spot_img
14 C
Алматы
Басты бетБасты бетМайқайыңда қаза тапқан құтқарушылардың отбасына 4,5 миллион теңгеден берілді

Майқайыңда қаза тапқан құтқарушылардың отбасына 4,5 миллион теңгеден берілді

“Майқайың” кенішінде қаза тапқан құтқарушылардың отбасына 4,5 миллион теңге материалдық көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

“Оның ішінде “Майқайың-алтын” АҚ 2 миллион теңге төледі, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы 500 АЕК немесе 1 миллион 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті, сондай-ақ, жерлеу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 200 теңге, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 94 АЕК немесе 347 000 теңге мөлшерінде төлем жасалды”, – делінген хабарламада.

Әкімдік бұл төлем мәйіті табылған екі құтқарушының отбасына берілгенін хабарлады.

Осындай төлем жоғалған құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, олардың денесі табылған жағдайда немесе “қайтыс болды” деп танылса, қалған отбасыларға да беріледі. Сонымен қатар отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады (18 жасқа толғанға дейін отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған адамға ай сайынғы төлем).

“Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және “Майқайың-алтын” АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтап жатыр. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есе көп. Төлемдердің нақты сомасы іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланады”, – деп хабарлады облыс әкімдігі.

Соңғы мақалалар

Оқуға