spot_img
11 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында Қатерлі ісікке шалдыққан науқас ауруынан құлан таза айықты

Алматы облысында Қатерлі ісікке шалдыққан науқас ауруынан құлан таза айықты

Жамбыл ауданы, Самсы ауылы тұрғынының өкпесінде қатерлі ісік барын тіркелген ауруханадағы дәрігер-терапевт анықтаған. 3 баласы бар науқастың айтуынша, ауру белгілері былтыр желтоқсан айында пайда болған. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әйел қызмет барысында өкпесі қысылып, жиі ентіге берген. Кейін бұл белгілер ауыр жөтелге ұласқан. Бірден дәрігерлер кеңесіне жүгінген. Алдымен кеуде тұсын рентгенге түсіріп, қажетті зерттеулерден өткен. Одан кейін компьютерлік томография тексеруі тағайындалған. Жамбыл аудандық аурухасында терапия бөлімінің меңгерушісі тапсырылған сараптама нәтижесін мұқият шолып, өкпеде қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдігін жеткізген.
«Алғаш естігенде маған өте ауыр болды. Сенбедім. Дәрігердің айтуы бойынша бронхоскопиядан өттім. Бұл тыныс алу жүйесінде, әртүрлі өкпе патологияларын анықтау мақсатында қолданылатын арнайы әдіс. Нәтижесінде терапевт айтқан диагноз расталды. Экраннан ісікті көрсетті», – дейді 33 жастағы науқас.
Дәрігерлер өкпедегі қатерлі ісікті хирургиялық ем арқылы алу керектігін айтқан. Онкология және радиологиялық қазақ ғылыми-зертеу институтына жолдаманы Жамбыл аудандық ауруханасы берген. МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұрғын отадан, оған дейінгі зерттеулердің барлығынан тегін өткен.
«Отаға өзім тіркелген ауруханада дайындалдым. Магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томографиядан өттім. Барлық құжатымды жинадым. 3 күннің ішінде порталда кезегім келді. Ота сәтті өтіп, 20 күн бойы оңалтудан өттім. Ауруымды алғашқы сатысында анықтаған дәрігер-терапевтім Айгүл Қойайдароваға алғысым шексіз», – дейді 3 баланың анасы.
Расымен, дәрігердің ауруды ерте анықтауы, қатерлі ісікті уақытында көзін жоюға сеп болған. Нәтижесінде науқас онкологиялық аурудан құлан таза айыққан. Ешқандай қосалқы, не кешенді емді қажет етпеген. Қазірде жамбылдық азамат онкологиялық есепке алынған. Әр 3 ай сайын медициналық тексеруден, яғни скрининг, қажетті зерттеулерден өтіп тұрады. Мұнымен қоса, жолдама арқылы Алматыдағы онколог дәрігерлердің консультациясын да тегін алады.

Соңғы мақалалар

Оқуға