Ағымдағы жылдың 8-12 қыркүйек аралығында қала күні қарсаңында қаламыздың 100-ге жуық жастарының басын қосқан «Jas Camp 2024» лагері өтті. Қатысушылардың қатарында белсенді жастар, волонтерлер және NEET санатындағы жастар болды.
Биыл лагерь «Ақбұлақ» тау-шаңғы курортында өткен. Қала жастары үшін 5 күн бойы түрлі шеберлік сабақтар, тренингтер, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылды. Спикерлер ретінде мемлекеттік орган қызметкерлері, бизнес, білім беру, журналистика және спорт саласының мамандары шақырылған.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, қалада жастарды әлеуметтендіру бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы биылдың өзінде қала денгейінде 1000-нан аса білім беру, экологиялық, мәдени және спорттық шаралар өтті. Оның ішінде, «IQ-ALA jastary», «Jas GALA», Жас сарапшылар мен пікірсайысшылар клубы, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «ALMA CUP», «Youth Nomad» және т.б бар. Бұл жобалардың барлығы жастарды қаланың мәдени-қоғамдық өміріне тартып, олардың жеке дамуына ықпал етіп және бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.
Қатысушылар да лагердегі күндерінің қалай өткені мен әсерлерімен бөлісті.
«Лагерден алған әсерімді айту мүмкін емес. Алғашқы күннен бастап, пайдалы ақпаратпен бөліскен мықты спикерлер келді. Барлығы жоғарғы денгейде өтті. Ең бастысы осы лагерь арқылы ортамызды кенейтіп, жаңа достар таптым», – деді лагерге қатысушы Алшын Әбдікамал.