spot_img
14 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарДер кезінде жасалған ота мидағы анверизма тамыры үзілген науқастың өмірін сақтап қалды

Дер кезінде жасалған ота мидағы анверизма тамыры үзілген науқастың өмірін сақтап қалды

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері кезекті күрделі ота жасап, бір адамды ажалдан арашалап алды. Аурухананың невропатолог, инсультолог және қан-тамыр хирургтері аневризмаға шалдыққан тамыры үзіліп, миына қан кеткен пациентке кешенді көмек көрсетті.
39 жастағы пациент ауруханаға аса ауыр халде жеткізілген. Жедел жәрдеммен келген кезде оның басы мен мойын тұсы ауырып, жарыққа қарай алмаған, қан қысымы да қатты көтеріліп кеткен, деп хабарлайды аурухана баспасөз қызметі.
«Қабылдау бөлімінде бірден тексеру жүргізілді. Компьютерлік томография барысында миға қан құйылғаны белгілі болды. Невропатолог пен нейрохирургтер естіп-қабылдау, түйсіну қабілетінің де нашарлағанын анықтады», – дейді қабылдау бөлімі меңгерушісі Асылбек Ембердиев.
Мультидисциплинарлық тексеруден кейін селективті церебральды ангиография жасау туралы шешім қабылданды.
«Ангиография барысында мидың алдыңғы дәнекер тіндерінен қапшық тәріздес аневризма табылды. Бірден эмболизация жасалды. Сонымен қатар, аневризмге шалдыққан тамырдың төбесінде дивертикул (тамырдың өте жіңішке әрі жарылуға бейім тұсы) барын байқадық. Отадан кейін пациент жансақтау бөліміне ауыстырылды. Жағдайы тұрақтанған соң №1 инсульт бөлімшесіне көшірілді», – дейді қан-тамыр нейрохирургиясы бөлімшесі меңгерушісінің м.а. Қуаныш Никатов.
Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды. Қазір 39 жастағы науқас отбасына оралды. Пациенттің аяққа тұруына қан-тамыр нейрохирургі – Қуаныш Никатов, Айбек Тұралиев, анестезиолог – Олег Будаков, операциялық медбике – Айнұр Нұралиев сынды операциялық блок бригадасы, Инсульт бөлімшесінің дәрігер-невропатологтары Жандос Зарпуллаев пен Оксана Антонюк атсалысты.
Қабылдау бөлімінің невропатолог маманы мен қан-тамыр хирургтерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде пациент тиісті тексерулерден өткізілді, дұрыс диагноз қойылып, операция жасалды. Сонымен қатар, ота жасалғанына қарамастан, миға қан құйылғаннан кейін 14-ші және 21-күн аралығында мидың ортаңғы күретамыры тарылып, спазм қалыптасу қаупі пайда болады. Осының алдын алған бөлімше инсультологының да еңбегі зор.
№7 аурухананың инсульт орталығы ІІІ-деңгейлі орталықтар қатарына жатады. Онда инсульт алған пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде үзілген аневризмаға ангиографиялық аппараттың көмегімен эндоваскулярлық ота жасалады. Емдеу-диагностика мультидисциплинарлық принцип бойынша жүргізіледі. Оған ерте оңалту, инсульттің қайталануына жол бермеуге бағытталған шаралар кіреді. Аурухана мамандары сондай-ақ, ауыр халдегі науқастарға консультация беріп, ем-дом тактикасын анықтау үшін басқа қалаларға да шығып тұрады.
Дәрігерлердің айтуынша, миына субарахноидальды қан құйылған пациенттердің 80 пайызында мидан қапшық тәріздес аневризма табылады. Және ол тек оперативті жолмен емдеуді талап етеді. Әдетте, мидағы қан тамырларының аневризмасы көп жағдайда ешқандай белгі бермейді. Көбіне бұл диагноз пациент невропатолог мамандарға қаралған кезде аяқ-астынан анықталып жатады. Статистикаға сәйкес, аневризмаға шалдыққан тамыр жарылған 10 науқастың 4-еуі стационарға жете алмайды. Аневризма екінші рет үзілген жағдайда пациенттің өміріне төнетін қауіп еселене түспек.

Соңғы мақалалар

Оқуға