spot_img
4 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысының фельдшері «Алтын жүрек» сыйлығын иеленді

Алматы облысының фельдшері «Алтын жүрек» сыйлығын иеленді

Елордада Жас мамандарға арналған «Jas Kenes Siylygy» сыйлығының иегерлері анықталды. Бұл марапат елімізде биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Жеті аталым бойынша өткен конкурсқа 700-ден аса азамат қатысуға ниет білдірген. Нәтижесінде әр номинациядан екі жеңімпаз марапатталған. Үздік деп танылғандар қатарында облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының аға фельдшері Дархан Бақыткелді де бар.
Іле ауданы Боралдай ауылының фельдшері «Алтын жүрек» аталымына лайық деп танылған. Дархан 6 жылдық фельдшерлік тәжірибесінде жедел медициналық жәрдем көлігінде аяғы ауыр әйелдерді жолда аман-есен босандырып, жеті бірдей нәрестенің дүние есігін ашуға көмектескен. Бүгінде олардың кіндік әкесі. Сонымен қатар жол апатынан зардап шеккен, хәл үстінде жатқан талай жанды ажалдың тырнағынан алып қалған. Көпшілік Дарханды ісіне адал, білікті маман, өз ортасында абыройлы деп таниды.
«Дархан Бақыткелді Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясында аға фельдшері болып 2019 жылдан бері қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында жеті жүкті әйелді аман-есен босандырып алды. Маман халықтың тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде сапалы қызмет алуына жәрдемдесіп жүр», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, сыйлықтың өзі мен жүлде қорын Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері құрып, ұйымдастырған. Шара бастамашыларының айтуынша, жобаның мақсаты қоғамның маңызды салаларында жұмыс істейтін, өңірлердегі кіші және орта буын жас мамандарды көтермелеу. Сонымен қатар бұл сыйлық әлеуметтік маңызы бар және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға ықпал ету үшін өткізілгендерін жеткізді.

Соңғы мақалалар

Оқуға