spot_img
20 C
Алматы
Басты бетБас тақырып"Көз алдымызда бәрі ағып кетті". Баласына су тасқыны туралы хат жазған аудио...

“Көз алдымызда бәрі ағып кетті”. Баласына су тасқыны туралы хат жазған аудио иесі сұхбат берді

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысында су тасқынынан үйі құлаған ер адамның баласына жазған хаты тарап кеткен еді. 

Massaget.kz тілшісі желіде тарап кеткен видеодағы адамдарды тауып, өңірдегі жағдай туралы сұрады.

TikTok-та тараған видео халықтың жан жүрегін елжіретіп жіберді. Өйткені өңірлердегі су тасқыны халықтың жылдар бойы жинаған мал-мүлкінің әп сәтте тас-талқанын шығарды.

“Қалайсың, балам, амансың ба? Әй, ауыл кетті, түгел кетті. Үй де кетті. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім ғой. Балабақшаның төбесіне шығып қарап тұрдық. Ауылдың бүкіл үйі құлады. Қойлар Ойылда тәтенің үйінде, сиырлар Барқында, ат Барқында. Тікұшақпен көрдім, аман-есен, бірақ үйдің құлағанын көзіммен көрдім, дым қалған жоқ, опырылып, судың ішіне түсті. Су деген кәдімгі шатырға жетті ғой. Аман болайық, деніміз сау болсын”, – дейді ер адам баласына әлеуметтік желіде тараған видеода.

Видеодағы ер адам – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисенбин. Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғыны мән-жайды толық айтып берді.

“Екпетал ауылында тұрғаныма 53 жыл болды. Әке-шешемнен қалған қара шаңырақ еді. Үйдің кенжесі болғаннан кейін қара шаңырақты ұстап қалған жайым бар. Бала кезім – бәрі сол ауылда өтті. Ауылымыз суға кетіп, қазір аудан орталығында жатырмыз. Аграрлық колледждеміз. 29 наурыздан бастап осы жақтың жатақханасына орналастырды. Жалғыз Екпетал ауылы емес, Жаңабас, Берсиев елді мекендері жатыр. Суға кеткен үш ауыл”, – дейді Самат Бисенбин.

Ауыл тұрғыны су тасқынына қарсы күні-түні өздері күзет жұмыстарын жүргізгенін жеткізді.

“28 наурызда ауылда күндіз-түні жұмыс істедік, күзетке тұрдық, құм тасыдық. Күндізгі ауысым, түнгі ауысым деген болады. Жаңабаз елді мекенінің жігіттері өз ауылын қорғады. Арамыз – 2 шақырым. Олар таңғы 4-те ауылдарына су кіргізіп алды. Екпетал – Жаңабаз деген тобымыз бар. Олар “ауылымызға су кіргізіп алдық” деп бізге хабарлады. Олардан хабар келгеннен кейін біз де жапа тармағай жұмыс істедік. Бірақ судың толқыны келді, оның үстіне мұз келді, жел, ауа райы кедергі болды. Ауылымыздан айрылып қалдық, су кіргізіп алдық, күшіміз жетпеді. Жартымыз гараждың үстіне, жартымыз балабақшаға қаштық. Мініп үлгердік. Ауылымызды су алып кетті”, – дейді ауыл тұрғыны.

Екпетал ауылында 50 шақты үй, Жаңабаз ауылында 20 шақты үй бар екен. Қазір 70-тен аса шаңырақ аудан орталығына жатыр.

“Шатырдың үстінде тұрып, ауылдың, үйлердің суға батқанын көзімізбен көрдік. Ауылда қалып қойған малдың, дүниенің суға ағып кетіп жатқанын – бәрін көзімізбен көрдік. Бізге көмек 11-ден кете келе бастады. Бірінші Жаңабас елді мекеніне көмек берілді. Қайық жіберді. Қайыққа жел, толқын кедергі болды. Одан көп көмек болмады. Оның көмегі: халықты бір жерге жинады. Одан кейін тікұшақ шақырттық. Ол да кешігіп келді. Әйтеуір адам шығыны болған жоқ”, – деді Самат Бисенбин.

Ауыл тұрғынының айтуынша, желіде тарап кеткен аудионы баласына мән-жайды хабарлау мақсатында жіберген.

“Өзім отбасылымын. Екі балам Ақтөбеде. Бір балам оқиды, бірі жұмыс істейді. Жұмыс істейтін балам 3-4 күннен бері менен хабар ала алмаған. Ағайын-тумам да хабар ала алмаған. Ауылда қызмет істеп жүрдім, 28-і күні мал шығару керек болды, адамдарды ауданға шығару керек болды. Солай көмектесіп жүргенде телефонымның қуаты таусылған. Телефон қарайтын уақыт та болмады. Аудан орталығына жеткеннен кейін барып телефонымды қосып, ағайын-тумама, балама жауап берген сәтім”, – дейді ол.

Бұл Екпетал ауылында болған бірінші тасқын емес екен. Кейінгі 3 жылда үш рет болған.

“Бәрі көз алдымызда кетті. Мынау – болып отырған төртінші жағдай. Ең бірінші 1993 жылы болды. Онда да осылай ауыл болып сақтап қалдық. Одан кейін араға 29 жыл салып, 2022 жыл болды. Содан кейін 2023 жылы болды, биылғы – төртіншісі. Әкімшіліктен келіп, көріп кетіп жүрді. Бірақ “бұрынғыдай қауіп жоқ” деді. Сосын халық алаңсыз жүрді. Алдын ала ескерту беру керек еді. Су келе жатқан соң мұздың бәрін алдын ала жару керек еді. Ондай жұмыс істелген жоқ. Аудан орталығында жалғыз үлкен көпір бар еді, ол да бұзылды. Одан кейін су бізге келді. Бізге тақалғанда ғана айтылды”, – дейді тасқыннан зардап шеккендердің бірі.

Екпетал ауылының тұрғынының сөзінше, қазір колледждегі жатақханада 100 адам жатыр. 

“Облыс әкімі келді. “Комиссия құрамыз, көреміз, есептейміз, содан кейін жиналыс ашып, нәтижесін айтамыз” дейді. Үй салынғанша деп уәде берді (жатақханада тұруға – еск.). Олардың да жұмыстары бар, қай уақытқа жатқызатынын білмеймін. Тамақ, бәріне қазақ елі көмектесіп жатыр. Үкіметтен тамақ ішіп жатқан жоқпыз, Үкіметтің киімін киіп жатқан жоқпыз. Қазақ елі, блогерлер, кәсіпкерлер, жалпы айтқанда, көмек беріп жатқан – қара халық”, – дейді Самат Бисенбин.

Енді су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғыны өзіне де, өзгелерге де тезірек үй берілсе деп тілейді.

Соңғы мақалалар

Оқуға