spot_img
14 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтар«Қазыналы қария – телегей-теңіз дария»

«Қазыналы қария – телегей-теңіз дария»

Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты тиімді ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетті іске асыру үшін жағдай жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осындай елеулі іспен елімізде қазіргі таңда «Зейнеткерлік жастағы, оның ішінде созылмалы соматикалық аурулары бар қарт адамдарға арналған күндіз болу орталығы» да айналысады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай бұл орталық халықтың мәдениетін, дәстүрін ұлықтау мақсатында қариялар арасында этно жарыс өткізді.

Исмайылов Рустем Әжібекұлы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:

– Жастарға бағдар беріп, батасымен жол ашқан, ел ертеңіне тілекші қарияларымызды келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Біз әрқашан қарияларымызды қадірлеп, ардагерлерімізді ардақтаған елміз. Бүгінгі таңда Алматы қаласының әкімдігі, қаланың ардагерлер кеңесімен бірге қарияларымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Аталмыш шара соның көрінісі  іспеттес. Ардақтыларымыздың мәдени-рухани өмірге араласуына бар жағдай мейлінше жасалуда. Қазіргі уақытта ауданымызда 22 000-ға жуық зейнеткер, Ұлы отан соғысының 10 ардагері, еңбек майданына қатысқан 596 зейнеткер бар. Ауданымызда  жұмыс атқарып келе «Зейнеткерлік жастағы, оның ішінде созылмалы соматикалық аурулары бар қарт адамдарға арналған күндіз болу орталығы» өзінің тиімділігін көрсетуде.

Бекетаева Сауле Станиславовна, «Алматы қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-нің директоры:

– «Қарттық деген не?» десем, өзгелер кейде «сөнген жанар» дейді. Бірақ өз қарым-қабілетімен, әлі де болса шаршамай-талмай, мысалы күні кеше ғана Милан қаласын бағындырып келген қарияларымыздың ынсап-ниетін көріп, қалайша ол кісілердің көзінен жалын кетті деп айта аламыз. Бүгінде ата-апаларымыздың бұл бет-алысына көптеген  шет ел өкілері таңдана  да қызыға қарап, мақтап жүр. «Жаратушы ие бізді жаратты, ал бақытты ішкі жан дүниемізге қондырды» дейтін пайым бар. Соның ішіндегі қарттық бақытын сезінуге мүмкіндік аша алғанымызға, сол мүмкіндік арқылы белсенді өмір сүру философиясы замандастарымыздың арасында аса ыждағаттылықпен дәріптеліп жүргеніне шын қуаныштымын. Әлемдегі орташа ең ұзақ 84 жас жасайтын халық жапондықтар болса, сол межеге жету, және озу бақыты бізге де бұйырсын деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қарттарымыз ғұмырлы болсын.

Алтынбекова Еңлік Ерланқызы, «Зиялылар» қоғамдық қорының директоры:

– Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз «Тәуелсіздік -тұғырым» ұранымен, егемендік алғанымызға 32 жыл толуын тойлау. Және де аға буыннан үлгі алып, ескіріп бара жатқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді жаңғырту. Десе де, ең басты мақсатымыз сайысқа қатысқан аудандармен байланысты нығайтып, ауызбіршілікті арттырып, бір-бірімен тәжірибе алмасу болды.

Шараға Алматы қаласының барлық ауданы қатысты. Сайысты «Зиялылар» қоғамдық қоры қаржыландырып, 4 жүлделі орын (бас жүлде, І, ІІ, ІІІ) мен алты номинация қарастырды. Сайыс үш кезеңнен тұрды. (таныстыру, қойылым, сән көрсету). QAZ MEDIA орталығынан жастар келіп, өз өнерлерін паш етіп, ұрпақтар сабақтастығын көрсеткенін де тілге тие кетпесе болмас.  

Шакирова Тамара Мухтархановна, Ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Қазақта «Қазыналы қария – телегей-теңіз дария» деген сөз бар. Бүгінгі ұрпақ, аға буынның Тәуелсіздік жолындағы жанкешті ерлігін ұмытпау керек.  Дегенмен кіші буынның құрметіне де мына біз ардагерлер лайық болуымыз маңызды. Жастарды тура жолға бағыттайтын да, ақыл-кеңес беретін де – мына біз. Өмірді беретін де, алатын да – Құдай. Сондықтан қартайдым, әлім құрыды деп бүк түсіп жатқанша, бейнетіңнің зейнетін көретін шақта қайта оттай лаулағанға не жетсін.

Сулеева Гульнар Толегенқызы, Медеу ауданы, Думан ардагерлерінің кординаторы, жарысқа қатысушы:

– Алматы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының басын қосып осындай іс-шараның өткені көңіл қуантады. Бұл қазағымыздың дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау, дәріптеу, кейінгі ұрпаққа көрсету үшін таптырмас шара. Біз бұл жарыста этно дегеннен кейін бұрынғы ескіріп, ұмытылып кеткен дәстүрді, адам ғұмырының әр жасына арнайы тігілген ұлттық нақыштағы киімдерді көрсеттік. Жанымызға серік қылып, кішкене немере-шөберелерімізді де ерте келдік. Өйткені жас кезінен бастап, осындай тәртіп пен тәрбиені көрген ұрпақ, ұлттың негізгі тірегі болатыны анық. Сондықтан да біз Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында, тамшыдай болса осы істе үлесімізді қоссақ деген ниетпен бүгінгі шараға қатысып отырмыз. Сайысқа қатысқан әжелеріміздің жас ерекшелігі  62-ден 86 жасқа дейін. Әр қайсысы өзінше бөлек бір төбе. Бәрі шет-шетінен өнерлі, шешен әрі шебер. Тіпті сайыстағы қойылым кезеңінде орындалған әннің өзі, осы әжелеріміздің өз туындысы. Бұл елге, ұйымдастырушыларға және сахнаға деген құрмет пен пейіл. Әрине жарысқа қатысты әттең-ай дейтін тұстары да бар. Әсіресе әр ауданда іріктеу кезеңін жолға қою, шараны масштабтау жайлы ұсыныстар бар. Келесі жолға соларды да ескерсе екен деген тілегіміз бар. 

Жалпы сайыс тартысты әрі қызық өтті.

Ұлттық құндылық пен мәнге ие, қарияларымыздың шат-шадыман сәттерінің жарқын бейнесі мен тартысқа толы шара қорытындысы келесідей көрініс тапты:

Номинация иегерлері:

«Дәстүрлі әже» номинациясы – Алмалы ауданы;

«Батыр әжелер» номинациясы – Алатау ауданы;

«Сәнқой әжелер» номинациясы –  Бостандық ауданы;

«Тапқыр әжелер» номинациясы – Наурызбай ауданы;

«Шебер әжелер» номинациясы  – Әуезов 1 аудны;

«Көрермендер көзайымы» номинациясы – Жетісу ауданы;

Жүлделі орын иегерлері:

3 орын – Әуезов 2 ауданы;

2 орын – Түркісіб ауданы;

1 орын – Медеу ауданы;

Гран при  – Алматы қалалық тобы.

Нұрбол Жылыс

Соңғы мақалалар

Оқуға