spot_img
14 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлдағы бір жылға жарна төлеген азаматтарға сақтандыру мәртебесі беріледі

Алдағы бір жылға жарна төлеген азаматтарға сақтандыру мәртебесі беріледі

Алматы қаласының 1,7 миллионнан астам тұрғыны бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысады. Олардың бәрі МӘМС пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдаланып келеді. Алайда 444 мың адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.
Оңтүстік астанадағы №11 Қалалық емхана директоры Нұрлан Отарғалиевтің айтуынша, сақтандыру жүйесіне қатысудың өзіндік артықшылықтары бар. Себебі МӘМС пакетінде қатардағы қызметтерді былай қойғанда, құнын көпшілік қалтасы көтере бермейтін көмек түрлері де баршылық. Сондықтан медициналық көмекке кез-келген уақытта жүгіну үшін қазірден бастап сақтандыру мәртебесін алуды ойластырған дұрыс.
«МӘМС пакеті медициналық көмектің көптеген түрлерін қамтиды. Жұмыскерлерді жұмыс беруші, балалар, мүгедектер, зейнеткерлер сынды 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтарды мемлекет сақтандырады. Ал, өз бетінше жұмыс істейтін дербес төлеушілер жарнаны өздері аударады», – дейді Нұрлан Отарғалиев.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар сақтандыру статусына ие болу үшін екі түрлі тәсілді пайдалана алады:
Біріншісі – алдағы 12 айға жарна төлеу. Ағымдағы айда статусқа ие болу үшін 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қазанына дейінгі аралық үшін әр айға 3500 теңгеден (бұл ең төменгі жалақының 5%) жарна төленеді. Жарнаның жалпы сомасы 42 мың теңгені құрайды. Сол арқылы алдағы бір жыл бойы жоспарлы медициналық көмекке кедергісіз жүгінуге болады. Егер төлем уақыты айдың соңына тұспа-тұс келсе, жарнаны келесі айдан бастап төлеген дұрыс.
Екіншісі – өткен 12 айға жарна аудару. Бұл тәсіл өткен 12 ай ішінде бірнеше айға төлем жасаған азаматтар үшін тиімді. Ондай жағдайда жарна төленбеген айлар үшін ғана төлем жасалады.
Еске сала кетсек, сақтандыру мәртебесі мен МӘМС жүйесіне қатысты толық ақпаратты Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7, мобильді қосымшасы, Saqtandyry телеграм-боты мен fms.kz ресми сайты арқылы алуға болады. Сонымен қатар, қызмет банктердің мобильді қосымшалары арқылы да көрсетіледі.

Соңғы мақалалар

Оқуға