYK OPEN CUP – 2024: 450 ауыл баласының арманы орындалған айтулы футбол турнирі

«Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен Алматы облысы Қарғалы ауылында «HALYK OPEN CUP – 2024» республикалық футбол турнирі өтті.

Ауыл жастарының спортқа деген құштарлығын қолдауға бағытталған бұл іс-шара #АуылФутбол жобасының аясында жүзеге асырылды, бас демеушісі «Halyk» қайырымдылық қоры.

Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 32 команда қатысты. Олар әр облыста өткен HALYK OPEN CUP аймақтық жарыстарының жеңімпаздары. Осыған дейін үздік көрсеткіштерімен ерекшеленген 450 бала.

«Турнирлер көп, бірақ олар көбінесе ауыл командалары үшін  қолжетімсіз. Себебі формаға ақша керек, жарыстарға 50-100 мың теңге аралығында төлем жасау қажет. Одан өзге команданы тасымалдау шығыны бар. Бұл ауыл спортындағы негізгі мәселелер.  Ал бұл турнирде «Halyk» қайырымдылық қорының бас демеушілігімен  команда құрал-жабдықтармен және формамен қамтамасыз етіліп, турнирге қатысу үшін жол ақысы төленді және турнирге қатысу тегін, ешқандай алым жоқ. Бұл жолы еліміздің әр өңірінен келген 450 команданың да барлық шығындарын «Halyk» қоры көтеріп отыр», – дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.

Турнирдің чемпионы атағын Маңғыстау облысынан келген «Намыс-Қызыл төбе» командасы жеңіп алды. Команданың жаттықтырушысы Пердебек Қашқамбаев турнирдің «Үздік жаттықтырушысы» атағын иеленсе, ал Абзал Баймұхан «Үздік ойыншы» атанды. Күміс жүлде Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан келген «Алтын төбе» командасына бұйырды. Бұл команданың шабуылшысы Омар Біржан 11 гол соғып, «Үздік шабуылшы» атағына ие болды. Алматы облысының «RedSapsans» командасы үшінші орынға қол жеткізіп, қақпашысы Нұрәлі Ғаниұлы «Үздік қақпашы» атанды.

«Үздік қорғаушы» номинациясымен Қостанай облысының «Рахат» командасының ойыншысы Артем Риттер және павлодарлық «Заря» командасының ойыншысы Богдан Краузе марапатталды. «FIR PLAY TROPHY» арнайы номинациясы адал ойын үлгісін көрсеткен Ақмола облысы, Целиноград ауданының «SPARTANS» командасына табысталды.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар, атап айтқанда футбол формалары, жаттығу киімдері, доптар және балаларға арналған кітаптар табысталды.

«Бұл жоба «Halyk» қайырымдылық қорының еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарды қолдауға және халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларының бірі. Қор ауылдағы спортты дамытуға осыған дейін 500 миллионға жуық қаржы бөлді.

Сондай-ақ, 2016 жылы Тимур Құлыбаевтың жетекшілігімен құрылған «Halyk» қоры, осыған дейін 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, 85 миллиард теңгеге көмек көрсетті.

Қордың демеушілігінің арқасында #Ауылфутбол жобасы жаңа деңгейге көтерілді. Бір ғана мысал – жобадағы командалар санының қысқа мерзімде төрт есе, яғни 24 командадан 110 командаға дейін артып, жаттықтырушылар УЕФА-ның D санатындағы бағдарлама бойынша обіліктіліктерін арттырды. Қордың қолдауының арқасында балалар футболы жаңа деңгейге көтеріліп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашылды», – дейді «Halyk» қайырымдылық қорының Алматы облысы филиалы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Турнир аясында ауыл жаттықтырушыларына футбол менеджменті, SMM, спортшы балалардың психологиясы, инклюзивті балалармен жұмыс және балалар қауіпсіздігі жөнінде семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өтті. Сонымен қатар, арнайы жаттығу сабағын өткізіп, инклюзивті «Бүркіт» командасы таныстырылды. Команда сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істейтін орталық базасында құрылып, адаптивті футболды насихаттауға үлес қосуда.

Айта кету керек бұл ауқымды жұмыстар «Halyk» қайырымдылық  қоры мен жоба авторы Мәмбетов Серік Болатұлы арасындағы  меморандум аясында атқарылуда.

Соңғы мақалалар

Оқуға